ЖҮНІСБЕКҰЛЫ Болат,
Абайдың «Жидебай — Бөрілі» Мемлекеттік қорық-музейінің директоры
«АҚШЫҢ» − СЕМЕЙДІҢ АЙСБЕРГІ
Қолыма қалам ала салып, Құрманбай Марат Серікжанұлы мен оның ел-жұртқа жақсы мәлім «Ақшың» корпорациясының табыстарын бірден тізбелеп шығуға дәтім бармағандай. Бір қарағанда, ізгі тілек үшін айтулы ұжым абыроймен асқан ширек ғасырдың сыбағасын оқырманға жайып салу да аз емес. Бірақ, олай еткен күнде осында еңбек ететін мыңдаған адамның сырт көзге көріне қоймас қыруар қажыр-қайраты мен өлшеусіз маңдай тері жаңағы жыпырлаған деректің тасасында қалып қоятындай.
Обал секілді.
Себебі, ақшыңдықтармен қоян-қолтық жұмыс жасамай-ақ кез-келген орта жастағы жанға көптеген адам өз напақасын тауып, жанұясын жарылқап отырған еңбек ұжымының тауқыметін түйсіну қиын емес. Сол сияқты осынау қатпары көп ұланғайыр шаруаның ұйтқысы ретінде кездескен қиындықтардың қисынын келтіріп келе жатқан басшының иығындағы жауапкершілік жүгін де сезінуге әбден болатындай. Бұл, тіпті, жоғарыда айтқандай, бір қарағанда Ақшыңнан алыс жан үшін де түсінікті жайт.
Ал, шындығында біздің қай-қайсымыз болсақ та оларға етене жақынбыз.
Тіпті, қатардағы тұтынушының бірі ретінде-ақ күнбе-күн сандаған адам ағылған сауда орнының абыройымен қатар машақаты шаш-етектен екенін көрмеу мүмкін емес. Әрине, жайшылықта біз бұл туралы ойлана бермейміз, өз шаруамыз бастан асады. Егер сәл ғана тағат тауып, Ақшыңның тыныс-тіршілігіне ой жіберер болсақ, мұнда қаншама тағдырлардың тоғысып жатқанын ұғар едік. Күнкөріс өз алдына, семейліктердік әл-ауқаты мен көңіл-күйі, жас ұрпақтың қарыны тоқ, көйлегі көк өсіп, салауатты ержетуі осынау іргелі ұжымның қалай қызмет көрсетуіне де тікелей қатысты екені даусыз.
Бұл жағынан «Ақшың» да шексіз су айдынындағы айсберг секілді.
Ол тек сауда-саттықтың ғана орыны емес, отбасылардағы жарасымды тұрмыс пен қаладағы әлеуметтік-құқылық мәселелердің қайшыласқан жері. Күнделікті керек-жарағымызды, қуанышқа арқалар қоржынымызды «Ақшыңнан» табамыз. Сосын тапқан-таянғанымызды тұрмысымыздың тірегіне айналдырамыз. Саудамыз сәтімен сабақталса, көңіліміз де тоқ. Өкінішке қарай, жақсыны жағалап, бірдеңе іліне ме деп телміретін сұрамшақтар да осы төңіректі жағалайды. Тіпті, ұры-қарының да жалаңдап қарар жері осы.
Бірақ, әдетте бұлар «Ақшыңның» тасасында қала бермек.
Біздің көретініміз сөрелердегі сықиған тауарлар мен сапырылысқан адамдар ғана. Сосын, әрине «Ақшыңның» бұғанасы бекіп, қабырғасы қатаюының шет жағасын теледидар мен газет, одан қала берді ұзынқұлақ арқылы білеміз. Алайда, бұлар әлеуетті кәсіпорынның Семей өңіріндегі алар орнын сезіну үшін мүлде жетімсіз. Шындығында елең-алаңнын тұрып, қас қарайғанша тыным таппайтын, тіпті ертеңгі күнге дайындық жасаймын деп таңға жуық қана сүріне-қабына жығылатын кәсіпкерлер қауымының қам-қарекеті қаншама жүрекке жүк, ақылға салмақ, қайратқа сын болғандай емес пе?!
Кәсіпкерлік.
