МИРАШЕВ Қайрат Қайырғалиұлы,
Семей қалалық мәслихатының депутаты
Біздер кейде аса бiр елжанды, нардың жүгiн көтерiп жүрген азаматтардың еңбегiн байқамай жатамыз. Шындығында мұндай жандар арамызда аз емес. Сүбелі еңбек етіп, бүгінде халық қалаулысы ретінде қоғамдағы өткір мәселелерді айтудан еш қорықпаған және ол сөзінен бас тартпаған осындай нағыз патриоттардың бірі – Қайрат Қайырғалиұлы Мирашев. Кейіпкеріміз әр жылдары Семей облысы Жаңасемей аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, облыстық комсомол комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, «Спутник» халықаралық жастар туризм бюросының төрағасы, Қазақстанның жастар одағы Семей облыстық комитетінің бірінші хатшысы, Семей облыстық жастар, туризм және спорт істері жөніндегі басқармасының бастығы болды. Аса жауапкершілікпен еңбек етіп, ел ықыласына бөленді.
Қазір Қайрат Қайырғазыұылы Семей қалалық мәслихатының депутаты, «Спутник» ЖШС басқарады, «Күшікбай батыр» қоғамдық қорының төрағасы.
«Еңбек етемін деген адам амалын табады, еріншек себебін табады» демекші, қандай да бір істің басын бастамас бұрын әрбір адам белін бекем буып, тәуекелге барады. Тек жауапкершілік пен қайтпас қайсарлықтың арқасында қолға алғанның жемісін көреді. Қайрат Мирашев осындай азамат.
Халықтың сеніміне ие болған атқамінер азаматтардың ұлт жағдайын жақсартуда атқарған істері ел есінде қалатына хақ. Адал еңбек пен сүйіспеншіліктің бір арнада тоғысуы нәтижесінде туындаған игі бастамалардан жүйелі жұмыс туындайтыны белгілі. Отандастарының жолында қоғамға қозғау салып, табандылықпен белсенділік таныту басты парызым деп санайтын Қайрат Мирашев секілді депутаттың атқарған тынымсыз тірлігі нәтижесіз қалған емес.
«Ақшыңның» ширек ғасырлық мерейтойы аясында халық қалаулысымен әңгімелесуді жөн санадық. Себебі, корпорация президенті Марат Құрманбай екеуі депутаттық қызметте — әріптес, өмір жолында — дос.
ШЫНАЙЫ ЕҢБЕКТІҢ БАҒАСЫ ҚЫМБАТ
— Қайрат Қайырғалиұлы, «Ақшың» корпорациясы — Семейдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосып осырған ірі серіктестік. Шағын және орта бизнестің қарқынын үдету мен халықты жұмыспен қамту бағытындағы жасап отырған жұмысы ұшан-теңіз. Олай болса, корпорацияның тыныс-тіршілігіне берер сіздің бағаңыз қандай?
— Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, бәрі бірден жақсы бола кетті деу әбестік. Барлық сала тоқыраудың торына түсті. Жұмыссыздық белең алды. Еңбекақы мен зейнетақы уақытында төленбеді. Алып державаның құрамынан бөлініп шыққан Қазақстан қай бағытты таңдайтындығын білмей қалды. Бірақ, Президентіміздің, Үкіметтегі азаматтар мен жер-жердегі атқамінерлердің арқасында жас мемлекет ұтымды жолға түсті. Еліміз нарықтық экономикаға бет бұрды. Отандық экономиканың күре тамырына қан жүгірту үшін өндіріс, соның ішінде бизнесті аяқтан тұрғызу керек болды. Бұл орасан зор жұмыстардан іскер азаматтар да шет қалған жоқ. Солардың бірі – біз айтып отырған «Ақшыңның» президенті, кешегі «Семей базарының» басшысы Марат Серікжанұлы болды.
Тәуекелге бел буған азамат талай қиындықтарды бастан өткерсе де, қолға алғанын тастамады. Кәсіпкердің идеясын жанындағы достары, туған-туыстары да қолдады. Қайсарлық пен ерік-жігердің арқасында төрт қабырғасы ғана тұрған нысанды бүгінгі таңда қандай жағдайға жеткізді?!
Жасырары жоқ, бәріміз сол корпорация құрамына кіретін сауда орталығына барамыз. Тұтынушыға қажетті барлық қызметтер түрлері бар. Бір жерге ғана барып, қалағаныңды алып, қайтасың.
