ОМАРОВ Нұрлан Срайылұлы

омаров.jpg

ОМАРОВ Нұрлан Срайылұлы,

«Семей машина құрастыру зауыты» АҚ Бас директоры, саяси ғылымдар кандидаты, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «Құрмет» және «Парасат», «ІІ дәрежелі Ұлы Петр» ордендері мен Қазақстан және Ресейдің 16 медалінің иегері, ҚР Құрметті машина жасаушысы, ҚР бірінші Парламентінің депутаты, ҚР Дене шынықтыру және спорт саласының Құрметті қайраткері, Семей қаласының Құрметті азаматы

АДАМДЫҚ АСҚАРЫНДАҒЫ АЗАМАТ

Адал еңбегінен бақыт тауып, абырой асқары мен бедел биігінен көрінген, соның арқасында ел-жұртының құрметіне бөленген жандарды кең байтақ еліміздің әр аймағынан кездестіруге болады. Осындай атпалдай азаматтардың бірі – Семейдегі «Ақшың» корпорациясының президенті, меценат Марат Құрманбай. Биыл аталған үлкен серіктестіктің құрылғанына 25 жыл толыпты. Алдымен, осы корпорация немесе оның құрамындағы сауда орталығы төңірегінде ой қозғайын.

Егемендіктің алғашқы жылдары құрылған «Семей базары» сол кезде алыс-жақын қалалардан тауар тасып, нәпақасын таппақ болғандар мен жұмыссыз жүргендерге үлкен қолдау болды. Қолынан іс келетіндер саудаға бет бұрды, бос жүргендер кәсіп тапты. Бірақ, базар деген осы екен деп, қол қусырып қарап отыруға болмайтын кезең еді бұл. Оның үстіне, тәуелсіздік таңы атқан тұста тек қана бизнес емес, барлық салада тоқыраушылық орын алды. Сондықтан, шалажансар күй кешкен базарлар жұмысына ерекше көңіл бөліп, жас мемлекетте сауда мәдениетін қалыптастыру керек болды. Бірақ, бұл бір-екі күннің шаруасы емес еді.

Әу баста акционерлік қоғам болып тіркелген «Семей базарын» басқаруға Маратқа дейін бірнеше жігіт келді, рас. Алайда, олар кәсіптің кілтін таба алмады.

Үлкен істің басына Марат Серікжанұлы келгеннен кейін барып, сең жүре бастады. Бұл – айтуға ғана оңай. Қабырғасы ғана қалған көкбазардың жұмысын жандандырып, жаңа нысандардың құрылысын бастау – теңіздің суын тауысам деумен тең еді. Бірақ, ерік-жігер мен маңдай тердің арқасында базар жылдан жылға қанатын кеңге жайып, тынысы ашыла түсті. Әрине, алға басқан бизнесті жалғыз Марат сүйреп жүрді деу әбестік болар. Кәсіпкер ұйымдастырушылық пен табандылықтың озық үлгісін көрсетсе, жанындағылар қостаушысы әрі қолдаушысы бола білді. Іскер азаматпен бірге бір мақсатты еңсеруге бет бұрғандар мен жақындары білікті басшының арманын асқақтатты, оған қол жеткізуге айтарлықтай көмек қолын созды. Адал еңбек етуге тырысып, базардың келбетін адам танымастай етіп өзгертті. Нәтижесінде, базар заманауи сауда орталығына айналып, қызмет түрлерін ұсынуға асыққан кәсіпкерлер саны да арта түсті. Жаңа ғимараттар бой көтеріп, заман ағымына сай жұмыс істеуге кірісті.

Шаһардың орталығындағы мен мұндалап тұрған осынау сауда орталығына талғамы күшті тұтынушы неге асығады? Себебі, сауда орнында барлық жағдай қарастырылған, мұнда бас сұққан адам кез-келген қызмет түрін бір жерден таба алады. Шама-шарқыңа қарай қалағаныңды сатып аласың. Ал кәсіпкерлер үшін тіптен тиімді.

Бүгінде ширек ғасырлық тарихы бар корпорация туралы ой қозғағанда оның басшысы төңірегінде сөз өрбітпеу мүмкін бе? Жоқ.