Бұл тек өзіне ғана, яғни тиянақты білімі мен өмірлік тәжірибесіне сенгендердің сыбағасы. Елбасының кәсіпкерлер қауымына деген ерекше көзқарасы да іскер азаматтар қауымдастығына деген шынайы құрметтің айғағы. Олардың қатары нығайған сайын өзіне-өзі сенімді ұрпақтың саны артады. Сөйтіп, еркін ойлы адамдар қоғамды дамытуға белсене араласады. Мемлекет кемелдене түседі: ақылды, салауатты, мейірімді қоғам қалыптаса бастайды. Әрбір пенде өзінің өмірдегі орынын табуға, өзін-өзі тануға ұмтылады. Олар, енді өзімшілдікті кейін ысыра тұрып, өзгеге тіпті көлеңкесін де түсірмеуге тырысады.
Ұлы Абай айтқандай, әрбір адамның ақыл, қайрат, жүректі қатар ұстап, соның бәрін жүрекке билететін заман жақындай түседі.
«Ақшың» корпорациясының өнегеге толы қарымды істерін көргенде көкірекке сәуле түсіп, көңілді ой тербейді. Рас, адамды танып, білу қиынның қиыны. Мал емес түстеп ажырата қоятын… адам аласы ішінде. Мынау бес күндік тірліктен өзінің не үшін өмір сүретінін түйсінбеген қалпы зу етіп өте шығатындар қаншама. Тиыш өтсе бірсәрі, айналасын әбігерге салып, өзгені өксітетіндер аз емес. Әлгілер сонда да ұят пен әділдікті қаперлеріне алмайды, қараптан қарап жағаласады да жатады. Кәсіпкерлік деген оларға мүлде жат. Сосын тағы да тірліктен тиген сыбағасының татымсыз болғанына өзін емес, өзгені кінәласа, ондайларға не дауа?!
Осы бір өресіздік, ең алдымен кешегі отарлық құлдықтың кеселі..
Қызыл қоғамның басты қасіреті де сонда, кеңестер тұсында адам ойсыз роботтарға айналды. Тұрмыс сананы билеп, пендеңді әбден өз илеуіне көндірді. Алдымен ақша табу, сосын жаңағы тақыл-тұқыл табысыңа тапшы нәрсені іздеу керек еді. Бірін-бірі аңдыған қоғам… алдымен партиялық бақылау, сосын халықтық бақылау, жұмысшы бақылауы. Әйтеуір, қаптаған бақылау, ал домалақ арыз адамдарды өзара дүрдараз етті. Баршамыз кесімді жалақыға иек артып, саяжайы барлар тынымсыз жер шұқылар еді.
Қара базардан басқа сауданы білмейтінбіз.
Кеңес дәуірінде оған тұсау салынды. Бір қиырдан шаршап, шалдығып, өз ақшасына дүние алып, елге саудалау үшін тәуекелге барған іскер жандар алыпсатарлар атанып, олардың соңдарына құқы қорғаушылар шам алып түсетін кез де есімізде. Әрине, сауда қоймасына жең ұшынан жалғасып, оны базарға шығаратындар жайлы әңгіме бөлек. Қай істе де ондай арамтамақтардың ере жүретіні жасырын емес. Бірақ, жақсыны ластайтын жартыкештерге бола барша кәсіпкерлер қауымына күйе жағу қиянат емес пе еді!?
Өзара сенім мен мүдделі әріптестікке тиянақ керек болатын.
Адамдардың өзара бір ұстанымда ынтымақтас әрі мүдделес болуына қажетті құқылық, заңдық тегершіктерді іске қосатын уақыт жеткен. Сондықтан сан-салалы шаруаны дөңгелете отырып, ұжым басшысы Марат Серікжанұлы жаңа ғасырдың табалдырығында қарапайым адамдарды нарық заңдылықтарына бейімдейтін «Сауда ережесін» қабылдау туралы бастама көтергенін қазір екінің бірі біле қоймайды. Осылайша жиырма жыл бұрын, яғни 1999 жылы «Семей базары» мен республиканың Сауда өнеркәсібі және базарлар қауымдастығы өзара бірлесе отырып, жоғарғы жаққа «Сауда ережесін» бекіту туралы ұсыныс түсіргені де күні кеше секілді.
«Сауда ережесі».
