СЕКЕНОВ Берік Секенұлы

BAG_5198.JPG

СЕКЕНОВ Берік Секенұлы,

көлік жүргізуші

Берік Секенұлы 1980 жылдың 20 ақпанында Абай ауданы Қарауыл ауылында дүниеге келген.

1986-1997 жылдары осындағы Абай атындағы мектепте білім алды.

1998-2000 жылдары әскер қатарында азаматтық борышын өтеді. «Ақшың» корпорациясында 2002 жылдан бері еңбек етеді. Жұбайы Мира Ысқақова – кәсіпкер. 2 баласы бар.

НАМЫСТЫ ҚЫМБАТ, АРДЫ СЫМБАТ ТҰТҚАН АЗАМАТ

Алғашында қауіпсіздік қызметінде жұмыс істеген Берік Секенов көпке үлгілі азамат болды. Еңбекте — алда, ұжымда — қадірлі. Өзіне дұрыс жол сілтеуші әрі қорған болған Жұмағазы, Рахан Төкенұлы сынды ағаларынан үйренгені көп. Көкейіне түйгені де жетерлік.

— Сауда орталығындағы қауіпсіздік, түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу мен тазалыққа қатаң жауап беретінбіз, — дейді Берік, — ұжымдағы ауызбіршілік пен жоспарлы жұмыстардың арқасында талай қиындықтарды еңсеріп, оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік болды.

Берік Секенұлы 2011 жылдан корпорацияның есеп бөлімінде жүргізуші болса, 2015 жылдан бері компания басшысы Марат Серікжанұлының жеке жүргізуші болып еңбек етеді. Жұмыста жауапты әрі беделді азаматтың айтары бар.

— Осындай жетістіктер мен тұрмыстағы бағындырған асуларым Марат Серікжанұлының қолдауымен жүзеге асып жатыр, — дейді Берік Секенов. Олай дейтіні, біз айтып отырған азамат 2004 жылы осы жерде болашақ жары Мирамен танысып, шаңырақ көтерген. Сол кезде Марат Құрманбай үлкен қуанышты бөлісіп, жастарға демеу болды. Ерлі-зайыптылар жылдар өте «Ақшың» корпорациясының Цементшілер кентіндегі көп қабатты тұрғын үйінен пәтер де алды. Қазір Темірлан, Әйгерім есімді ұл-қыздарын тәрбиелеп отырған бақытты отбасылардың бірі.

Берік Секеновтің айтуынша, Марат Құрманбай – қолы ашық, жүректі адам. Басты кредосы – ақиқатты қолдау, қолға алған істі соңына дейін жеткізу. Өмірде еңбекті сүйетіндердің отты келетінін, ұлтынын қамын жеп, сол үшін неден болса да тайынбайтынын – Марат ағаның ізденімпаздығы мен білімділігінен аңғарамын, — дейді Берік.

Шынымен де, от жүректі жандардың өмірлерінде біреуге білмегенін үйрету, біреуден білмегенін үйрену, шынымен мұқтаж жандарға қол ұшын беруі – үлкен азаматтық және кез келген адамның маңдайына бітпейтін асыл қасиеттердің бірі. Марат ағамыз намысты қымбат, арды сымбат тұтқан, дәстүрге – дәрмен, пәктікке – пәрмен, араздыққа – араша, татулыққа –тамыр болған азамат. Адалдықтан жазбаған, жамандықты қазбаған, өзін танытқан барша қазаққа қадірі артқан кісі. Ол әрқашан өз-өзіне сенген, ойы мен ақылын серік еткен адам. Оны биікке шығарған – осындай сабырлылық пен сенімділік екені тағы да даусыз.

— Марат ағадан өмір шындығын, еңбек етудің тәсілдерін үйренуге, жайдақ оймен жадағай кеңес айтпайтын өзгеше әдетінен тәлім алуға боларлықтай, — деп сөзін түйді Берік Секенов.

Ұжымда беделді азаматтың айтар тілегі толағай екен. Корпорация бағындырған шыңдар әлі де көп болсын, ширек ғасырдағы жетістік тек еселенсе түссе деген ниеті бар. Біз де соған шүбәсіз сенім артып, нар жігіттің ақ тілегі жерде қалмас деген ойда қалдық.

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