БАЙДИЛЬДИНОВ Алдаберген Мұқанұлы

БАЙДИЛЬДИНОВ Алдаберген Мұқанұлы,

«СемейВет» ЖШС ветеринарлық сарапшысы

SCAN_20181216_125044985_002.jpg

«Малым – жанымның садағасы» деген қазақтың тұрмыс-тіршілігі төрт түлік малмен тікелей байланысты болғаны баршамызға аян. Қамбар ата, Зеңгі баба, Ойсыл қара, Шопан ата мен Сексек атаның төлін баққан қазақ біреуден көш ілгері болмаса, ешкімнен кем болмады. Дархан даланың төсінде қоралы қой, келелі түйе, табын-табын сиыр мен үйір-үйір жылқы өргізіп, өнімдерін ішіп-жейтін азық, киетін киім, мінетін көлік етіп пайдаланды. Сондықтан төрт түлік малдың қарасын көбейтуге барынша күш салды. Күтіп-баптауға, аман сақтауға асқан ұқыптылықпен, жоғары жауап­кер­шілікпен қарады. «Бақпасаң мал кетеді…» деп мақалдатқаннан бұрын «мал-жаның аман ба?» деп құшақ жайып көрі­сетін қазақтың айтары астарлы, меңзегені тереңде болса керек. Сонау бір зұлмат күндерде, «қарағай басын шортан шалған» зар-замандарда, жұтқа ұрынған жылдарда да төрт түлік малдың тұяғын қайта тіктеп, тіршілік көзіне айналдырып отырды. «Қой ақсағымен мың» демекші, ауру-сырқау малға ем-дом жа­сауда да алдына жан салмаған, жетік білген қазақпыз.

Ата кәсіпті жалғастырған жандар қазір де жетерлік. Мұндайға тек қуанасың. «Баққан малдың кем-кетігін өзім білем» дегенмен, өркениетті заманда сауда орындарына жеткізілетін мал еті, сүт өнімдері сынды ауыл шаруашылық өнімдерінің сапасын қадағалау – уақыт талабы. Тиісті ереже, орынтайтын талап бар.

Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған 2010 жылғы «Жаңа онжылдық — жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды мәселе. 2014 жылға қарай азық-түлік өнімдерінің ішкі нарығының 80 пайызын отандық азық-түлік өнімдері құрауы тиіс. Бізде бұған толық мүмкіндік бар», – деп бүгінгі таңда ғаламдық мәселенің біріне айналып отырған азық-түлік қауіпсіздігі төңірегінде отандық өнімдердің орнын ерекше атап көрсетіп, бұл саланы ойдағыдай дамытуға қол жеткізуіміз керектігін қатаң тапсырды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты әлемдік деңгейдегі іс-шараларды айтпағанда, отандық сауда орындарындағы ветеринарлық зертханалардың жұмысын жөнге қою — мәселені шешудегі алғашқы қадамдардың бірі.

Бүгінгі таңда «Ақшың» корпорациясындағы «СемейВет» ЖШС азық-түлік пен ауыл шаруашылығындағы шикізаттарды ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өткізумен айналысады. Серіктестік мұндай қызмет түрлеріне берілетін лицензияны 2003 жылы елімізде екінші болып еншілеген. Бүгінде атқарып отырған жұмыстары ауқымды. Зертхана қажетті заманауи қондырғылармен толықтай жабдықталған. Халықты сапалы өніммен қамту барысында атқарылып жатқан жұмыстармен жақын танысу мақсатында зертхананың ветеринарлық сарапшысы, серіктестіктің тұңғыш директоры Алдаберген Байдильдиновты әңгімеге тартқан едік.

Ветеринария саласының қыр-сырын меңгерген азамат Жаңа Семей ауданы Знаменка ауылының тумасы, Семей зооинженерлік-ветеринарлық институтының 1986 жылғы түлегі. Тәжірибесі мол, білікті маман.