Мұның сыртында Марат – облыстық мәслихаттың депутаты. Өзінің тынымсыз жұмысы бола тұра, халық мүддесін де қорғай білген азамат. Қай жерде жүрмесін, білім ошақтарының, мұғалімдердің, дәрігерлердің мәселелерін айтып жүреді. Ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін де аянбай тер төгіп жүр. Бұл туралы басқа да азаматтар айтқан болар, жазып жатыр.
Марат – қазақтай кең пейіл азат ұлттың ішінен елім деп еңбек ететін, адалдықтың ақ жолынан аттамай, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген кәсіпкер әрі депутат. Өмірі мен еңбегін туған жердің, Жоламанның, Абыралы өңірінің игілігіне жұмсап, қарқындап өсуіне өз үлесін қосып жүрген тұлға. Өзінің адамдық болмысымен халқының аманатын арқалап жүрген атпалдай азамат. Өмірі тек жақсылықпен өрнектелген. Мараттың бүгінге дейін жүргізіп отырған бизнесі мен депутат ретіндегі қызметіне осындай баға беруге болады.
— Табыстың жолын біліктілік айқындайды. Ерік-жігер мен ынта, адалдық пен адамгершілік те үлкен қолдау болары сөзсіз. Дегенмен, қазіргі қоғамда неше түрлі кәсіпкер бар. Жақсысы да, жаманы да дегенім ғой. Марат Серікжанұлы қандай кәсіпкер?
— Марат – кәсіпкердің кәсіпкері. Жаңа айтып өткенімдей, жеке басының пайдасын ғана емес, айналасын ойлаған іскер азамат.
Бұл жерде айта кететін жәйт, Семейдің бюджетінің 40 пайызы шағын және орта бизнестің салығынан құралады. Ал оның құрамында «Ақшыңның» да қомақты үлесі бар. Демек, адал еңбектің нәтижесінде, серіктестік шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етіп отырғандардың бірі.
Кәсіпкерлік жоғары білім мен талапты қажет етеді. Шынайы еңбектің бағасы қымбат. Ол тек азаматтың өзіне және қырым-қабілетіне байланысты. Қандай да бір кәсіпті қолға алмас бұрын нарықтық жоспар болуы тиіс. Мұның барлығы Маратта бар.
Халыққа белгілі меценат. Оның мәдениетке, спортқа көрсетіп отырған қолдауы ұшан-теңіз. Семейде қалалық кеңестің депутаты болғанда, ол кезде жап-жас жігіт, туған ауылы Жоламан кентінде мектеп салуға мұрындық болды. Мұның өзі көп нәрсені аңғартады. Бертін келе мешіт салынды, жолдар жөнделді, ауыз су мәселесі шешілді. Осындай қыруар жұмыстардың басы-қасында жүрген Марат болатын.
Жалпы халық сеніміне ие болу – жауапты іс. Ал, жауапты істі жүзеге асыру тек табанды жанның қолынан келері шындық. Қаладан, ауылдан шыққан дарынды, қабілетті балаларға қолдау көрсетіп, олардың өмірден өз орнын табуға бағыт-бағдар, қолдау көрсетіп отырғаны тағы бар.
— Марат Серікжанұлының бойында қандай қасиет сізді тәнті етеді?
— Әрине, бес саусақ бірдей емес. Түрлі ой, түрлі пікір айтылады. Мен Мараттың адалдығына қайран қаламын. Бұл туған жерге, отбасына, жанындағы жақындары мен достарына және кәсібіне деген адалдық. Қазақстанның кез-келген азаматы елжанды, отансүйгіш болса Мараттай-ақ болса екен деймін.
Қарға тамырлы қазақтың мүддесі үшін боз ала таңнан кеш батқанға дейін тірлік жасай алатын ерлері барда халықтың еш нәрседен мұқалмасы анық. Еліне лайықты азамат атану да депутат үшін үлкен мәртебе. Іскерлік қабілеті мен кәсіпкерлік рухының арқасында әсіресе туған жерге, атамекенге айтарлықтай үлес қосуы – үлкен іс.
— Неден қорқасыз?
— Құдайдан ғана қорқамын.
— Сізді аңшылыққа жаны құмар деп естідім. Хоббиіңіз болса керек. Бәлки, қызықты оқиғаларыңыз бар шығар?
