МЕДЕУОВ Сүлеймен Медеуұлы,
«Ақшың» корпорациясы президентінің кеңесшісі
Сүлеймен Медеуұлы 1953 жылы Абыралы ауданы Социалистік Қазақстан ауылында дүниеге келген.
1976-1980 жылдар аралығында ауыл шаруашылық нормативтік станциясында агроном, Новопокровка совхозының техникумында мұғалім болып еңбек етті.
1980-1985 жылдары облыстық өндірістік «Сельхозхимия» бірлестігінде бөлім басшысы болды.
1992-2000 жылдары аймақтық мемлекеттік мүлік комитетінің бөлім басшысы, бірінші орынбасары және аталған комитеттің төрағасы қызметін атқарды.
2004-2010 жылдар аралығында облыстық монополияға қарсы департаментінің бөлім басшысы, облыстық қаржы басқармасының орынбасары болды.
2010-2016 жылдары Семей қаласында ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, экономика және бюджеттік жоспарлау, жер қатынастары бөлімдерін басқарды.
2018 жылдың қаңтарынан «Ақшың» корпорациясы президентінің кеңесші.
Жұбайы Нұркамал Медеуова – зейнеткер, 25 жыл бас есепші болған қаржы саласының ардагері.
Екі ұлы бар. Диана, Сана, Жанрух және Ясмин есімді немерелерінің сүйікті атасы.
ЕСКІНІҢ ЕСІГІН АШПАЙ,
БОЛАШАҚТЫҢ ТЕРЕЗЕСІН ҚАҒА АЛМАЙСЫҢ
— Сүлеймен Медеуұлы, 10 жылға жуық тарихы бар «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры қалай құрылды? Қордың аз уақытта ауыз толтырып айтарлықтай атқарған жұмыстарына тоқталсаңыз.
— Әңгімемізді әріден бастайық. Осыдан тура 69 жыл бұрын, яғни 1949 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонында алғашқы сынақ жүргізілгені тарихтан белгілі. 1963 жылға дейін жер бетінде жасалған сынақтардың зардабы орасан зор болды. Аурулардың есеп-қисабы 1990 жылға дейін мұқият жасырылып келді.
Сынақ алаңы Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарының қиылысында орналасқан және жалпы 18 мың шаршы шақырым жерді қамтыды. 1949-1989 жылдары осы аумақта 466 ядролық сынақ, оның ішінде 30 жер үсті, 88 әуе және 348 жер асты ядролық жарылыстары жүргізілді. Бұл ретте 13 жарылыс радиоактивті газдың атмосфераға шығарылуына алып келді. Сарапшылардың түрлі бағалаулары бойынша, шамамен 1,5 млн. адам радиациялық сәулеленудің әсеріне ұшырады.
Полигонда әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды.
Қырық жыл жарылыстан көз ашпаған дархан даламыз осындай қасіретті бастан кешірді. 1991 жылы 29 тамызда Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Семей сынақ полигоны жабылды. Бұл әрине, егемендікке ие болған жас мемлекетті қарқынды дамыту мен әлемдік аренадағы оның беделін арттыру бағытындағы маңызды қадам болды. Батыл шешім Қазақстанды өзге елдерге үлгі етсе, қайғы мен қасірет әкелген сынақтардың үнін біржолата өшірді.
Қазір ең жоғарғы радияциялық қауіпті аймаққа бұрынғы Семей облысының Абай, Бесқарағай аудандары, бұрынғы Абыралы және Жаңа Семей аудандары, сонымен қатар Павлодар облысының Май ауданына қарасты елді-мекендер жатады.
Біз айтып отырған Абыралы ауданының жері өткен ғасырдың елуінші жылдары сынақ алаңын жасақтау кезінде әскери кешенге айналды. Жергілікті халық Қарқаралы, Абай, Шұбартау, Шар, Жарма сынды алыс-жақын аудандарға көшірілді. Қырық жыл жарылыстан көз ашпаған елді-мекендерде қазір де халық бар. Қолда бар малын бағып, шағын кәсібін ашып, күнелтіп отырған ауылдағы ағайын болашақтан тек жақсылық күтеді.
