ЖАНӘБІЛОВ Төлеген Алдабергенұлы

Еліміз егемендікке оңайшылықпен жеткен жоқ. Тәуелсіздік талай ғасыр қойнауындағы ата-бабаларымыздың арманы еді. Тар жол, тайғақ кешулерді бастан өткерген қазақ егемендіктің таңын тек өткен ғасырда ғана көрді. Небәрі 27 жылда Ұлы дала елі сенгісіз жетістіктерге жетіп, әлем мемлекеттерімен терезесі тең, бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді.

Бұл ретте Кеңес дәуіріне де үрке қарауға болмайды. Ол кезеңнің де өзіндік өнеге болар жақсы тұстары болды. Қазақ жастары білім алды, ғылыммен айналысты. Әр отбасы, әр азамат ертеңгі күнге деген сеніммен өмір сүріп, Отанына қалтқысыз еңбек етті. Қалай болғанда да, ол кезең — өткен тарихымыздың бір беті. Кез келген ұрпақ өткеніне құрметпен қарап, өз дәуірінің перзенттерін тарих таразысынан зерделеп, әділ бағасын береді. Шығыс аймақта да ел сыйлаған өрендері көптеп саналады. Солардың бірі -бүкіл саналы ғұмырын құрылыс саласына арнап, бергісі Семей, арғысы Аягөз, Таскескен, Үржар өңірлерінде ұзын саны 150-ге жуық нысан салуға сүбелі үлес қосқан Жанәбілов Төлеген Алдабергенұлы.

Адамды абзал атына сай ететін адал еңбегі мен жағымды мінезі болса, бұл кісі өн бойына өз халқының момындылығы мен кісілігін, кішілігі мен ізгілігін, өнегесі мен парасатын бойына дарыта білген азамат. Үйрете жүріп үйренуден жалықпаған, сәтті жұмысына қуанған, сәтсізіне қиналған осы азаматтың бітім-болмысына зер салсақ, біз жақсы қасиеттердің бәрі оның бір бойынан табылатынын аңғарамыз.

Кез келген тұлғаның қадір-қасиеті – көпірме мақтау сөз, жарнама-дақпыртпен емес, оның жасаған ісімен, еліне, адамзатқа сіңірген еңбегімен бағаланады. Олай болса, ағаның бір басындағы құрметі де, қадірі де еңбегімен астасып жатыр.
Мамандығы құрылысшы болғандықтан ба, Төлеген Алдабергенұлы өте қисынды ойлап, жүйелі де нақты сөйлейді. Жауапкершілігі аса зор іске білім мен білікпен қоса жұртты сөзіне иландырып, соңына ілестіре алатындай көшбасшылық қасиеттің де қажет екені де айдай анық. Ағамыз әлі күнге дейін қызған құрылыс басындағы жұмыстарды айрықша сергектікпен қадағалап, жетекшілік жасап келеді. Білікті маманның «Семей базарындағы» нысандарды тұрғызуға қосқан үлесі де ұшан-теңіз.

ЖАНӘБІЛОВ Төлеген Алдабергенұлы,

зейнеткер

SCAN_20181214_130509078_006.jpg

Төлеген Алдабергенұлы 1952 жылы 4 наурызда бұрынғы Аягөз ауданы (қазіргі Үржар ауданы) Таскескен ауылында дүниеге келген.

1969 жылы Таскескендегі Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті тәмамдады.

1969-1972 жылдар аралығында Ресейдің Уральск әскери округінде азаматтық борышын өтеді.

1972-1975 жылдары Семей құрылыс техникумында оқыды.

С.Киров атындағы Новосибирск құрылыс институтының (Өндірістік және азаматтық құрылыс бөлімшесі) түлегі.

1975-1976 жылдар аралығында Семейде қалалық су арнасы мекемесінде учаске бастығы болып жұмыс істеді.

1976-1984 жылдары Семводстройды басқарды.

1984-1994 жылдары Аягөзде ауыл құрылысына (Сельстрой) жылжымалы механикаландырылған колоннада (ПМК) басшылық қызмет атқарды.

1994-2005 жылдары «Семей базары» ЖШС нысан құрылыстарын басқарды.

Жұбайы Фатима Жанәбілова Жұмабекқызы – қаржы саласының ардагері. Көп жылдар бас есепші болған. Қазір зейнеткерлікте.

Бес баласы бар. Ботагөз – банк қызметкері, Бибігүл мен Жанар – мемлекеттік қызметкерлер. Үшеуі де Астанада тұрады. Аида – Алматыда, қаржы саласында жұмыс істейді. Ұлы Арман – жеке кәсіпкер.

Төлеген Алдабергенұлы сегіз немеренің сүйікті атасы.

БІЛІКТІ БАСШЫ – КЕМЕЛДІ КЕЛЕШЕК

— Төлеген Алдабергенұлы, сіз «Семей базары» серіктестігінің айналасында қолға алған құрылыс жұмыстарына етене араласқан азаматтардың бірісіз. Ірі сауда орталығының іргесін қалаушы ретінде мақтаныш сезімі бар шығар?

