НҰРҒАЛИЕВА Мағия,
кәсіпкер
Мағия Нұрғалиева 1946 жылдың 25 мамырында Абай ауданы Қарауыл аулында дүниеге келген. 1966 жылы Қарауыл орта мектебін бітірді. Медбикелікті таңдаған жас маман 1966 жылдан 1976 жылға дейін Саржалда фельдшер, одан кейін 1991 жылға дейін медбике болып еңбек етті. Еңбек ардагері.
1995 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Жолдасы Қуаныш Құсайынов ақсақал – ауыл шаруашылығы саласының белді ардагері. Іскерлікте бағыт-бағдар ұстанған да осы азамат. Өңірдің мал шаруашылығын өркендетуде сүбелі үлес қосқан.
Асқар, Айдар, Айдын, Дархан, Думан есімді ұлдары бар. Бесеуі де жоғары білімді. Мағия апамыз қазір 18 немере, 5 шөбере сүйіп отырған аяулы аналарымыздың бірі.
САУЫН САУСАҢ БИЕ САУ, БОЗ ҚЫРАУ ТҮСПЕЙ СУАЛМАС
Жаздыгүні желінің басына барғандар шексіз әсер алып қайтатыны шындық. Бір жағынан қазақ болғаннан кейін шығар, мұндайды жанымыз қалап тұрады. Қаланың тіршілігінен жеріп, кейде сағынамыз да. Бұл – қазақтың берекесі мен ырысы артқан жер. Шөптің нәрі толған шақта, ерте көктемде туған құлындар жетіліп, ноқтаға бас білдірген шағында бие байлайды. Сол күні “Бие байлар, желі майлар” дәстүрімен, қариялар батасын беріп, желінің қазығын майлайды. Күміс білезіктері жарқыраған апаларымыз, жеңін түріп алып, бір тізесіне ыдысын тіреп, саумал сауып жатады. Керемет көрініс, молшылық пен тоқшылықтың белгісі. Кешке дейін бірнеше рет сауылған бие сүті күбі, сабаларға құйылып ашытылып, пісуі қанған қымыз қазақы дастарханымыздың сәніне айналады.
Осы бір қазақы үрдіс пен ұлттық сусынымызды насихаттап, көп шаңыраққа үлгі болып жүрген аналарымыздың бірі – Мағия Нұрғалиева. Жасы жетпістен асса да, әлі күнге дейін ауруға – шипа, дертке – дауа болатын қымызды халыққа ұсынып, ризашылығына кенеліп жүр.
— Мағия апа, өмірдерегіңізді оқып отырсам, медицина саласындағы шоқтығы биік мамандардың бірі болыпсыз. Ақсақалыңыз ауыл шаруашылығын гүлдендіруге атсалысыпты. Кәсіпкерліктен де шеттеп қалмапсыздар.
— Ия, ол жылдары балалар жас, бәрі студент болатын. Сол құлындардың қамы үшін, соларды жеткізейік деп жолдасым екеуіміз ата кәсіп – мал бағумен айналысып кеттік. 1995 жылдары «Семей базарында» қозы, бағлан сатып жүрдік. Жылқы, сиыр етін де саудаладық. Артынан құрт, май, қымыз сатуға көштік. Қымыз баптауды апайым Күлзия Нұрғалиевадан үйрендім. Жолдасы Оразғали Сағатов деген азамат, көпке белгілі, еңбекқор жан. «Құрмет» орденінің иегері. Сол кісілердің ақыл-кеңестерімен шамамызға қарай, жылына 5-6 биден байлап отырдық.
Ертеде қымыз дегенді сатқан емеспіз, өзіміз сауып, дастарханда тұратын. Келімді-кетімді қонақтармен, бала-шағамызбен отырып ішетінбіз. Артынша, заманның қиындығына орай, саудалауға тура келді. Бірақ, мал өнімдерінің арқасында жұрттан кем болған жоқпыз.
Қымыз – ауруға — шипа, дертке — дауа, сауға — қуат беретін сусын. Оның адам денсаулығына пайдасы туралы қазір көп айтылып жүр. Қымыздың құрамындағы сүт қышқылдары тоқ ішектің жұмысын жақсартады. Осы қасиеттеріне қарап, қымызды ас қорыту, ішек жолы, созылмалы гастрит, асқазан мен он екі елі ішектің жараларында, өт жолы, сонымен қатар өкпе ауруларының жеңіл түрлері мен жүрек-қан тамырлары ауруларына дауа екені белгілі болып отыр. Демек, істің көзін білетін иесі табылса, биенің желінінен сүт емес, телегей теңіз табыс ағызуға болады.
— Тәрбие асқа да байланысты дегенді жиі естіп жүрміз. Сіз бұл қағидамен келісесіз бе?