Осындайда Абыралы өңірінің тіршілігін жаңғыртып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бел буған қалталы азаматтар игі істердің басына жиналды. Дәлірек айтқанда, аталған өңірдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, оларға сапалы медициналық қызмет түрлерін ұсыну, аймақтың экологиялық мәселесін шешу сынды қордаланған мәселелерін бір жақты ету мақсатында 2009 жылы наурызда «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры құрылды. Ол кезде құрылтайшылар құрамына Семей, Алматы, Астана, Өскемен қалалары мен Қайнар, Доғалаң, Абыралы, Ақбұлақ, Айнабұлақ, Таңат елді-мекендерінен 22 адам енген болатын. Олар: Құрманбай Марат Серікжанұлы, Акпаров Лазарь Шаймерденович, Бергенов Түлеш Сәдуақасұлы, Жақыпов Өміржан Құспанұлы, Ибраев Ғаббас Түкешұлы, Иманбаев Нұриден Құсманұлы, Қайырбеков Нұрғазы Қабенұлы, Картоев Султан Умарович, Көшжанов Мақсұт, Орынбаев Балтабек Сағынбайұлы, Панин Михаил Семенович, Сағатбеков Қалихан, Мергембаев Ерғали Нұрғалиұлы, Молдашева Риза Асанқызы, Мұқашев Құмар Ершеұлы, Мүтәнов Ғалымқайыр, Мусин Қайноллан Ролланұлы, Нұрғали Рымғали Нұрғалиұлы, Тәбәріков Сейітмұхамет Тәбәрікұлы, Шәкіров Боранбай Нұршайынұлы, Нәсенов Болатбек және мен. Қорды Марат Серікжанұлы басқарды.
Қор 10 жылға жуық уақытта өз алдына жоспар құрып, ауыз толтырып айтарлықтай кешенді іс-шараларды жүзеге асырды. Тілге тиек етіп, қысқаша айта кетер болсам, осы жылдар аралығында Абыралы халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру мақсатында тиісті мекелермен етене жақын жұмыс істедік. Хаттар жолданды. Тиісті жауаптар алынды. Қайнар ауылына кіреберіс жолына қақпа типтес стелла, С.Бегалин атындағы мектепте бірсыпыра ілкімді істерді жүзеге асырылды. Полигон құрбандарына арнап, биіктігі 15 метр болатын монумент тұрғызылды. 2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай «Ұлы Отан соғысына аттанған абыралылықтар» деген атпен мың жарымнан аса ардагердің аты-жөні жазылған тақтатас орнаттық.
Араға бір жыл салып, 2011-жылы Абыралы көтерілісінің 80 жылдығы қарсаңында Марат Серікжанұлының ұйытқы болуымен Қайнарда «Бабалар ерлігі — тәуелсіздік тірегі» атты тарихи ескерткіш бойы көтерді. Мұның сыртында өңірдегі елді-мекендерде қордың қолдауымен бірсыпыра мәдени шаралар қолға алынып, лайқты деңгейде өтіп жатты.
— Биыл бұрынғы Абыралы ауданы, бүгінгі Абыралы өңірі өзінің 90 жылдығын атап өтті. Кешенді іс-шаралардың аясында 30 жылға жуық уақыттан кейін бағдартас жаңартылды…
— Иә, бұл – қуанышты жаңалықтардың бірі болды. Бағдартас Абыралы өңірінің аумағы басталатын жерге қойылды. Биікті – 7 метр. Ресейде шығарылған кірпішпен қапталған туындыға «Абыралы өңірі» деп латын әріптерімен жаздық. Бағдартасты тұрғызушы – қайнарлық суретші Талғат Әлібаев. Тарихқа сүйенсек, жаңа айттым ғой, 1954 жылдан бастап Абыралы өңірінің халқы көршілес аудандарға көшіріле бастады. Бұл – трагедия. Жақында архивтегі құжаттардан көрдік, бір ғана Жарма өңіріне сол кезде халықпен бірге 200 бас ірі қара, 500 жылқы, мың бас қой айдалған. Бірқатар елді-мекен Қарқаралыға, Абай ауданына қосылды. Қаңырап қалған ауылдар сым темірмен қоршалып, әскери кешенге айналды.
