АЙНАБЕКОВ Мейрамхат Кәрібекұлы

орнамент.jpg

Айнабеков.jpg

АЙНАБЕКОВ Мейрамхат Кәрібекұлы, қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы

кәсіпкерлер Кеңесінің мүшесі (2005-2010 жж.), «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының

негізін қалаушылардың бірі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері

КЕЛЕЛІ ІСТІ КЕМЕЛІНЕ КЕЛТІРГЕН

Кеңестік кезең келмеске кетіп, еліміз егемендік алған жылдары барлық сала тоқырауды бастан өткерді. Нарықтық экономикаға бет бұрған жас мемлекет үшін отандық экономиканың еңсесін тіктеу мен бизнестің бағытын дұрыстау оңай болған жоқ. Дегенмен, орын алған кедергілерді бағындыруға қолынан іс келетін азаматтар белсенді атсалысты. Бір бойына батылдық пен қайраттылық, өжеттілік пен қайсарлықты жинаған Марат Құрманбай сол азаматтардың қатарында болды.

Тоқсаныншы жылдардағы сауда мен қазіргі таңдағы бизнесті салыстыруға келмейді. Арасы жер мен көктей. Ал осы айырмашылықты жасау үшін қаншама тер төгілді? Ала дорбасын арқалап қалған жұртқа жұмыс орнын тауып, сауда мәдениетін қалыптастырып, үйрету – сол кезеңнің басты талабы еді. Мен айтып отырған Марат Серікжанұлы бұл жұмыстарға аса жуапкершілік танытып, тыңғылықты дайындалды.

Шыны керек, ілкімді істерді ойдағыдай жүзеге асыру жалғыз адамның қолынан келмейді. Осы орайда, Маратқа құдай қосқан қосағы, сүйікті жары Айсұлу Ақанқызы үлкен қолдау көрсетті десем артық айтқаным емес. Талай қиындықтарды еңсеруде ол жолдасының ақылына ақыл қосты, жігерін қайрады. Жанашырлық танытып, көңіліне демеу болды. Ертеңгі күнге деген үрей болса да, шаңырақтың шаттығын арттырып, бала-шағасына қамқорлық танытты. Отбасының ұйытқысына айналып, қандай күдік болса да іште сақтауға тырысты. Бұл – әйел адам үшін нағыз сынақ еді. Бұл сынақтан сүрінбей өту үшін Айсұлу Ақанқызына беріктік пен төзімділік аса қажет еді. Тірегінің санасына жарық сәуле түсіруден жалықпаған жарқын жан, не болса да шаңырақтың нұрлы шамын жарқыратып жақты. Заты әйел болса да, қазақтың намыс қайрағына айналған бекзаттығымен сол тар уақытқа кең болып жарасты. Кемелдене түсті. Ер азаматқа тән мінез көрсетіп, нардың жүгін бірге көтерді.

Ерлі-зайыптылар бәрін де жеңе білді. Нарықтық заманда кәсіпкерліктің кілтін тауып, тоқырау заманда «екі қолға бір күрек іздегендерге» жұмыс орындарын ашты. Әсіресе, шиттей балаларымен жалғыз қалған нәзік жандылар осы базарға келіп, жан бақты. Еңбек етті, балаларын жеткізді. Мұның сыртында саудаға келіп, жағдайын түзеген бір-бір диплом иесі мамандар қаншама?!

Кеше ғана төрт қабырғадан басталған қарапайым ғана базар бүгінде «Ақшың» корпорациясына айналды. Ерлі-зайыпты Марат Серікжанұлы мен Айсұлу Ақанқызы тек Семей, шығыс өңірі емес, бүкіл елге танымал, тәжірибесі мол, әбден ысылған, шоқтығы биік кәсіпкерлерге айналды. Өсті, өркендеді. Мұның сыртында Айсұлу кеудесінде орден, медальдар жарқырамаса да, халқының шынайы ықыласына бөленді.

Бизнесте әлеуметтің әлеуетін арттырған жұмыстар аз болған жоқ. Ширек ғасырда жеткен жетістіктер ұшан-теңіз. Қазір биік белестерді бағындырып үлгерген Марат Серікжанұлы мен Айсұлу Ақанқызы алдағы уақытта да бизнесті тізгіндеп, ойдағы мақсат-мұраттарға жету жолында иглікті істерді атқарары сөзсіз. Демек, келелі істі кемеліне келтірген екеуі алдағы әлі талай асулар мен асқарларды қол ұстасып, бірге бағындырады.

«Ақшың» бүгінде 3 мыңға жуық кәсіпкерді жұмыспен қамтып отыр. Бұл – қуантарлық іс. Демек, толағай табыстың әлі де еселенері шындық. Тек адал еңбек пен ізденіс тоқтамаса болғаны.

Жүрдек уақыт та, зымыран заман да өтер. Ұрпақты ұрпақ алмастырады. Олай болса, бүгінде 25 жылдығын атап өтіп жатқан «Ақшың» ғасырлық, тіпті екі ғасырлық тарихын да бастан өткерсін деген тілегім бар.

орнамент.jpg

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