— Әрине! Құрылыс жұмыстары 1994 жылы қарқынды жүрді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қаржы тапшылығына қарамастан қолға алған жұмыстарды тез арада аяқтауға тырыстық. Нәтижесінде небәрі санаулы айда, дәлірек айтқанда 1995 жылдың қаңтарында сауда орталығына алғашқы кәсіпкерлерді кіргізе бастадық. Сол жылдың аяғында жылу мен электр желісін тарттық. Бұл – алғашқы жұмыстар. Одан кейін жыл сайын құрылыс шаралары тоқтаған жоқ. Ақырындап жетістігіміз молая түсті. Тәжірибе алмасып, көптеген қалаларға бардық. Ақмола, Алматы, Өскеменде болдық. Сол кездегі заманауи базарларды араладық. Марат қаржы табуға көп күш салды. «Семей базарының» заманауи қалыпта болуы үшін, дизайнарлерді жалдады. Уақыт өте эскалаторға қол жеткіздік. Алматыда сауда үстелдерін ұнаттық. Бізде плитка болатын, ескіні де жаңарттық.

Біз іргесін қалаған базар қазір үлкен корпорацияға айналды. Жеткен жетістіктерін естіп, көріп шынайы қуанып отырамын. Ширек ғасырдағы толағай табыс, білікті басшы Мараттың жемісі. Жанындағы іскер азаматтардың маңдай тері. Бұл дегеніңіз — білікті басшының кемелді келешекке бастайтындығының айнасы.

— «Семей базарының» құрылысындағы қолтаңбаңыз әлі де бар. Жалпы ауқымды жұмыстар барысында сауда орталығынан бөлек қандай нысандар тұрғыздыңыздар?

— Жетпісінші жылдардың орта шенінде қалалық су арнасында еңбек еттім. Ол кезде партия қайда жібереді, сонда барып барып жұмыс істейтінбіз. Өзім жас маманмын, оның үстіне біліктілігім де байқалса керек, мені Аягөзге, одан кейін Таскескенге жіберді. Туған жерімде тұрғын үй кешендерін салу арқылы, шағын аудан бой көтерді. Су бөгеті мен каналдардың түр-түрін салдық. Көршілес Үржарға қарасты Ириновка, Аксаковка, Бірінші Майда және Науалыда осындай су нысандарымен айналыстық. Қалбатаудағы, ол кезде Гергиевка деп аталатын, Новоречкада, көптеген ірі жобаларды жүзеге асырдық. Мұның барлығы ауыл шаруашылығын, оның ішінде өсімдік шаруашылығын дамытуға арналған құрылыс жұмыстары болатын.

Аягөзде кәсіптік-техникалық училище мен ұн-жем комбинатын салуға етене атсалыстық. Ол кезде бірнеше жылжымалы механикалық колонна жұмыс істеген болатынбыз. Аудандық партия ғимараттары мен мектеп нысандары да ауыл құрылысында жүргенде бой көтерді. Бірнеше қазандықтарды салуды қолымызға алдық. Жалпы сонау жетпісінші жылдардан бүгінге дейін 150-ге жуық нысанның құрылысына қатыстым.

— Үлкен көрсеткіш екен. «Семей базарынан» кеткеннен кейін Семейде қандай ғимараттар салдыңыздар?

— Негізінен кабель тарту жұмыстарымен айналыстық. Ірі жобалардың бірі — 343 кварталдағы балалар мен жасөпірімдер спорт мектебі жанындағы күрес залы. Шәкәрім даңғылы бойындағы «Триумф» тұрғын үй кешені мен Бобровкада және Комсомол кентінде мектептер салдық. Юность кентінде және Океан ауданында қосалқы мердігер ретінде көп қабатты үйдің құрылысына қатыстық. Өскеменде біздің қатысуымызбен 12 қабатты тұрғын үй бой көтерді.

Сонымен қатар, жаңадан қолға алынған «Біздің аула» бағдарламасы шеңберінде қаламызда 6 жобаны аяқтадық. Оның аясында балалар алаңқайы, футбол және баскетбол ойнайтын арнайы орындар салынды. Келер жылы тағы 33 аула қолға алынбақ. Біз міндетті түрде тендерге қатысуды жоспарлап отырмыз. Бұл жоба, өздеріңіз білесіздер, алғаш Астанада жүзеге асырылды. Қазір Семейде, Өскеменде жақсы жолға қойылып жатыр. Қорыта айтқанда, өзімді құрылыс саласында көрсете алдым деп ойлаймын. Ерік-жігерімді аяған жоқпын. Қандай нысан салсақ та бар жауапкершілікпен, ерекше ынтамен жұмыс істедік.

— Төлеген аға, адам жасы ұлғайған сайын туған ауылын, балалық шағын сағына еске алады. Сонау қыр астында сағымдай бұлдырап қалған күндерді жиі ойлайсыз ба?

