АЛИНА Шолпан Қайырқызы

АЛИНА Шолпан Қайырқызы,

кәсіпкер

SCAN_20181216_125044985_001.jpg

Шолпан Қайырқызы 1961 жылы 22 сәуірде Абай ауданы Саржал ауылында дүниеге келген. 1967-1977 жылдары Саржал орта мектебінде білім алды.

1978-1982 жылдар аралығында Н. Крупская атындағы педагогикалық институтында оқыды. Математика пәнінің мұғалімі.

Шолпан Алина әр жылдары түрлі салада еңбек етіп, өз ісінің іскері ретінде көзге түсті. Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану мұражайында, №13 балабақшада және №28 орта мектепте көп жылдар еңбек етті. Шәкірт тәрбиелеп, саналы ұрпақ тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосты.

1994 жылдан бері «Семей базары» серіктестігінде кәсіпкерлікпен айналысады.

Екі баласы бар. Ұлы Мархабат «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясында жұмыс істейді. Қызы Маржан – банк қызметкері. Бижақыт, Бексұлтан және Айзере есімді жиен немерелері бар.

КӘСІПКЕРЛІКТІҢ АРҚАСЫНДА БАЛАЛАРЫМДЫ ЖЕТКІЗДІМ

Шолпан Қайырқызы – тоқсаныншы жылдардағы қиындық пен жұмыссыздықтың зардабын тартқандардың бірі. Бірақ, ертеңге деген сенім мен балаға деген махаббаты арқасында ол ештеңеден жасымады.

Қазақ әйелі – дархан даланың еркін қызы, ерке қызы. Ол серіктес, әріптес, тіпті жақсы ақылшы да бола алады. Іскерлікке бет бұрған нәзік жандылардың да арасында батыл жандар ғана жеңіске жетіп, күштілер ғана топ жарады. Бұл қазақ қызына тән ерекшеліктер тарих қойнауында қалыптасып, бүгінгі күнге жеткені де ақиқат. Дана халқымыз «Әйел қырық жанды» деп тегін айтпаған. Бұл аталы сөз нәзік жандылардың табиғи болмысы мен ерекшелігін дәл суреттейді. Расында, бүгінгі таңда көптеген азаматтарға қарағанда кейбір аналарымыз, әпкелеріміз, тіпті қарындастарымыз ауыр да жауапты бизнес саласында бой көрсетіп жүр. Келесі кейіпкеріміз Шолпан Алина «Ақшың» корпорациясында ет саудасымен айналысады.

— Шолпан Қайырқызы, бүгінде токарьдың да, шопырдың да ішінен әйел затын кезіктіреміз. Әйел кәсіпкер, әйел ұстаз, әйел әкім, әйел ақын. Жалпы, қай сала болмасын, ханымдарды жолықтырамыз. Міне, осы көрініске қарап-ақ, нәзік жандылардың жан-жақты екенін анық аңғаруға болады. Өзіңіз сауда саласына қай жылдары келдіңіз?

— «Семей базарына» 1994 жылы келдім. Ет саудасымен айналастым. Күні бүгінге дейін сауда саласына келіп, жұмыс істегеніме өкінген емеспін. Оған себеп те болған жоқ. Неге десеңіздер, осы еңбектің арқасында екі баламды оқыттым, жеткіздім. Бүгінде «Ақшың» корпорациясы мен үшін үлкен қара шаңырақ болып есептеледі. Толассыз, тынымсыз еңбектің нәтижесінде қос құлыншағым жоғары білімдерін алды, қазір жауапті әрі беделді қызмет орындарында. Соны өзім ана ретінде мақтанышпен айта аламын. Қазір жағдаймыз қуантарлықтай, немере бағып, солардың амандығын тілеп отырамын. Сол тәттілеріме көмектесіп, Жаратқанның берген рыздығына шүкір деймін. Бір ұжымда 24-25 жыл жұмыс істеу де үлкен мақтаныш. Зейнеткерлікке шыққанша осында еңбек етем деген ойым бар.

— Бүгінде жастар ауыр жұмыстан қашып, бірден жарық, заманауи кеңселерде жұмыс істегенді армандайды. Кейбірі «жұмыс жоқ» деп күнін өткізеді. Сіздердің 25 жылдағы еңбектеріңіз – өскелең ұрпаққа өнеге. Жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз қандай?