Мен 2009 жылы облыстық қаржы басқармасының орынбасары болып қызмет істеп жүргенімде, бірқатар аудандар өздерінің 80 жылдығын дүркіретіп тойлатты. Сол кезде «Шіркін-ай, Абыралы өңірі де өзінің осындай қуанышын атап өтсе…» деген ойда қалдым. Бертін келе, Семейге ауысып бірқатар жауапты қызметте болдым. Соның ішінде жер қатынастары бөлімін басқарып жүрген кезімде, бір күні Абыралы өңірінің 1954 жылдан бергі картасына көзім оттай басылды. Қарап отырсам, әлгіде бұрынғы Тасбасқан, Тайлан, Еңбектес, Ұзынбұлақ, Татан сынды ауылдар жоқ. «Әттеген-айға» басып жүріп, 1934, 1946, 1952 жылдардағы карталарды тауып алдым. Осылайша 90 жылдық мерейтоға орай 4 картаны пайдаланып, бір карта жасап шығардық. Сол картаны қара тасқа бастырып, жаңағы бағдартасқа қойдық. Габро тасқа 1928-1954 жылдардағы, бүгінде ұмытыла бастаған жер-су аттарын электронды әдіспен жаздырдық. Сонымен қатар, осы өңірдің тумасы Нұрлан Айтмұқашұлының:
Далаңды сенің улап бір өткен ғасыр-сын,
Ғафу өтінсін, алдыңа келіп басұрсын.
Абыралы-мекен, уақыт салған көпірдей,
Кешегі менен бүгінді жалғап жатырсың, —
деген рухты өлең жолдарын да оқуға болады.
Тақтатаста көрсетілген «Ескі жол» бұрын төте жол болған. Біздің әкелеріміз, аталарымыз осы жолмен жүрген. Семейге келіп, қайтып жүрген. Бұл да тарихтан сыр шертетін дүние.
Мен облыстық басқармада істеп жүргенде бірталай аудандар мен оларға қарасты елді-мекендерде болдым. Сол кезде дәл осындай заманауи үлгіде, осындай ой-қиылмен жасалған бағдартасты көргенім жоқ.
Басында карта жасау туралы ойымды Марат Серікжанұлына айтқан едім, ол бірден құптай кетті. «Ескінің есігін ашпай, болашақтың терезесін қаға алмайсың» деген қанатты сөз бар, бұл қадам арқылы атамекенге, туған жерге деген құрметтің озық үлгісін көрсетуге тырыстық. Сонымен қатар, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына да үлкен қолдау болды.
Айта кетерлігі, ащы болса да шындық, бұл бағдартас пен картаны орнатуға жергілікті билік өкілдері қарсылық танытты. «Кеңес заманындағы ауылдың аттарын неге жазасыңдар, ертең трактормен кеп, күреп тастаймыз…» дегендер де болды. Бұл жерде біздікі — атқамінерлерге мінез, елдің ұстанған саясатына күш көрсету емес, өткен күнге деген құрмет. Біз ешқашан тарихты сызып тастай алмаймыз. Өткенімізді білмей, болашақты жасай алмаймыз. Сондықтан, бұл қадамды дұрыс түсіну керек. Кеңес заманында әкелеріміз, ағаларымыз, өзіміз де өстік, білім алдық. Сол ортада тәрбие көрдік, ертеңгі күнге деген үмітпен, арманмен өмір сүрдік. Сол күндерді қалай ғана өшіріп тастауға болады. Әркімнің ғұмырын жоққа шығару – тарихқа жасаған қиянатымыз болар еді.