— Жігіттің жеті өнерінің бірі — аңшылық. Аңшылық өнері 18-19 ғасырларда көптеген өлең-жырлар арқылы жазылған. Өйткені бұл кезеңдерде аңшылық қатты дамыған. Елдің серілері, ер азаматтары осы өнермен айналысыпты. Бұл өнерді қазақтың көрнекті адамдары да қатты ұнатқан. Әсіресе Абай, Ақан сері, Ілияс, Мұхтарларды айтуға болады. Ақындарымыз осы өнер жайында көптеген әңгіме өлеңдер, зерттеулер жазған. Аңшылықты өнер түрінде танып суреттеген адамдар Абай, Мұхтар, Шәкәрімдер екен. Айтайын дегенім, мен де осы өнерді жақсы көремін. Күзетаев Зарықбек Смайылұлы деген азаматпен бірге жүріп талай қыр-сырын меңгердім.
Осыдан 15-17 жыл бұрын Маратты аң аулауға жиі шақырып, бара алмай жүрдік. Бос уақыт бола бермейді ғой. Бірақ, күндердің бір күнінде сәті түсіп, екеуіміз аңға шықтық. Ол жылдары қасқыр көбейіп, малшылардың күйсін алып тұрған кез болатын. Мал шығыны көп болып кетті. Содан не керек, Қасқабұлақтың арғы жағындағы Аршалы тауының маңында бардық. Таңғы сағат бестерде қаладан шығып кеткенбіз, сағат жеті жарым, сегіздерде діттеген жерімізге жеттік. Көптеген жігіттермен жүргенде күн борандатып, кейде тұман түсіп кететін. Осы жолы жолымыздың боларын бірден сездім. Күн ашық, аяз. Маратты көліктің алдыңғы орындығына отырғызып қойдым.
Бір кезде тауға қарай кеткен ізді байқап қалдым. «Міне, кетті…» дедім, қанша айтқанмен тәжірибем мол. Көргенім де бар. Айтқандай-ақ, көп ұзамай бір төбенің басынан байқап қалдық. Арланы, қаншығы және үш бөлтірігі бар екен. Үстінен түстік. Бізді көріп қаша жөнелді. «Ал, Марат ат, ат!» дедім, айғайлап. Мәшіненің есігін ашып жіберіп, мылтықты қолына алды. Сөйтсем, Марат солақай екен. Алты оқтың біреуі ғана тиді. Дегенмен, бір сағаттың ішінде бесеуін де қанжығамызға байладық.
Түске қарай сол жақта бір үйден түскі ас іштік. Сонда Маратқа «Міне, бес қасқырды атып, бүгін нағыз азамат болдың» дегенім бар еді. Қазір белді аңшылардың біріне айналды. Оның осындай өнерге бейімделуіне мен мұрындық болғанымды мақтан тұтамын.
— Күнделікті күйбең тіршілікте жұмысыңыз бастан асады. Шаршағаныңызды қалай басасыз?
— Мен қаладағы педагогикалық институттың «Дене тәрбиесі» факультетін бітіргенмін. Бокспен айналыстым. Үлкен спортта болдым. Күнделікті таңертең алты шақырым жаяу жүремін. Жаттығу жасаймын. Осы дәстүрді ұстанып келе жатқаныма 20 жыл болды. Сондықтан, салауатты өмір салтын ұстанғанымның арқасында көп шаршамаймын.
Қазір Марат та мен секілді жаяу жүріп, серуендеуді әдетке айналдырды. Ол 7-8 шақырымды бағындырамын дейді.
Бәсекеге қабілетті ұлт болудың бір көрсеткіші — тұрғындардың өмір жасының ұзақ болуы. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, халықтың денсаулығына әсер ететін тиімді шара – бір жағынан ауруларды болдырмауға жағдай жасау, ал екінші жағынан салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал ету. Бұл үрдіске ең алдымен әрбір адам өзі атсалысуы қажет. «Дені саудың – жаны сау» деп тегін айтылмаса керек. Әрбір азамат дені сау болу үшін дене тәрбиесімен айналысып, зиянды әдеттерден бас тартуы және дұрыс тамақтануы керек.
— Бүгінгі күнге дейін қандай елдің сәулетімен, мәдениетімен танысып үлгердіңіз?
