ЖАМАШЕВ Ахмет Төлеуғазыұлы

BAG_5125.JPG

ЖАМАШЕВ Ахмет Төлеуғазыұлы,

«АҚШЫҢ» ЖШС слесарь-сантехнигі

ӨМІРІ – ӨНЕГЕ, ТҰЛҒАСЫ – ӨР АЗАМАТ

Ширек ғасырлық тарихы бар «Ақшың» корпорациясы бүгінде береке-бірлігі жарасқан ұжымға айналды. Әркім өзіне жүктелген міндеттерді аса жауапкершілікпен атқарып, серіктестіктің беделін де, ынтымағын да арттырып келеді. Ұжымға сыйлы, өз ісін жетік меңгерген осындай азаматтардың бірі – Ахмет Төлеуғазыұлы. 20 жылдық еңбек өтілі бар қарапайым жұмысшының қолынан келмейтіні жоқ. Мұны білетін ұжым мүшелері мен кәсіпкерлер қолынан балғасы мен тістеуігі түспейтін ағамызға әбден сеніп алған.

Ахмет Жамашев – Жоламан кентінің тумасы. Екі баланың асқар таудай әкесі. Бүгінде елуді алқымдап қалған ағамыз серіктестікке 1998 жылы жұмысқа орналасқан.

— «Семей базарында» еңбек етуіме Марат Серікжанұлы мұрындық болды. Ағамызды бала кезімнен жақсы білемін. Бәріміз бір кентте дүниеге келгенбіз. Марат ағаның қарындасымен №21 мектепте, артынша №13 мектепте бірге оқыдық, — дейді қарапайым жұмысшы.

1998 жылы Марат Құрманбаймен бір кездесу кезінде, білікті басшы қал-жағдайды сұрап, жұмысқа шақырды. Ол кезде өздеріңіз білесіздер, «екі қолға бір күрек» табу қиын болатын. Содан, ағамның ұсынысын қабыл алып, жұмысқа кірісіп кеттім, — деп еске алады Ахмет Төлеуғазыұлы.

Кейіпкеріміз «Семей базарындағы» әу баста қолға алынған құрылыстарға қатысқандардың бірі. Межеленген жобалар жүзеге асқаннан кейін Дальный кентіндегі базаға жіберіліп, темір дәнекерлеудің қыр-сырын меңгерген. Сауда орындарына қажетті павильон, түрлі сөрелерді жасап, тапсырыстарды уақытылы орындап отырыпты. Ахмет Жамашев бүгінде хас шебердің өзі деуге лайықты жан. Слесарь-сантехникке жүктелген міндеттерді аса жуапкершілікпен атқарып қана қоймай, үлкен залдардағы эскалаторларды жөндеп, ұсақ-түйек шаруаның барлығын тындырып-ақ тастайды. Сол үшін талай мақтау қағаздармен және алғыс хаттармен марапатталған. Түрлі мерекелік шараларда киіз үй тігудің қыр-сырын тек осы ағамыздан ғана сұраймыз, — дейді әріптестері.

— Атамыз қазақ айналасындағы жақсы адам туралы сөз қозғайтын болса, бірден «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген нақылға жүгінеді. Бұл орынды да, өйткені жақсы адам әрқашан өзі жүрген жерінде бір ілтипатқа бөлене жүреді. «Ақшың» корпорациясының президенті, өр тұлғалы азамат Марат Серікжанұлын осындай жандардың қатарына жатқызар едім, — дейді Ахмет Жамашев, — елге сыйлы жанның жақсылығы мен азаматтық қолдауын мен де талай жылдар сезініп келем. Марат Құрманбай мырза – тура мінезді, өмірі өнегелі, ішкі мәдениеті аса жоғары, халқына сыйлы, ұрпақ қамын жеген санаулы жандардың бірі. Өмірі – өнеге, тұлғасы – өр азамат. Асыл арман мен ерен еңбек адамды биікке жетелейді, көкке кең құлаш жая самғатады емес пе? Олай болса, осындай ірі сауда орталығын басқарып отырған Марат Серікжанұлына және берекесі жарасқан ұжымға тек биік белестерді тілеймін, — деп ағынан жарылады ағамыз.

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