Кеңестік білім мен тәрбиенің арқасында жетіле отырып, егемендіктің іргесін қаладық. Жас мемлекетіміздің гүлденуіне аянбай тер төктік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біркісідей жұмылып, осы бағытта еңбек еттік емес пе?!
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «…Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті… Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек…» дегенді айтады. Демек, біз қолға алып отырған ауқымды шара бір жағынан өткенді құрметтеу болса, екінші жағынан келешек ұрпақ үшін жасалып отырған дүние.
Жалпы, туған жерге тағызым жасау, кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу қазақ халқының әлмисақтан жалғасқан салты екенін бәріңіз де жақсы білесіздер. Ол – ұлттық санамыздағы қастерлі ұғым. Туған топырақты қастерлеу – қазақ халқының ата-бабадан жалғасқан салты. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген дана халқымыз. Осы қағиданы ұстанған әр адам атамекен – алтын бесігін естен шығармай, оған өзін мәңгілік қарыздармын деп есептейтіні ақиқат. Біз де осы қағиданы ұстанып, өскелең ұрпаққа үлгі көрсетуге тырыстық.
Осыншалықты қыруар жұмысты «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының тікелей қаржыландыруымен жүзеге асырдық. Бұған қоса, ауданның 90 жылдығын атап өтуге балаларымыздың да белсенді атсалысуын қаладық. Неге десеңіздер, ұрпақтарымыз да ата-бабаларының жерін білсін, туған ел мен жерге деген сүйіспеншілікті жоғалтпаса екен деген ниетіміз болды. Шүкір, тойға біркісідей атсалысқан алдыңғы буын ағаларымыз, өзіміздің де балаларымыз қаржылай көмектерін аяған жоқ.
Жалпы тойдың қалай өткендігі туралы алтыншы бөлімге енгізілген «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Азамат Қасымның «Абыралы өңірі 90 жылдығын атап өтті» атты мақаласынан оқи аласыздар.
— Торқалы той халықтың көңілін бір серпілтіп тастаған шығар?
— Дұрыс айтасыз, той – халықтың қазынасы, бір шаттандырып тастады. Өлгендері тіріліп, өшкендері жанғандай болды. Лайықты деңгейде өтті. Бұл той басқа тойлардан ерекше. Бұл — өткен тарихты түгендеп, келешекке бағыт-бағдар сілтейтін, жас ұрпаққа берер тәрбиелік мәні зор мерейтой. Астана, Алматы, Қарағындыдан қонақтар көп жиналды. Жергілікті халық та, келген меймандар да ризашылықтарын білдіріп, қуаныштарын жасырмады. Егде тартқандар картадан әке-шешелерінің немесе өздері тұрған бұрынғы ауыл аттарын көріп, көздеріне жас алып жатты. Жоспарланған кешенді іс-шараларға қатысты, барлық игі істердің куәсі болды.
— Әңгімемізді жайлап өзіңізге қарай бұрсақ. Асқар әкеңіз туралы айтсаңыз, қандай ақыл-кеңестері есіңізде қалды?
— Әкем Абыралы аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Еңбектес, Ұзындыбұлақ колхоздарында, ол заманда председатель дейді, төраға болып жемісті қызмет етті. Өңірдің дамуы мен өркендеуі жолындағы маңдай тері мен еңбегі үшін «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған. 1962 жылы 57 жасында дүние салды. Әкемнен 8 жасымда қалдым. Отбасында алты ағайынды болдық.
Бала болғаннан кейін бе, көп нәрсе есімде қалмапты. Бірақ, көзкөргендердің айтуынша, әкем жұмыста жауапты, әділ, бірбеткей адам болған көрінеді.