— Сексенінші жылдары «Спутник» халықаралық жастар туризм бюросының төрағасы болдым. Сол кезде балалардың Мәскеуге баруына жағдай жасап, Орта Азия елдерін аралатуға ықпал еттік. Жеке басым әлем елдерінің көбінде болдым.
Қалалық мәслихаттың хатшысы болып жүргенімде Әзірбайжан Президентінің сайлауына Қазақстаннан бақылаушы ретінде барудың сәті түсті. Елімізден оншақты адам Бакуға келдік. Алдында Ташкентте, Бішкекте болғаным бар еді. Қалалардың жағдайын көрген мен Бакуды да солай елестеткен болатынмын. Бірақ, олай болмай шықты. Баку – Еуропа үлгісінде салынған, небір көзтартарлық ғимараттары бар қала екен. Мұндағы керемет нысандарды осыдан екі ғасыр бұрын мұнай өңдеуге келген ағылшындықтар салған көрінеді.
Кіп-кішкентай мемлекет жаңағы жер асты байлығының арқасында қаласын салып, өркендеп алған. Халқы да көп емес.
— «Досы көпті жау алмасы» белгілі. Жанашыр, адал достарыңыз көп пе?
— Ондай жандар көп десем болады. Неге десеңіз, әр адамның бала кезіндегі, мектеп қабырғасындағы, студент шақтағы достары болады. Бертін келе қызметтес, отбасылық дос-жарандар тағы бар. Осылардың барлығы менің бір басымда жетерлік. Осыған шүкіршілік етемін.
Мен Аягөзге қарасты Шұбартау ауданы Баршатас ауылында оқыдым. Осыдан екі жыл бұрын мектеп бітіргенімізге 45 жыл толды. Айтулы датаны кең көлемде атап өттік. Ұстаздарымызға құрмет көрсетіп, кешегі армандастар бір бас қостық. Сонымен қатар, жоғары оқу орнын бітіргенімізге былтыр 35 жыл толып, үлкен мерекелік шараның ұйытқысы болды. Айта кетерлігі, біз педагогикалық институттың қабырғасынан түлеп ұшқанда 22 маусымда үлкен кеш ұйымдастырғанбыз. Сол кезде барлығымыз жыл сайын осылай бас қосып, студенттік шақтарымызды еске алып отырамыз деп уәде еткенбіз. 35 жыл болды сол сертімізден қайтқан жоқпыз. Студенттік достарымыздың бірқатары Ресейде, Германияда тұрады. Соған қарамастан, барлығы да жылда келіп, кездесіп кетеді. Достыққа деген беріктік осындай-ақ болар.
Биыл жастардың коммунистік Одағының, яғни комсомолдың құрылғанына ғасыр толды. Кеңестік заманға бекерден бекер күйе жаға беруге тағы болмайды. Ол — тарих. Жастарымыз білім алды, өсті, өнді. Отанына, туған жеріне қызмет етті. Отбасын құрды, үбірлі-шүбірлі болды. Кеңстік заманда комсомол ұйымдарында көп жыл еңбек еттім. Жастармен тікелей жұмыс істедік. Ауыл шаруашылығынан бастап, түрлі саланың ілгерілеуіне күш салдық.
Әрине, егемендіктің орны бөлек. Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Егемендік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Бірақ, өткен тарихты сызып тастауға болмайды. Сондықтан, ұйымның 100 жылдығын жақында шаһарымызда кеңінен атап өттік. Үлкен шараға комсомолға етене жақын болған барлық азаматтар қолдау көрсетті. Ұйымдастырушылар тарапынан ауқымды бағдарлама әзірленді. Осының барлығы жаңағы біз айтып отырған достық, береке-бірліктен туындап отырған қадамдар.
— «Адам армандауды қойғанда өмір тоқтайды» дейді екен. Қандай арман бар?
— Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:
Мына өмірде жүрегіңде,
Бойыңда ыстық қан барда,
Болмысты да, болмасты да,
Болады деп арманда…
— деп жырлайды. Арман адамды алға жетелеп, көптеген ерліктерге, адал, батыл әрекеттерге итермелейді. «Армансыз адам — ормансыз бұлбұл» дейді дана халқымыз. Менің арманым – ұрпақтарымның амандығын көріп, жетістіктеріне куә болу.