— Тынбай еңбектенгеннің тұрмысы берекелі болады. Бүгінгі заманның талабы да осы. «Кәсібіне қарай — нәсібі» демекші, бүгінде өз мүмкіндіктеріне қарай кәсіп ашып, ісін дөңгелетіп отырған жастарымыз да бар. Бұл көңіл қуантады. Ал жаңағы сіз айтып отарған жастарға айтарым, еңбектен қашпау керек. Адамды құрдымға жіберетін – жалқаулық. Құдайға шүкір, қазір егемен елімізде кәсіп ашамын, іскерлікпен шұғылданамын дегенге барлық жағдай жасалған. Қамшы алып төрт түлікті бағамын десеңіз де, қайшы алып шаш қисаңыз да, ине-жіп ұстап ісмер болам десеңіз де өз еркіңіз. Ешкім бетіңізден қақпайды. Тек бойыңыздағы жалқаулықты жеңіп, жоспарлы жұмыс жасасаңыз болғаны.

Еңбек етуге үйрену — адамның басты қағидасы болса керек. Ұлт жоспары — «100 нақты қадамда» Елбасының өзі Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамын құру туралы идеясын ортаға салды. Ондағы басты бағыттың бірі — кәсіпкерлікке бейімделу. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп бекер айтпаған қазақ даналығын жастарға бағыт етіп, өмір сүрудің, нарыққа икемделудің амалын кәсіптен табуды мемлекеттің өзі қолдап отыр. Тіпті егемендік уысқа түскеннен-ақ күн көрудің жолын кәсіптен тапқан іскер азматтар табыстың кілті еңбекте екенін ұғынып, тұрмысын түзеуге ұмтылды. Аянбай тер төкті. Табысқа жетті.

Талай сөздің төрелігін айтып, даулы додада дуашы сөзімен, шешендігінің арқасында күрмеулі істің шешімін тапқан Төле би өз заманында «Кәсіп болмай, нәсіп болмас» деп, кәсіпкерліктің пайдасын пайымдап кеткен екен. Өзім кәсіпкер болғаннан кейін, бизнесті сөз етіп отырғаным. Ал жалпылама айтар болсақ, тек қана сауда, өндіріс емес, жастар басқа да салада бақтарын сынап, мамандықтары бойынша елге қызмет ету керек деп ойлаймын.

— Қиын кезеңдерде алдыңызда қандай мақсат болды?

— Бір ғана мақсат, балаларымды жеткізу болды. Сол мұратты еңсеруге бар күш-жігерімді салдым. Басқа кәсіпкерлер секілді аязда тұрып саудаға шыққан жоқпыз, біз ғимарат ішінде болдық. Қазір өткен күндермен салыстыруға келмейді, барлық жағдай жасалған. Заманауи сауда орталығын басқарып отырған Марат Серікжанұлына үлкен ризашылығымды білдіремін.

— Бизнестегі негізгі ұстанымыз қандай?

— Кәсіпке – адалдық, бұл – шынайы байлық. Ең бастысы, қолға алған ісіңді аса жауапкершілікпен атқарғаның жөн. Алдағы күніңді болжап, өткенді саралап, қателіктерден сабақ алсаң, жеңілістердің аз болатыны сөзсіз. Мақсат – күреп ақша табу емес, күнделікті саудаңнан түскен табысты игілігіңе жұмсай білу. Жағдайды бағдарлап, пайымдап барып, алға ұмтылу қажет деп ойламын.

— Аналық бақыт дегенді қалай түсінесіз?

— Әрбір адамға шаңырақ құрып, артына ұрпақ қалдыру – парыз. Бақыттың төресі де — бала сүю. Мұны баланың шашын иіскеп, мейірленген кез келген пенде құптай алады. Мен балаларымды өзге де аяулы аналар секілді, ерекше жақсы көрдім. Енді қазақта «Немере баладан тәтті» деген сөз бар. Сол тәтті сезімді мен де сезініп жүрген жайым бар. Олай болса, аналық бақыт – менің балаларым мен немерелерім. Үйдің еркесі де, серкесі де солар. «Апалаған» құлыншақтарым көбейе берсе, бақытымның да еселене бергені деп білемін. Одан кейін, аман-есен зейнеткерлікке шығып, еңбегімнің зейнетін көрсем деген жаңағы бақыттың бір ұшқыны болатын аналық арманым да бар.

Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты — балада» дегені бар. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын «бақыт» деген құдыретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы — ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мәнсап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі – қолдың кірі іспетті, уақыт өте бәрі де өзгереді. Еш нәрсе мәңгілік емес. Адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні — өз ұрпағы. Демек, аналық бақыт – балалардың амандығы мен шаттығы. Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол — бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер жанұяда үлкендердің үлгісімен сіңеді.

Қаншалықты күйбең тіршіліктің ағысында жүрсем де жеке басым балаларыма жақсы тәрбие бердім ойлаймын. Кішіні, үлкенді сыйлай біледі. Енді немерелеріме де сондай тәрбие беріп, өз елінің лайықты азматтары болса екен деген арман ғана. Лайым, соған жеткізсін!

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