Базарға шығарылатын өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ветеринарлық қызмет туралы заң қабылдануының нәтижесінде қазіргі «СемейВет» зертханасы республика базарларының арасында бірінші болып ашылған. Бүгінде қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген зертханада жедел әрі сапалы ветеринарлық-санитарлық сараптама жасау мүмкін болуда. Ал, тұтынушының таза ет тағамдарына қолы жетіп отыр. Төрт түліктің және талпақтанаудың еттері жеке-жеке бөлшектеліп, барлық азық-түлік сараптамадан өткен соң ғана саудаға жіберіледі.
Осылайша «Семей базары» іргесін кеңге салды.
«СемейВет» зертханасы, «Жан-Жақ» мейрамханасы, осы аттас тамақтану орындары, сауда орталығының Цементшілер кентіндегі филиалы, арнайы жүк сақтау орындары, өнеркәсіптік база, «Азамат» күзет қызметі, «Ақшың» әмбебап дәріханалары соның айғағы. Ал, кезінде 400 орынға арнап ашылған жабық базарда қазір 3 мыңнан астам кәсәпкер еңбек етеді. Заманауи сауда орындары корпорация басшылығының талмай ізденісінің, әріптестерімен өзара тәжірибе алмасудың жемісі. Бұл тағы елге мәлім іргелі кәсіпорынның өсіп-өркендеуінің жекелеген деректері ғана.
Ал, осы игі істердің ұйтқысы әрі ұйымдастырушысы болып келе жатқан қайраткер азаматтың кемелдену жолы қандай?
Тегінде, сонау 1985 жылы Жоламан ауылындағы көше комитетінің төрағасы ретінде қоғамдық қызметке белсене араласып, арада үш-төрт жыл өтісімен халық депутаттары Семей қалалық Кеңесіне депутат болып сайланған Марат Серікжанұлымен облыстық «Семей таңы» газетінде еңбек ете жүріп, ертерек танысуымыз да әбден мүмкін екен. Сәті түспеген… бұл оның экономист әрі заңгер ретінде кәсіпкерлік тізгінін мықтап қолға алған жылдар. Содан бергі ондаған жылдар үдесінде семейлік сайлаушылардың сеніміне төрт мәрте бөленген Марат Құрманбайдың қазір облыстық мәслихаттың депутаты екені де көп жайды аңғартса керек.
Еліміз егемендік алған жылдары атқа қонып, еңбегімен құрметке бөленген азамат Елбасының бірнеше Алғыс хаттары мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Ол Қазақстан Республикасы базарлары, сауда кәсіпорындары мен қызмет көрсету саласы қауымдастығының вице-президенті, облыстық Кикбоксинг және тай боксы федерациясының президенті ретінде қарымды қоғамдық қызмет атқарады.
Ал, ең бастысы «Ақшыңның» қайраткер басшысы аса елжанды азамат.
Ол ұлт мәртебесін асыратын шаруаға бірінші болып қолын созады. «Ақшыңға» бара қалсаңыз сауда орнына емес, барша Алаш жұртына жанашыр орталыққа тап болғандай жаныңыз жадырар еді. Ұлт мәртебесін ұлықтап, Абай, Шәкәрім мен Мұхтарды ардақтаған көрнекіліктер көздің жауын алып, ұрпаққа үлкен ой салады. Бизнес майталманының осыдан он жыл бұрын «Шәкәрімтану мәселелері» көптомдығының шығуына қаржылай көмек жасағанын ақын мұрасының шырақшылары жақсы біледі. Кемеңгер Шәкәрім қажының биылғы 160 жылдығына орай Жидебайдағы «Шәкәрімнің саят қорасы» музейінің ашылуына да тілеуқор Мәкеңнің мырзалық көрсеткенін музейге келушілер ризашылықпен айтып жүр. Сонымен қатар ардагерлерге, балалар үйлеріне, мәдениет пен спорт салаларына қолдау білдіре отырып, танымал меценат Марат Серікжанұлының «Атамекен» ұлттық палатасының Құрмет грамотасымен, республикалық «Алтын жүрек» дипломымен марапатталып, республика бойынша сауда саласының «Жылдың үздік басшысы», облыс кәсіпкерлері арасында «Жыл адамы» атануы да «Ақшың» мен оның арқатірек азаматының еңбегіне берілген лайықты баға.