Үйдегі жеңгелеріңіз екеуіміздің армандарымыз осы тұста тоғысатын шығар деп ойлаймын. Бүгінде алпысты алқымдап қалдық. Жарымыз екеуіміз отау құрғаннан бері талай қиыншылықтарды бастан өткердік. Бірақ, ешқашан мойымадық. Бір-бірімізге деген адалдық мен қолдаудың арқасында биіктерді бағындырдық. Бала өсіріп, немере сүйдік. «Жас кезіңде бейнет көрсең, қартайғанда зейнетін көресің» деп анам Мүгүлсім Алтынсарықызы айтып отырады. Шынымен солай.
Қазіргі жастардың бойында төзімділік пен шыдамдылық жетіспейді. Барлығы бір сәтте бола қалса деп армандайды. Бұл ретте отбасындағы тәрбиеге де ерекше көңіл бөлу керек. Ғасырлар бойы қазақ әйелдері келер ұрпаққа бабалар даналығын жеткізіп отырды, адами қасиеттер мен адамгершілік ұғымын бойына сіңірді. Отанға деген махаббат, үлкенге құрмет, кішіге ізетті үйретті. Жаңағы армандардың бір ұшқыны осы ұрпақ тәрбиесі болса керек. Тектілігі тереңге тамырланған қазақ халқы бұған баса назар аударған. Ұлтымыз қашанда баланың рухани жағынан бай болуына көп көңіл бөлген. Халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген нақыл сөзі бар.
Адам баласы қоғамда адалдығымен, қайырымдылығымен ардақталады. Мінез-құлқының тәрбиесімен бірге білімді ұштастыра алғанда елге пайдалы азаматтардың қатары көбейеді. Бүгінгі қоғамда кешегі кемеңгерліктің куәсі болған ата-әже тағылымын бойына сіңірген ұрпақ қана ел ертеңін айқындайды деп ойлаймын. Жүректегі арман-тілектің бірі осы.
— Өзіңіз ардақтайтын асыл тұлғалар бар ма?
— Қазақ найзаның ұшымен, білектің күшімен ел мен жерін қорғаған батырларға кенде емес. Солардың бірі — ХVІІІ ғасырдың соңында өмір сүрген Күшікбай батыр. Орта жүз Уақ тайпасынан шыққан. Оның төртінші бабасы Бесім Тоқаұлы Есім ханның әйгілі батырларының бірі болған деседі. Күшікбай бойына ерекше қасиет дарыған, қалмақтармен соғыста үш жүзге ерен ерлігімен танылған қазақтың біртуар баһадүрі. Небәрі 21 жасында дүние салған. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Күшікбай батыр 21 жасында дүние салған екен. Ерте күннен батыр атағын алған. Ол қолбасы атанған тұста шешек тиіп, көп уақыт қозғала алмай жатып қалады. Осыны білген дұшпандары оны қапыда алмақшы болады. Кек буған батыр жалаңаш денесіне желбегей жамыла салып, жауға атой беріпті. Жауын жеңген ол осы асуда ат үстінде найзасына сүйенген қалпы жантәсілі етіпті» деп суреттейді. Күшікбай Жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен белгілі батырлардың бірі. Ол батырлығына қоса нашарға қайырымды, әділдігімен аты шыққан адам.
2012 жылы Семейден Қарауылға бет алған тасжолдың бойында батырға арнап монумент тұрғыздық. Осы игі шараға өзім мұрындық болдым. Бұл – өткен тарихқа тағзым, батыр есімін дәріптеу. Ежелгі грек ойшылы Платонның «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр» деген сөзі бар. Осы көп жайтты аңғартады. Ел тарихында қазаққа тән асқақ рухты паш еткен, бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсеткен батырларды ардақтау – болашақ үшін қажет.
— Сізбен әңгімелесудің тағылымы да, тамашасы да бар. Әу бастағы тақырыпқа қайта орайлайықшы. «Ақшыңның» ширек ғасырлық мейрейтойына арнаған тілегіңізбен бөліссеңіз.
— Ең алдымен «Ақшыңға» өркендеу мен дамудың биік шыңын тілеймін. Ширек ғасыр жарты ғасырға ұлассын. Екіншіден, оны басқарып отырған Маратқа мықты денсаулық тілеймін! Тілден, көзден сақтасын! Бүгінгі жетістік оған аспаннан түсе салған жоқ, ол адал маңдай термен, тынымсыз еңбекпен келді. Сондықтан, Мараттың жолы – өнегемен өрілген өмір. Той құтты болсын!
— Әңгімеңізге рахмет!