Мынандай бір оқиға есіме түсіп отыр: өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ауылда жер үйлерде шатыр болмайтын, қамыспен, сабанмен лайлап жабатын төбені. Мұржа ұзын болып, серейіп тұратын-ды. Содан бір күні балалық қой, інімді ренжітіп, жылатып қойыппын. Сол кезде, әкемнің: «Әй, сенің бойың ана мұржадай болды, соған қарамай, ініңді ренжітіп қойдың…» дегені бар…
— Ұрпақ тәрбиесінде неге ерекше көңіл бөлдіңіз? Балаларыңыз қандай кәсіппен шұғылданады?
-Ардақ, Олжас есімді екі ұлым бар. Үлкенім – кәсіпкер, жылжылмайтын мүлік саласында жұмыс істейді. Кенжем газ, мұнай саласында еңбек еткен, қазір АҚШ-та, Нью-Йорк қаласында оқып жатыр. 4 немерем бар. Диана биыл 11-сынып бітірді, Қытайдың бұрынғы астанасы, елдің шығысындағы Нанкин қаласында Халықаралық телекоммуникация және байланыс университетінде оқиды. Сана елордамыз Астанада тұрады, 9-сынып оқушысы. Жанрух 2-сыныпта оқиды. Ең кішкентай немерем Ясмин 6 жаста.
Менің ұлдарым қалада өсті. Бірақ, нағашы аталары Жекебай Жұлдызбаев есімді ақсақал Қарауылда тұрды. Көп жылдар ауыл шаруашылығы саласында бас есепші, көпке танымал, құрметті азаматтардың бірі болған. Ерекше сыйлы, мейірбан, жақсы адам еді. Апалары Адамия Нұрышқызы қазір 90-нан асты. Бір шаңырақтың ұйытқысы, данакөз, қазыналы қариясы.
Балалар жазда каникулға шыққанда ауылға жіберейін десек, Қайнарда туысқандарымыз жоқ, жақындардың бәрі қалаға көшіп кеткен кез. Өмірден өтіп кеткендері де бар. Сонда жарықтық: «Неменеге уайымдайсың, біз бармыз ауылда. Балаларды жібер бізге, аунап-қаунап қайтсын…» дейтін. Осылайша, ұлдарым 1-сыныптан бастап, мектеп бітіргенге дейін жазғы демалыста ауылға барып, нағашы ата-апасының құрт-майын жеп, күнге күйіп, жаңа оқу жылына дайындалып келетін. Үлкен кісілердің де тәрбиесі ерекше ғой. Мейлінше жақсылыққа үйреніп қайтатын.
Ата-бабаларымыз ерте заманнан-ақ ауылдың жай-күйі мен қадір-қасиетіне ерекше ден қойып, тіпті оны қазақи ұғым түсініктермен де байланыстыра отырған. Өзім де ауылды ерекше жақсы көремін. Қазақ «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деп, бауырынан гөрі ауылдасын жоғары бағалап, пір тұтқан. Немесе көптен бері кездеспей кеткен танысымен жолығып, хал сұрасқанда да «Ауыл аймақ аман ба?» деп әңгіменің басын ауылдан бастайтын болған. Міне, бұл да қазақ халқының өзіндік ерекше қасиеті. Ауыл — әрбір қазаққа жақын. Мейлі ол қалалық болсын, тіпті басқа елде жүрсін, әйтеуір ауылға деген ыстық сезім, сағыныш қазақ баласының бойынан табылары айдан анық. Менің балаларымның бойында да туған жерге, ауылға деген осындай ыстық сезім бар болар деген ойдамын. Атамекенге деген құрметті ешқашан ұмытпаңдар деп айтып та отырамыз. Туған жерге тағзым ету – перзенттік парыз деп түсіну керек. Болашақта немерелерімді де ата-баба жеріне апарып, бір көрсетіп қайтсам деген ойым бар.
