РЫСЖАНОВ Әсет Мұратұлы,
кәсіпкер
Әсет Рысжанов Мұратұлы 1968 жылы 6 тамызда Семей қаласында дүниеге келген.
1975-1985 жылдары шаһардағы №30 мектепте білім алды.
1987-1993 жылдар аралығында Алматы сәулет-құрылыс интситутында «Өндірістік-азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша оқыды.
1995-1999 жылдары «Богас» фирмасында менеджер болып еңбек етті.
2001 жылдан бері «Семей базарында» кәсіпкерлікпен айналысады.
Жұбайы — Айгүл Рысжанова. Ұлы Айбек Атырауда «Шлюмберже» фирмасында жұмыс істейді.
САПАЛЫ ТАУАР – СЕНІМ КЕПІЛІ
Кәсіпкерлік дәлдік пен есептілікті талап етеді. Тынымсыз еңбек пен ерік-жігер өз алдына. Осындай қабілеттерді бір басына серік еткен белді кәсіпкерлердің бірі Әсет Рысжанов «Ақшың» корпорациясында 2001 жылдан бері еңбек етіп келеді. Алғашқы жылдардағы қиындықтар мен бизнес жолындағы кедергілерді есептемегенде, қазіргі таңдағы жетістігі көңіл қуантады. Екі қарындасын да жанына алған азамат сауданың қыр-сырын меңгеріп, тұтынушыларға сапалы әрі заманауи тауар ұсынады. Сағаттың түр-түрін саудалған кәсіпкер уақытты тиімді пайдаланады. Ізденімпаз, бір орында тұраламай, жеткен жетістіктерді еселеуге жаны құштар. Ол үшін де жағдай бар.
— Неге десеңіздер, корпорация басшылығы әрқашан кәсіпкерлердің жағдайын ескеріп, санасуға дайын, — дейді Әсет Мұратұлы, — кез-келген уақытта орын алған мәселелерге құлақ түріп, оңды шешуге ықпал етеді. Бизнесті өркендету мен сауда-саттықты ширатуға да барлық жағдай қарастырылған. Болашақта сауда нүктелерінің қатарын арттырар болсам, негізгі сауда орны, сөз жоқ, «Ақшыңда» болады.
17 жылдан астам уақыт кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан Әсет Рысжанов бүгінде әбден шыңдалды, бизнесте төселді. Басты қағидасы – адал жұмыс істеу. Қазір оңтүстік астанамыз Алматымен, тіпті Мәскеумен тікелей байланыс орнатқан. Тауарларды осы қалалардан алдыртады. Реті келсе, өзі барып, әкеледі. Сапалы тауарға сұраныс та артып келеді, — дейді кәсіпкер. Сондықтан, болашақта ресейлік тауарлардың жеке бутигін ашу да жоспарда бар.
Әсет Мұратұлының айтуынша, қазір қоғамның саудаға деген көзқарасы өзгерген. Бұған қоса, кәсіпкерлер де қара халыққа жылы қабақ танытып, тұтынушы сұранысын қанағаттандыруға ерекше мән береді.
— Бұрын ондай болмайтын. Жылдам тауарды өткізіп, ақша тапсам деп ойлайтынсың. Қазір жағдай өзгеше. Бастысы — әр тұтынушыға ерекше көңіл бөліп, сапалы тауар ұсыну. Осындай қағидамен жұмыс істегенде ғана, еңбектің нәтижесін көруге болады, — дейді кәсіпкер.
Әсет Рысжановтың айтуынша, шағын және орта бизнесті дамыту – ел әлеуетін арттыру. Бизнес өркендесе, жаңа орындар ашылады. Халыққа қажетті тауарлар мен қызмет түрлері көбейеді. Бұл ретте ірілі-ұсақты кәсіпкерлікпен шұғылданғандар үшін «Ақшың» корпорациясы басшылығының атқарып отырған жұмысы ұшан-теңіз.
Осындай игі істің басы-қасында жүріп, көптің көсегесін көгерткен корпорация басшылығы мен іскер азаматтарға сәттілік пен мол табыс тілеймін, — дейді кәсіпкер.