ТЛЕУБЕРДИНОВА Рыскен Ақанқызы

ТЛЕУБЕРДИНОВА Рыскен Ақанқызы,

зейнеткер

SCAN_20181214_130509078_011.jpg

Рыскен Ақанқызы 1956 жылы 10 сәуірде Семей шаһарында дүниеге келген. 1972 жылы қаладағы №7 мектеп-интернатты тәмамдаған. Жастайынан еңбекке араласқан өрімдей қыз еңбек жолын 1974 жылы жүн өңдеу фабрикасында бастады. Ол кезде дүркіреп тұрған өндіріс ошақтарының біріндегі химиялық зертханада лаборант болып ұзақ жылдар еңбек етті. Дәлірек айтқанда, 1974-1980 жылдар мен 1983-2001 жылдар аралығында бір жұмыс орында тер төкті. Талмай еңбектенді.

1997-2002 жылдары «Семей базары» серіктестігінде асханада кассир болып жұмыс істеді. 2002 жылдан бастап, 11 жыл көлемінде, яғни 2013 жылға дейін «Ақшың» корпорациясында бақылаушы (контролер) болып еңбек етті. Жолдасы Тоқтарбек Нұрахметұлы екеуі 5 бала тәрбиелеп өсірді. 7 немересі бар.

ЖҰМЫСТЫ ШЫНАЙЫ ҚҰЛШЫНЫСПЕН АТҚАРДЫҚ

Бүгінгі таңда ер азаматтармен бірге ауыр еңбекке араласып, отбасының ұйытқысы болған нәзік жандылар жетерлік. Күнделікті күйбең тіршіліктің аясында қазаны оттан түспей, отағасы мен бала-шағаның да жағдайын реттеп үлгереді олар. Осындай жаны жайсаң жандардың бірі – біздің кейіпкеріміз Рыскен Ақанқызы. Қазір зейнеткерлікте болса да өткен өмір жолдары дәл біз айтып отырған батыл да еңбекқор нәзік жандылардікіндей. Бұрынғыша айтсақ — базар, қазіргі заманауи тілмен жазсақ — сауда орталығында контролер болып қызмет ету оңай емес. Аптап ыстықта, үскірік аязда сауда орындарын аралап, жүктелген міндеттерді орындауда ерік-жігер танытқан мейірімді жанның еңбегін бүгінде ұжымда бәрі мақтан етеді.

— Адал еңбектің өтеуі қашанда болатыны ақиқат, — дейді Рыскен Ақанқызы, — өткен ғасырдың 70-жылдарынан еңбек жолын бастап, талай қиындықты еңсердік, қызық-қуаныштың куәгері болдық. Осындай қиыр-қиыр жолдан қалай өттім деп те кейде таңғаламын. Қандай жұмыс болсын, басты ұстанымым — адалдық, ұлттық салт-дәстүрлеге бабалар аманаты ретінде қарау, ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен жұмысқа шынайы құлшыныс таныту болды, — деп еске алады зейнеткер.

Сондықтан да болар Рыскен Тлеубердинованың еңбекте жеткен жетістігі аз емес. Бүгінде туысқа сыйлы, қоғамға құрметті жандардың бірі. Бала-шаға өсіріп, немерелерінің қызығын қызықтап отыр. Бір Жаратқанның осы зейнетіне шүкір дейді.

Айтуынша, ұжым — отбасы секілді. Өткен күндер еншісінде қалған еңбек жолдары бүгінде қайта келмес, сағымға айналған. Бірақ, өзі тер төгіп, өркендеуіне үлес қосқан «Ақшыңды» ұмытқан емес. Берекесі қайнаған, мақсаты айқын ұжымды ширек ғасырлық мерейтойымен құттықтаған кейіпкеріміз, серіктестікке тек жақсылық тілеймін деп ағынан жарылды.

— 25 жыл — еңбекпен өрілген өмірдің нәтижесі. Олай болса, білікті басшы мен іскер кәсіпкерлердің өнегелі жолы көпке үлгі болып, елдің әл-ауқатын арттыруға қызмет ете берсін, — дейді Рыскен Ақанқызы.

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