— Туған жердің топырағы әрқашан ыстық. Себебі, ол – менің әлпештеген анам, аялап өсірген әкем, туған-туысым, бауыр-қарындастарым, мені білім жолына жетелеген ұстаздарым, сол білімге ұмтылу жолындағы тай-құлындай тебіскен жора-жолдастарым дүниеге келген жер. Осы мекенде менің көңілді де шаттыққа толы, уайымсыз да бейкүнә балалық шағым өтті. Қызыққа толы туған ауылдың ауласын еш уақытта ұмытпақ емеспін. Сол сағыныштан болса керек, Таскескенге жылда барып, анама сәлем беріп қайтамын. Ол кісі қазір тоқсаннан асты. Әкем биыл 98 жасында өмірден озды. Соғыс ардагері. Көп жылдар сауда саласында еңбек етті. Училищеде жұмыс істеді.

Анам Альбина Жанәбілова сауда саласында көп жылдар еңбек еткен, Бірнеше орден, медальдардың иегері. Таскескеннің алғашқы сатушысы. Біз отбасында сегіз бала болдық. Бес ұл, үш қыз. Мен — ата-анамның тұңғышымын. Балалардың үлкені болғаннан кейін, іні-қарындастарыма бас-көз болуға тура келді. Кез-келген ауыл баласы секілді қара жұмысқа ерте араластым. Әкем мал қораға сирек келетін. Барлық жұмыстарды мен істеймін. Айнадай тазалық болатын. Қолымызда жылқы, ірі қара мен ұсақ мал болды. Төрт түлікті бағу — жыл он екі ай бойы тынымсыз тірлікті қажет ететін, қиындығы мен жауапкершілігі мол еңбек. Машақаты мол тірліктің бел ортасында жүрдім. Мал төлдету кезінде де қажет болса менің көмегім тиіп жататын. Апам сиыр сауғанда қасында жүремін, бұзауын тартып беремін. Сөйтіп жүріп, сиыр саууды да үйреніп алдым.

Ата-анамыз сегіз балаға лайықты тәрбие берді. Бәріміз оқыдық. Сол үшін де әке-шешеме ризамын. Әкеміз балаларына дауыс көтермейін, біз қатты құрметтедік. Керісінше анамыздан жасқанатынбыз. Ол кісі тәрбиеге мықты болды. Мектепте жиналыс болғанда апаларымызды апаратынбыз. Ол кісілер білім ошағындағы оқиғаларды әке-шешемізге айтпайтын.

Анам мен апамның қазаны оттан түспеген, дастарханы жиылмаған адамдар. Үйге қонақ көп келетін. Қазір де сол әдеттен айырылмай, үйімізге қонақ келсе қатты қуанып жатамыз. Бұл туралы Марат та жақсы біледі. Бұрындары адамдар бір-біріне бауырмал, көмек қолдарын созуға дайын тұрушы еді. Қазір бұл үрдіс байқалмайтын секілді.

«Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, тауды жаным жақсы көреді. Жалпы, табиғат ананың әдемілігінде шек жоқ қой, шіркін! Шаршағанда бос уақытты таза ауада өткізгенге не жетсін?! Ауылыма барған сайын тауға шығып, бір сергіп қаламын.

— Қазақ батырға да, данаға да кенде емес. Мүмкіндік болса, өмірден өтіп кеткен қандай тұлғамен тілдескіңіз келеді?

— Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты ерекше құрметтеген адаммын. Ол кісі өзіңіз білесіз, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері. Қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында аянбай тер төккен азаматымыз.

Бірінші хатшы болып тұрған кезінде Шақаманға іссапармен келген-ді. Ол кезде біз жол салып болғанбыз. Жұмысшылармен кездесу барысында сыртынан көргенім бар.

Басшылық атқарып жүрген кезде өнеркәсіп, құрылыс, сауда және ауыл шаруашылығының да дамуына ат салысқан. Әлеуметтік және экономикалық салаларымен қатар, ғылым, денсаулық, спорт және мәдениетті назардан тыс қалдырмай, оларды дамыту мақсатында зор еңбек сіңірген. Кең байтақ қазақ жерінде 68 кент пен 42 қала салғызды. Мысалы, сәулет өнерінің ең озық үлгілерімен салынған Алматыдағы Республика сарайы, «Қазақстан» және «Алатау» қонақ үйлері, Орталық стадион, «Медеу» спорт кешені, Көктөбедегі биік телемұнара — керемет ғимараттар. Құрылысшы ретінде бұл нысандарға жоғары баға берген болар едім. Елбасы өзінің бір сұхбатында «Д. Қонаев Қазақстан тарихында ірі тұлға болып қалары даусыз» деген. Шынымен де, Дінмұхамед Ахметұлы тарихымыздан ерекше орнын алып, келер ұрпаққа өз мұрасын қалдырды.

Сондықтан мүмкіндік берілсе, халқымыздың осындай біртуар перзентімен тілдесер едім.

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