Жұбайы Альмира Байдильдинова– медбике, рентген-лаборант. Екі баласы бар. Ұлы Бақыт – инженер-программист. Қызы Дариға – Алматы экономика, қаржы және менеджмент университетінің ІІ курс студенті. Немересі Айсана 3 жаста.

МАҚСАТ – АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

— Алдаберген Мұқанұлы, тұтынушыларды сапалы азық-түлікпен қамтуда осындай ветеринарлық-санитарлық сараптама жүргізетін зертханалардың жұмысы өте маңызды екені рас. Әу баста «Семей базары», 2008 жылдан бері қарай «Ақшың» корпорациясымен бірлескен жұмыстарыңыз қалай басталды?

— Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі аласапыран, жаппай жекешелендіру төрт түліктің түбіне жетті. Тігерге тұяқ қалдырмады. Бұл ащы болса да шындық. Мал фермалары қаңырап бос қалды. Ветеринария қызметі құрдымға кетті. Бірақ өздеріңіз білесіздер, ауыл шаруашылық министрлігі мен тиісті ведомостволардың кешенді жұмыстары арқасында BAG_5146.JPG ата кәсіп – мал шаруашылығының жағдайын әупірімдеп реттеп алдық. Қазір елімізде мал басы көбейіп келеді. Әркімнің ауласындағы жеке меншік малдармен қатар, ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары да қарқынды дамып келеді. Салаға қажетті мамандар да бар. Төрт түліктің төлін бағып, нәпақасын тапқандар үшін де мемлекет тарапынан қолдау бар. Осындай қыруар жұмыстардың аясында тиісті заңнамалақ және нормативтік құжаттар да жетілдірілді. Соның бірі – ветеринариялық қызметке байланысты болды.

2002 жылы елімізде «Ветеринария туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Құжатты жетілдіруге тиісті министрлікпен қатар, Қазақстан Республикасы базарлары, сауда кәсіпорындары мен қызмет көрсету саласы қауымдастығы белсенді атсалысты. Осы заң арқылы мемлекет төңірегінде бәсекеге қабілетті жеке меншік ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханаларын құруға рұқсат берілді. Мұндағы мақсат – жұмыстың сапасын арттыру болатын. Бұған қоса, мемлекет тарапынан қаржы үнемделеді.

Шыны керек, «СемейВет» серіктестігінің ашылуына бірден бір себепкер болған ол кезде «Семей базары» серіктестігінің президенті Марат Серікжанұлы Құрманбай болатын. Өзінің көрегендігі арқасына бізге осындай заманауи зертхана жолын жөнге қоюға ұсыныс тастады.

— Жеке меншік ветеринарлық-санитарлық сараптау зертханаларына берілетін лицензияны сіздер елімізде алғашқылардың бірі болып еншілепсіздер.

— Иә, дұрыс айтасыз. Құжатты қолға жеткізу оңайға соққан жоқ. Оның өзінің қатаң талаптары мен ережелері бар. Соларды мүлтіксіз орындағанның нәтижесінде рұқсат қағазын алдық. Қазақстанда ең бірінші болып мұндай лицензияға Тараз қаласы ие болыпты. Екінші құжатты біз алдық. Бұл да бір жағынан қарап тұрсаңыз, біздің жігіттердің іскерлігі мен еңбекке деген құлшыныстарының арқасы деп ойлаймын. Әрине, лицензияға қол жеткізгеннен кейін, бірден жұмыс жүріп кетті деу қиын. Түрлі қиыншылықтар мен кедергілер болды. Басында «Ақшыңда» республикалық мемлекеттік кәсіпорынмен бірге жұмыс істедік. Бірақ, уақыт өте біздің зертханаға заманауи қондырғылар келді. Халық та сапалы қызмет түрлерін пайдаланып, қызығушылық таныта бастады. Біз де қарап отыра алмадық, ізденіс пен талпыныстың арқасында мүмкіндікті кеңейтуге тырыстық. Түрлі халықаралық семинарларға қатысып, тәжірибе алмастық. Ондай басқосуларда жеткен жетістіктерімізді паш етіп, басқа DSCF5431.jpg зертханаларға да білгенімізді үйретіп жүрдік.