Баланың болашақта жақсы азамат болып өсуі, жан-жақты тәрбиелі болуы отбасында берілетін тәрбиеге тікелей байланысты. Ешқандай ата-ана балам жаман болсын деп тілемейді. Жақсылық жасау, адамгершілік таныту, адал болумен қатар, балаларымызды білімді, алғыр, жігерлі болуға үйреттік.
— «Немере баладан тәтті» дейді қазақ, бұған сіздің алып-қосарыңыз бар ма? Бүгінде балдай тәтті төрт немеренің сүйікті атасысыз…
— Немере – адамның жасы ұлғайғандағы қызық-қуанышы екен. Жас кезімізде жұмыс, қызмет деп жүріп, балалардың қалай өсіп кеткенін байқамай да қалыппыз. Немере – ыстық. Олардың шыр етіп жарық дүниеге келгенінен бастап, тәй-тәй басқаны, «ата, апа» деген алғашқы сөздері бәрі жадымызда. Олардың әрқайсысына бір ойыншық әперіп, бір қуантсаң, өзің де бір марқайып қаласың. Саябаққа немесе өзге шаһарларға қыдырып барсаң, қуанышыңа қуаныш қосатыны сөзсіз.
Қазір Қытайда оқып жатқан немерем Диана ағылшын тілін жақсы меңгерген. Диана 5 жасқа дейін қолымызда болды. Әке-шешесі «Болашақ» бағдарламасымен Англияда оқыған кезінде, бір жыл жандарында болып, білім алды. Сол кезде ағылшынша оқыды. Аспан асты елінде сол тілден емтихан тапсырғанда ең жоғарғы балл жинады. Ондай көрсеткіштерге жоғары оқу орнын бітіргендердің қол жеткізуі екіталай. Осындай жетістіктерін көріп, іштей қуанасың. Сол немерем, апасына, маған ұялы телефон арқылы хат жазып тұрады. Керемет сөздерін оқығанда шынымен адами бақытқа кенелгендей боламын.
Жақында «Менің атам туралы…» деп қысқаша эссе жазып жіберіпті. Сонда «… Ес білгелі жанымдағы жақсы көретін адамдарым – атам мен апам. Олар бізді мәпелеп өсірді. Қорғанымыз әрі мақтанышымыз. Екеуінің бізге деген ыстық махаббаты мен ілтипатын көз-жанарларынан байқаймыз… Қазір арамызда мыңдаған шақырым… Атамның бір ғана кемшілігі бар – шылым шегеді…» деп жазыпты. Немеремнің тәтті сөздеріне қайран қалдым, риза болдым, күліп те алдым. Міне, нағыз бақыт деген осы емес пе? Солардың амандығын тілеп, өмір сүріп жатқан жайымыз бар.
— Толағай тілектің де рет келді-ау деймін шамасы…
— Елім, жұртым деген рухы биік Марат секілді азаматтар тұрғанда «Ақшың» корпорациясы тек биіктерден көрінеді деп есептеймін. Қыруар жұмыстардың шеңберінде қаншама игі істер жүзеге асырылды. Соның бірі — жаңағы біз айтып отырған «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры. Корпорация басына Марат Серікжанұлы келмегенде мұндай қор құрылар ма еді? Күрделі сұрақ. Біз тізбектеп айтып жатқан істердің сыртында айтылмағаны қаншама? Жаңа есіме түсіп отыр, 2010 жылы қыс қатты болды, естеріңізде. Абыралы, Абай өңірінің мал шаруашылығы қатты шығынға ұшырады. Сонда сары аяз, боран, жолдың жоқтығына қарамай жем-шөп жеткізіп бергендердің бірі осы Марат болатын.
Шың деген – таудың биігі, мұзарт биіктерде мұзбалақтар ғана өмір сүреді. Мұзбалақ — ертеден кешке дейін алысса да жалықпайтын, өжеттігі мен қайраты бойында бар ең күшті қыран. Олай болатын болса, «Ақшыңның» биігі, шыңы әлі алда болсын!