ТҰМАБАЕВ Мұхит Тұрысханұлы

тумабаев.jpg

ТҰМАБАЕВ Мұхит Тұрысханұлы,

ШҚО мәслихатының 6 шақырылымының депутаты, «Құрмет», «Парасат» «Барыс»  ордендерінің иегері, ҚР Құрметті облыстық мәслихатының депутаты, «Агрофирма «Приречное» ЖШС директоры

МЕН БІЛЕТІН МАРАТ

Жаныңда жүрген жолдас, әріптес, іскерлік аясындағы серіктес азамат туралы қалам тербеу бір жағынан оңай болғанмен, енді бір тұсынын күрделі әрі жауапты іс. Оңай болатыны, біліп тұрған дүниеңді, әр қырынан танитын жан жөнінде тізбектеп жаза бересің. Қиындығы – ол жазғаның шынайы, орынды әрі тағылымды болуы керек. Ал ол адам – халқына сыйлы, елге танымал, бойынан қалай болса да еңбекқорлық пен іскерлік, сабырлық пен ерекше мәдениеттілік және қарапайымдылық байқалып тұрса ше? Онда жазғаның осы қабілеттерді тұп-тура қағаз бетінде сайратып тұру керек. Ой-толғамың ертең ұрпақтар еншісінде қалады, одан үлгі-өнеге алады, сондықтан шалыс басуға тағы болмайды.

Семей өңірі — небір ұлы тұлғалардың, жайсаңдар мен талантымен табындырған талай тұлғалардың өмірге келген қүтты мекені десем, ешкім дау айта алмасы анық. Сондай жандардың қатарына мен Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, белді кәсіпкер, «Ақшың» корпорациясының президенті Марат Серікжанұлы Құрманбайды жатқызар едім.

КӘСІПКЕР МАРАТ

Кәсіп ашу, оны лайықты деңгейде жүргізу, шебер басқару екінің бірінің қолынан келе бармейтін шаруа. Әупірімдеп тірлік кешкен тоқсаныншы жылдары тәуекелге бел байлап, бизнеске қадам басқандардың бірі Марат болса, бүгінде ол маңдай тері өтеліп, шоқтығы биік кәсіпкерге айналды. Бір ғана адамның іскерлігі мен беделі қаншама азаматтарға жігер берді сол кезде. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарған бұлар ауызбірліктен ажырамай, иық тіресе іске кірісті. Ештеңеден қорықпады, қаймықпады. Тірнектеп тапқанын құрылысқа жұмсады. Ерінбей еңбек еткенді Жаратқан да қолдаған болар, күрмеуі қиын күрделі жұмысты санаулы жылда тындырып-ақ шықты. Өмір болғаннан кейін, даму мен өркендеу бар. Сондықтан, білікті басшы қарап отыра алмады. Ізденді, талпынды. Нәтижесінде, өзі іргесін қалаған «Семей базары» бүгінде бүкіл шығыс аймақтың мақтанышы болған, атынан ат үркетін «Ақшың» корпорациясына айналды. Қаншама адамды жұмыспен қамтыды, қаншама кәсіпкер ісіне қолдау тапты. Сауда орнына ағылған қалалықтар мен шаһар қонақтары іздегенін тауып, тұрмысына жаратты.

Бұл — Мараттың сөзі мен ісінде алшақтық жоғында. Жұмыс істей алатын сенімді қыз-жігіттерді бағалай білуінде. Көреген басшылығы мен бизнестегі батылдығында.

Бизнес, ауыл шаруашылығы, медицина, мәдениет сынды қай саланы алмасақ та ұжым басқару оңай шаруа емес. Әркімнің тілін тауып, айрандай ұйыған команда құру – білікті басшының ғана қолынан келеді.

Біз осы үшін де Маратты ерекше құрметтейміз. Ширек ғасырлық тойын атап өтіп жатқан үлкен ұжымға тың идеялар мен олардың жүзеге асуын тілейміз.

ПАТРИОТ МАРАТ

Халқы үдере көшіп, туған түтінін өшіріп, басқа жаққа қоныс аударып, жұрты ғана қалған ауылдар елімізде қаншама! Осының кебін киюге аз-ақ қалған елді-мекендер де жетерлік! Олардың болашағына алаңдап, сақтап қалуға ұмтылған азаматтар бар ма арамызда? Шындасақ, табуға болады. Солардың бірі – тағы да мен айтып отырған Марат Құрманбай. Олай дейтінім, атамекені Абыралы десе, ішкен асын жерге қойып, қабырғасы қайысады да тұрады. Тек алаңдаушылық танытып қана қоймай, қолынан келгенше аталған өңірдің әлеуметттік-экономикалық өркендеуіне білек сыбана кірісіп, ауылдағы ағайынның тұрмысын жақсартуға етене араласып жүреді. Өзі басқаратын «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры арқылы, өз есебінен де талай ілкімді істердің басын қайырды. Игі істерін туған жұрты жақсы біледі.

Бір ғана мысал. Биыл бұрынғы Абыралы ауданының құрылғанына 90 жыл толды. Биліктегілер бет бұрмаса да, азаматтық борышы санаған біздің Марат тағы да торқалы тойға мұрындық болды. Онсызда жүдеу күй кешкен халықтың көңілін шат қылып, бір серпілтіп тастады. «Атыңнан айналайын Абыралы» атты кітап бастырып, өңірдің тарихын қайта бір жаңғыртты. Бес жүз бетке жуықтайтын табақтай туынды – құнды басылым болып шыға келді. Жаңғырту демекші, кәсіпкердің бұл қадамы Елбасының осы бағытта жариялаған бағдарламалық мақаласына таптырмас қолдау болды. Міне, нағыз патриот деген осы!