Бір ғана мысал: 2003 жылы «СемейВет» ЖШС оңстүсітік астанамыз Алматыда өткен ІІ Халықаралық ветеринариялық конгреске қатысып, үлкен табысқа жетті. Біздің серіктестік «Үздік ветеринарлық-санитарлық зертхана» аталымы бойынша 1-орынға ие болды. Айтулы шараға 10-ға жуық мемлекет өкілдері қатысқан болатын. Олардың арасынан топ жару – үлкен жеңіс еді.

Сан-алуан қызмет түрлерін ұсынатын зертхана болғаннан кейін, қондырғыларсыз жұмыс істеу мүмкін емес. Сондықтан, оларды да ғаламтордан іздеп, сатып алуға тырыстық. Бұл ретте тағы да корпорация басшысы Марат Серікжанұлы үлкен қолдау көрсетті. Жұмысты ілгерілету үшін қаржы аямайтын. Соның арқасында алғашқы жылдары Ресейдің Мәскеу, Новосибирск қалаларынан тапсырыс беріп, заманауи озық қондырғыларға қол жеткіздік. Ол кезде ондай қондырғылар облыс көлемінде ешқай жерде жоқ болатын. Қазір жағдаймыз жаман емес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен халыққа сапалы өнім ұсыну бағытында жемісті еңбек етіп жатырмыз.

— Зертхананың жұмысына тоқтала кетсеңіз. Қандай азық-түлік түрлеріне тексеру жүргізесіздер?

DSCF5058.JPG — Өздеріңізге мәлім, Семей өңірі мал шаруашылығына өте қолайлы аймақ. Біздің сөрелерге мал еті Тарбағатай, Көкпекті, Абай аудандарымен қатар, Қайнар, Абыралы, Знаменка ауылдарынан және қала іргесіндегі аудандардан жеткізіледі. Сойылған мал етіне берілетін құжаттар бөлек. Зертханаға түскен етті арнайы бекітілген ереже мен талаптарға сәйкес тексеруден өткіземіз. Ең алдымен малдың басын, бауырын, өкпесін және көкбауырын сараптамадан өткіземіз. Тексеруден өткен мал етіне «өнімді сатуға жарамды» деген қағазды 72 сағатқа береміз. Ал егер инфекциялық аса қауіпті ауруларға күдік туындаса, тереңдеп зерттеу үшін қаламыздағы мемлекеттік ветеринарлық зертханаға жібереміз. Ол жақтан сараптамаға қатысты нақты нәтиже келмейінше, ет осындағы арнайы үлкен тоңазытқыштарда сақталады. Бұл жерде айта кетерлігі, біздің зертханада әкімшіліктегі ветеринария мамандары болады. Олар аудан, ауылдардан жеткізілген мал етінің сол жақта берілген анықтама құжаттарын тексереді. Ал біздің міндет – сараптама жасау.

Мал етінен бөлек, сүт өнімдері де біздің бақылауымызда. Бұл ретте ең бастысы брюцеллездің белгілеріне ерекше мән береміз. Одан кейін қышқылдығына, майлылығына сараптама жасаймыз. Сүтке судың қосылған, қосылмағанын да анықтап береміз. Қаймақ, ірімшік сынды түрлі сүт өнімдерін тексерудің әрқайсысының өзінің әдістемесі бар, сол ережелерге бағына отырып, тұтынушыларға сапалы, олардың денсаулығына зиян келтірмейтін азық-түліктің сөрелерге қойылуына жағдай жасаймыз. Бұдан басқа балық пен балды да сараптамадан өткізу біздің ветеринарлық-санитарлық зертханаға жүктелген.

— Алдаберген Мұқанұлы, шындығын айтқанда осындай зертханалардың жұмысына лайықты мән бермейді екенбіз. Сіздің әңгімеңізден кейін, жұмыстарыңыздың аса жауапты екеніне көз жеткізіп отырмын.