— Өте дұрыс айтылған сөз. Мен дастарханға табиғи, қолдың тағамдарын қойғанды жақсы көремін. Балаларым мен немерелерім құрт, қаймақ, май жеп, қымыз ішіп өсті. Ұрпаққа жақсы нәрсені дарыту керек. Сүт өнімдерін ішкен балаға жақсы тәрбие қонады. Тәуба, жаман болған жоқ. Қазір балаларымның алды 50-ден асты. Ешқашан қарсылық танытып, ерсі қылық көрсеткен емес. Әлі күнге дейін айтқанымызды балаша орындап, алдымызды кесіп өтпейді. Осының барлығы дастархандағы таза, табиғи асқа да байланысты. Қазір неше түрлі сусындар, тез әзірленетін тағамдар қаптап кетті. Оның барлығы болашақ ұрпаққа зиян деп есептеймін. Ата-аналар осындайға ерекше көңіл бөлгендері жөн. Мен балаларымды қалай тәрбиеледім, сол қазақы жолдарымды келіндеріме де айтып отырамын.
— Қымыздың түр-түрі бар, дайындау әдісі де сан қырлы. Сіз өзіңіздің құпияңызбен бөлісе аласыз ба?
— Бие сауып, қымыз ұстаған соң, бабында болмаса, обал. Өзім ашытамын. Қымыз піскен сайын бабына келеді. 2 күн, тіпті 3 күн тұрған қымыз керемет әрі ағзаға сіңімді болады. Бірінші саумалды жылыдай сабаға құямыз да жүз рет пісеміз. Қалғанын суытып қосамыз. Бес сауын болғанда 5 рет пісеміз, сонда 500 рет піскен болып есептеледі. Одан кейін қазір заманның ағымына сай, 2 сағат шамасында аппаратқа қосып қоямыз. Артынша шыны кастрюльге құйып аламыз. Ертесі сабаға қайта құйып, 2 сағат тағы пісеміз. Сосын бір күн үйге қондырамыз. Үшінші күні жөнелтіледі. Осылайша бапталған қымыз 9 айға дейін бұзылмайды. Қымыз бөшкені ыстаудың да әсері мол. Өзім май жағып, тобылғымен ыстаймын.
Кейбіреулер тәп-тәтті саумал қымызды ұнатады. Оның ағзаға жағу-жақпауы екіталай. Қымызды дұрысы ыстық тамақтан 10-15 минуттан кейін ішу керек. Астың алдында ішсең, ол тәбетті қайтарып тастайды.
Дәстүрлі қазақ қоғамында қымыз, ұлттық сусын ретінде бағаланды, сонымен қатар күнделікті тұрмыста сусын ретінде кеңінен пайдаланылады. Бағзы заманда ауылда үйдің әл-ауқаты желіге байланған бие саны мен шаңырақтағы саба арқылы өлшенген, яғни сусын мен азық рөлін бірдей атқаратын қымыздың, ағарғанның мол болуы молшылық пен тоқшылықтың белгісі саналған.
— Сіз секілді аяулы аналарымыздан қазақы болмыс пен салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың иісі сезіледі. Әр шаңырақта осындай көнекөз, ақылы – дария әжелеріміз болса деп армандайсың… Ана бақыты дегенді қалай түсінесіз?
— Аналық бақыт – ұрпағыңның қызығы. Менде қыз болған жоқ, бірақ 5 ұлым да өзіммен сырлас, дос болып өсті. Балаларың адал болса, шалыс басып, жаман әдет көрсетпесе, нағыз бақыт деген осы. Ұрпағыңның амандығы, олардың жеткен жетістігі, қызық-қуанышы – ананы биіктерге жетелейді. Сол кезде ауру-сырқауды да білмейсің, көңілің марқайып, күш-қуат алып, жайқалған мәуе ағашындай өмір сүре бересің.
— Кәсіпкерлікке қайта оралайықшы. Тұтынушылармен қарым-қатынасыңыз қалай?
— Шамам келгенше әр тұтынушыға жылы қабақ танытып, жақсы сөйлесуге тырысамын. Ұсынған өнімің сапалы болса, ол адам саған екінші рет міндетті түрде келеді. Сатып отырған құрт-майың дәмді, шынайы махаббатпен жасалса, онда еңбегің ақталды дей беріңіз. Яғни, дұрыс, абыроймен жұмыс істеу керек.
Қазір «Ақшың» корпорациясының сауда орнында халыққа ұсынып отырған сүт өнімдері өзіміздікі. «Қуаныш» шаруа қожалығы жылдан жылға өркендеп келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың да игілігін көріп отырмыз. Бәріне, шүкір дейміз. Осы орайда, корпорация басшысы Марат Құрманбай балама, әрқашан қолдау білдіріп жүрген азаматтарға аналық ризашылығымды білдіремін. Бұрынғыдай емес, жағдайымыз жақсы. Сауда орталығында біздер үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Өнімдерімізді сауда орнына өздері тасымалдап әкеп береді. Екінші үйіміздей болып кеткен корпорация өркениет көшінен қалмаса екен деп тілейміз. Әр шаңырақта ақ мол болсын!