Ата-бабасының кіндік қаны тамған жеріне қамқорлық таныту — Мараттың бойында қалыптасқан асыл қасиет. Абыралы өңірінің жылылығын жоғалтпай, халқын тұрақтандырып, балаларын жан-жаққа шашыратпай, елде қалдыру басты мақсаты болғаны. Сол мұраты орындалып жатыр. Себебі, елінің арқа сүйер, үміт артар ұлы бар.

Мұның сыртында Мараттың елжандылық қасиеттеріне дәлел болатын мысалдар көп. Бал балалағы өткен Жоламан, туған қаласы санайтын Семей, талай мәселелерінің шешім табуына өзі себепкер болып жүрген бүкіл шығыс аймағында атқарған ісі жетерлік. Осына көріп мақтанасың, марқаясың!

ДЕПУТАТ МАРАТ

Маратты мен кейінгі 25 жылдан бері жақсы танимын. Қолы ашық, ақкөңіл азамат. Ел мен жерге деген сүйіспеншілігі, іскерлікке келгенде алғырлығы мен халқының сенімі болса керек Семей қалалық мәслихатының депутаты да болды. Талай күрмеуі шешілмеген мәселелерді біржақты етуге айтарлықтай септігін тигізді. Қазір облыстық мәслихаттың депутаты. Менің әріптесім. Жалпы, халық қалаулысы атқарушы билік пен қара халықтың арасындағы алтын көпір іспеттес. Осыны ерекше шеберлікпен әрі білімділікпен пайдаланған Марат қала мен елді-мекендердегі жол, ауыз су сынды жыры бітпеген мәселелерді талай сессияларда көтеріп жүрді. Айтып та келеді, бұл бағытынан танбайды да. Мәслихаттың бір отырысында жан айғайын паш ететін депутат, оған қатысты нәтиже болмаса, келер сессияда ол туралы тағы айтатыны бар. Сондағысы, билікке халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп, мәселелерін шешіп беру.

Семейдің бүкіл салықтық түсімдерін шаһардың еншісіне толықтай қалдыру туралы ұсыныстың басы-қасында болған тағы осы біздің Марат болатын. Депутаттың белсенділігі туралы бұқаралық ақпарат құралдары да жарыса жазып жатады. «Мен үшін құрметтің ең үлкені – елдің алғысы» дейтін депутат халықтан өзін биікпін деп есептеген емес.

ҚАМҚОР МАРАТ

Жұмыр басты пендеге ең қажеттісі – адамгершілік деп ойлаймын. Осы асыл қасиетті бойына сіңірген Марат мұқтаж жандарға қол ұшын беруден әсте жалыққан емес. Өмір болғаннан кейін түрлі жағдайдың орын алатыны, әрине, белгілі. Пенде болғаннан кейін, әр адамның басын қырсық та, қиындық та шалады. Қаржылай қолдау сұрап, табалдырығын аттаған жанның Марат көңілін қалдырған емес. Құлазыған көңілді жібітіп, талайдың жүректерін езіп, кеуделерін қақырата соққан дауылдарға қорған болды. Күнделікті күйбең тірліктегі ұсақ-түйек шаруаларды былай қойғанда, жанашырлығы арқасында талай отбасы баспаналы болды. Дертке шипа іздегендер қаржылық көмектің арқасында сауығып та жатты.

Мараттың өнерге деген жанашырлығы бір бөлек. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші талай бүлдіршіндердің талабын қамшылап, үлкен сахнаға шығуына мұрындық болды. Боз кілем мен шаршы алаңғы шыққан ұл-қыздар елдің мерейін үстем етті. Осының барлығы Мараттың қаржылық қолдауы нәтижесінде жүзеге асып жатыр.

ДОС ӘРІ ӘРІПТЕС МАРАТ

Биігіне шықсаң сүйіндіретін, өзегіне түссең күйіндіретін өмірдің тәттісін де, ащысын да татып келеміз. Достықтың да, сатқындықтың да талайын көрдік. Жалпы, достық ұғымы өте кең. Дос – қиналғанда да қуанғанда да бөлісер өмірлік тірегің. Дос – таразыға тартылмайтын, ақшаға сатып ала алмайтын, теңдесі жоқ байлық. Маратты мен осындай шынайы жандардың қатарынан көрдім.

Гректің ұлы ойшылы, философы Аристотель «Адамның басы бәлеге ұрынған кездегі ең жақсы қамал – адал дос» деген екен. Осы қағиданы дәлелдеп жүрген де біздің Марат. Ғибраты мол адаммен араласып, тәрбиесі мен ілімін көрсең, тағдыр жолынын мол тағылым алсаң, абыройға бөленіп, әрдайым жамандық атаулыдан бойыңды аулақ ұстауға тырысасың Марат осындай ықпалды әрі адал азамат. Ал адал жанға асқақтық қашанда жарасып тұрады. Өткен кеткен тіршілікте болған келеңсіздіктерге оралып көңіліне зіл сақтамайтын, періште пейілі тағы бар. Міне, осындай мақтауға да, мадақтауға да тұрарлық Марат Құрманбайдың «Ақшыңы» бүгінде ширек ғасырды еңсеріп, жарқын болашаққа бағыт алып барады. Мен тек тілеулеспін! Бұл қыруар жетістік пен мол табыстың оңайлықпен келмейтінін мен жақсы білемін. Досымызға ұзақ ғұмыр, отбасылық бақыт пен әлі талай жеңістерді тілеймін!

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