СЕРІКЖАН Қайрат

СЕРІКЖАН Қайрат,

«Ақшың» корпорациясы автотранспорт және жабдықтау бөлімінің басшысы

BAG_5130.JPG

Қайрат Серікжан 1987 жылы 21 желтоқсанда Семей қаласында дүниеге келген. Қаладағы №4 мектепте білім алды.

2004-2008 жылдары Көлік колледжінде, 2008-2012 жылдары Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан университетінде оқыды. Академиялық дәрежесі — транспорт бакалавры.

2011-2013 жылдар аралығында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде магистратурада білімін жалғастырды. Өскеменде және Астанадағы оқу кезінде «Ақшың» корпорациясының өкілі ретінде жұмыс істеді. Жүктелген міндеттерді лайықты деңгейде орындап, бірсырыпа істің басын қайырды.

2013 жылдан бері аталған корпорацияда жұмыс істейді.

Жұбайы – Айнұр Серікжанқызы. «Қазақстан темір жолы» ҰҚ жұмыс істейді. Айару және Айзере есімді екі қызы бар.

ЖАН ЖЫЛУЫН СЫЙЛАҒАН ҚАМҚОР ЖАН

«Ақшың» корпорациясының ширек ғасырлық тойы аясында серіктестік президенті Марат Серікжанұлы Құрманбай туралы тағылымды ой қозғамау мүмкін емес. «Ағасы бардың — жағасы бар» демекші, осындай асқар азаматтың жылы алақанын сезінген жандардың бірі – менмін.

9 жасымнан бастап ағам Ерболат Серікжанұлының қолында тұрып оқыдым. Колледж бен университет қабырғасында жүргенімде Марат Серікжанұлының патронаттық тәрбиесінде болдым.

Орта арнаулы білім ордасы мен жоғары оқу орнындағы әр қадамыма ағам үлкен қолдау білдіріп отырды. Сол кісінің қолтықтан демеуі арқасында бүгінгі таңда білікті маман атанып, азамат болып қалыптастым деп айта аламын.

Астанада білім мен ғылым қуып жүргенде, Оңтүстік-Қытай теңізінің жағалауындағы Малайзия мен Оңтүстік-Шығыс Азияның аралдарында орналасқан Сингапур мемлекеттерін көру қуанышы бұйырды. Осы жерде тәжірибе жинақтап қайттым. Магистратураның қыр-сырын меңгеріп жүргенде студенттерді алмастыру бағдарламасы аясында орталық Еуропа орналасқан Чехияда білімімді арттырдым. Аталған елде 3 ай көлемінде оқыдым. Жаңа достар тауып, әлемнің кереметтерін тамашалауға мүмкіндік алдым. Бір көруге әркімнің арманы болған Франция мен Германияда болдым. Менің ойымша, осы жетістіктердің барлығы – Марат ағамның қамқорлығының арқасы.

2013 жылы шаңырақ көтеріп, отау тіктім. Үлкен өмірге қадам басқанымда ағам тағы да жанымнан табылып, жұбайымыз екеуімізге пәтер алып берді.

Жібектей сусыған өмірде жаныңда жүрген жайдары жандардың игі істерін мақтанышпен айту дұрыс болар. Отбасың – Отаның болса, қызмет орнымыз да біз үшін үлкен отбасы секілді. Сол қара шаңыраққа тірек болып, сүттей ұйытып басқарып отырған президентіміз, ағамыз Марат Серікжанұлы біз үшін асқар тау, мызғымас қорған секілді. Білгенін үйретіп, ақылын айтудан еш жалыққан емес. Алғашқы кәсіпкерлік ісімді бастауға да мұрындық болып, демеу көрсетті.

Айта берсем, жеткен жетістіктері мен сіңірген еңбегі қаншалықты көп болса да асқақтамай, «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды…» деген өлең жолдарындағыдай, үнемі қарапайым қалпын сақтаған, қашан көрсең жарқын жүзімен күлімдеп қарайтын, бүкіл ұжымның қамқоршысына айналған Марат ағам — осындай жан. Жүрегі кең, үлкен-кіші демей, барлығына бірдей құрметпен қараған азамат. Өзіне де, өзгеге де бірдей талап қоя білетін Марат Серікжанұлы корпорация беделінің биікке көтерілуіне сіңірген еңбегі зор.

Бүгінгі таңда «Ақшыңда» еңбек етіп жатқаныма 5 жыл уақыт болыпты. Үлкен компанияның автокөлік паркі мен жабдықтау үрдісіне жауаптымын. Марат ағам үлкен сенім артып отырғаннан кейін, ойынан шығып, үмітін ақтауға тырысып келемін.

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