— Сапалы тамақ өнімдерін өндіру – нарықтың кезек күттірмейтін қағидаларының бірі. «Ауру — астан» деп бекер айтылмаған. Кез-келген экономикалық даму үрдісіндегі мемлекеттің басты мақсаты — ауыл шаруашылық өндірісін қолдайтын, халқын өніммен жабдықтауға және оның тәуелсіздігіне кепіл беретін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. «Медицина — адамды емдесе, ветеринария — бүкіл адамзатты емдейді» деп ұлы ғалым И.П.Павлов айтқандай, ветеринария саласы — қарқынды дамып келе жатқан ауыл шаруашылығына ауадай қажет мамандық екені рас. Ветеринария саласының мамандары халықпен тікелей қатынаста жұмыс жасайды. Көп жағдайда қарапайым халық мұндай шаралардың және «Ветеринария туралы» заң талаптарын сақтаудың өте маңызды екенін түсіне бермейді. Осының нәтижесінде адам мен малға қауіп төндіретін аурулар өршиді. «Мал саулығы – жан саулығы» демекші, өнімдерден адам денсаулығына зиян келтіретін ауруларды анықтау бағытында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс істеп жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда, мақсатымыз – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұтынушыларға сапалы өнім ұсыну. Зертхана жұмысының барлық талаптарға сай жұмыс істеуіне корпорация басшылығы да ерекше көңіл бөліп отырады. Бұл өте дұрыс бағыт деп ойлаймын. Себебі, біз өз тарапымыздан сапалы жұмыс істесек, кәсіпкерлердің, ауыл шаруашылық өнімдерін жеткізетін қарапайым халық пен тұтынушылардың бізге деген сенімі артады. Бұл бәріміз бірлесе атқарып отырған істің ілгерілеуіне оң ықпал етері сөзсіз.

— Күніне қанша бас малдың етін тексеруден өткізесіздер?

— Қазір қаламызда ауыл шаруашылық өнімдерін ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өткізетін зертханалар баршылық. Сауда орындары да жетерлік. Әрқайсысының өзінің зертханасы бар. Оның үстіне халықтың өнімге қолжетімділігін арттыру үшін түрлі жәрмеңкелер де ұйымдастырылып тұрады. Мұның барлығы дұрыс шаруа. Айтайын дегенім, осылардың барлығына өнімдер жөнелтіледі. Алғашқы жылдары бір күнде 30-40 бас ірі қара, 50-60 ұсақ малдың етін тексеретінбіз. Қазір нарықтың кеңеюіне байланысты күніне 15-17 ірі қара, 5-6 бас жылқы етін кіргіземіз. Мұның сыртында қой, шошқа еті бар. Қысқа қарай мал еті азая бастайды, әрине.

— «Ақшың» корпорациясы аясында жұмыс істеп келе жатқандарыңызға 15 жылдан асып барады. Ірі сауда орнының құрылғанына ширек ғасыр. Кешегі күн мен бүгінгі күннің айырмашылығы бар шығар?

— Әрине, жер мен көктей. «Ақшың» корпорациясы өркендеу жолында. Сауда орны қанатын кеңге жайған сайын, біз де заман көшінен қалмай, дамып келеміз. Қазір тұтынушылардың да көзі ашық деуге болады. Олар сатушылардан өнімнің тиісті құжаттарын талап етіп, сапалысын сатып алуға тырысады. Демек, адамдар өз денсаулықтарына бей-жай қараймайды деген сөз. Бұл, әрине, бізді қуантады. Содан кейін, зертхана жұмысының қызметін пайдаланған алыс-жақындағы шаруа қожалықтары да қазір бізбен тығыз қарым-қатынас орнатып, белсенді жұмыс істеп келеді.

Корпорацияның ширек ғасырда жеткен жетістіктері баршамызды қуантады. Біз де осы ірі сауда орнының бір бөлшегіміз. Халықтың емін-еркін таңдау жасауына мұнда барлық жағдай жасалған. Қызмет түрлері сапалы, ғимарат іші жарық, заманауи жабдықталған. Осы жетістіктер еселене берсе дегіміз келеді.

— Сұхбатыңызға рахмет!

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