Марат Құрманбайдың бизнестегі қадамына тек сүйсінуге болады. Соңынан ерген жастарға үлгі. Кезінде қиындықтан қаймықпай, кедергімен шыңдалған кәсіпкер бүгінде маңдай тердің жемісін көріп отыр.

Мәкеңнің депутат ретінде атқарып жүрген жұмыстарын да тілге тиек ете кетейін. Тұғырлы тәуелсіздігіміздің азат ойлы депутатының келбеті анық. Олай дейтінім, сессия отырыстары болсын, түрлі басқосулар мен жиындар болсын, Марат ел мен жұрттың қордаланған мәселелерін айтады да жүреді. Халық сенімін арқалаған тұлға қала, ауыл тұрғындарымен тығыз байланыс орнатып, олардың мүдделері мен ұсыныстарын көтеріп қана қоймай, құзырлы орындарға ұсынып, қабылданған шешімдерді халыққа жеткізуде басты мақсат деп біледі. Арда азамат, білікті басшының әлі де болса ел экономикасы мен аймақтық дамуда қосар үлесі салмақты болары сөзсіз. Оның әсіресе, атамекені Абыралы өңірі халқының әлеуметтік жағдайын реттеу мен Семей, Жоламан, Шығыс кентінде жүзеге асырған игі істері ұшан-теңіз. Туған өлкесіне, өскен жеріне, сондағы ел тұрғындарына деген адал махаббатын Мәкең өзінің ізгі ниеті мен жомарт істері, батыл жобалары мен қыруар еңбегі арқылы білдіріп келеді. Ешбір жарнамасыз жүзеге асырып келген ірі де ауқымды іс-шаралары, өмірге деген ұмтылысы мен жақсылыққа деген құмарлығы өскелең ұрпақ пен өз арамыздағы көбімізге өнеге екені даусыз. Кешенді іс-шаралардың әрқайсысын саусақпен санағандай ретпен айтудың қажеті шамалы болар, кітапта бәрі жазылар. Оқырсыздар, куә боларсыздар.

Марат Серікжанұлының білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығы бір төбе. Меценаттың қолдауымен талай кітап жарыққа шықты, жас дарындар сахна төрінен көрінсе, мықтылар спорттық бәсекелерде еліміздің көк байрағын желбіретті. Жасампаз елдің жарқын болашағы үшін тер төккен осынау азамат келер ұрпақтың мақтанышы екені айтпаса да түсінікті. Таланттылардың маңдайынан сыйпап, ептілердің арқасынан қаққан Марат тарихтың төрінде болатын тұлға!

Мұның сыртында, есігін қағып келгендерге қол ұшын беріп, атымтай жомарттың арқасында баспаналы болғандар, еміне шипа тапқандар, қаржы қолбайлау болған істерін алдыға жылжытқандар қаншама? Бұл – нағыз адамгершіліктің, ана сүті мен тәрбие арқылы бойға сіңген асыл қасиеттің белгісі емес пе? Сондықтан, ұстанымы берік аптал арыстарымыз тұрғанда ел ертеңі кемел болатынына сенімім мол.

Бүгінде жақсы істердің жаршысы атанып кеткен Марат тек қана кәсіпкер, депутат, меценат емес, шаңырақтың тұтқасын ұстап отырған асқар әке, аяулы жар. Немерелерінің сүйікті атасы. Отбасында асыл құндылықтарды дәріптеп, өнегеге толы өмір жолындағы адамгершілік қасиеттерді балаларына ту етіп келеді.

Мараттың кез-келген жұмысын алып қарасақ, оның ұқыптылығы мен жоғары сапалылығын аңғаруға болады. Беделі бар, берекесі мол.

Қаздауысты Қазыбек би бабамыз: «Ерден ердің несі артық, ептестірген сөзі артық. Жерден жердің несі артық, бір-ақ уыс шөбі артық» деген екен. Тегеурінді тектіліктің жалғасы қай заманда да өз тұлғаларын туғызып, тарих тынысына өз үлесін қосып отыратыны белгілі. Сол қатарда арда азамат, бекзада болмыс иесі, бүгінгінің тілімен айтқанда бизнесмен, адамдық асқарындағы азамат, менің ой-толғауымның арқауы Марат та бар.

Ол басқарып отырған «Ақшың» корпорациясының 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл той – баршамызға ортақ қуаныш. Күллі Семейдің тойы. Мәке, өзіңе зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, толағай табыс тілеймін!

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