СӘРСЕКЕ Медеу,
жазушы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Семей қаласының Құрметті азаматы
АБЫРАЛЫНЫҢ БАҒЫНА ТУҒАН АЗАМАТ
Тек қана Семей емес, күллі шығысқа белгілі «Ақшың» корпорациясының 25 жылдық торқалы тойын қуанышпен қабылдап, бір биіктеп қалдым. Жүрегімде шаттықтың орын алуына бірнеше себеп бар. Әрине, шағын және орта бизнестің гүлденіп, қанат жайғаны кез-келген өңір, тіпті еліміз үшін өте маңызды. Аймақ дамып, экономика қуаттана түседі. Екіншіден, аталған корпорацияны басқарып отырған Марат Құрманбай — халықтың мақтанышы. Депутат, меценат, туған елінің нағыз патриоты. Өңірдің жақсаруы мен халықтың әл-ауқатын арттыруда қосып жүрген үлесі, қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысуын білетін мен, оның ширек ғасырдағы жетістігін көріп қалай ғана қуанбайын?
Жүректегі иманы жүзінен де, жүріп өткен өмірінің жолынан да шынайы байқалып тұратын адамдар болады. Жан тазалығын, ар тазалығын бойтұмар еткен осындай сирек азаматтардың бірі – менің ойыма арқау болып отырған Марат Құрманбай. Кәсіпкердің бизнестегі жетістігіне мен тек қуанамын, бірақ ол туралы айтайын десем, бұл саладан алшақтау адаммын. Менің тек білерім, атымтай жомарттың адамгершілік қасиеті мен халқының қамын ойлайтындығы. Марат бүгінгі толағай табысқа оңайлықпен жеткен жоқ. Қаншама қиындықтар мен кедергілер болды жолында. Бірақ, соның барлығына қасқая төтеп беріп, мұз жарғыш кеме секілді, діттеген жеріне жетті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Марат Құрманбай Парламент депутаттығына үміткер ретінде тіркеліп, бағын сынады. Жасырары жоқ, сайлаушылар қолдады. Бірақ, аяқтан шалып, етектен тартқандар көп болды. Бір ғана мысал. Сайлауалды шаралар аясында Маратты қолдап, қазақ сахнасының бұлбұлы Бибігүл Төлегенова Семейде концерт бермек болды. Алайда, сол кездегі шаһардағы әкім-қаралар Ет комбинаты ауданындағы мәдениет үйдің есігіне «Жөндеу жұмыстарына байланысты ғимарат жабық» деп жазып, қара құлып салып тастағын-ды. Міне, қиянаттың көкесі! «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген, бұл – ащы да болса шындық. Бұдан да басқа толып жатқан кедергілерден кейін, үміткер Парламентке өтпей қалды. Сол кезде мен «Әй, Марат! Өмірің алдыда. Ештеңеден қаймықпай, қолға алған бизнесіңді өркендет, әлі талай асуларды бағындырасың» деп ағалық ақылымды айтқан едім…
Қазір Марат шыңдалды, жұрт арасында ерекше құрметке ие. Облыстық мәслихаттың депутаты. Мінезі салмақты, қай жерде не айту керек екенін жақсы білетін, жан-жақты, өр тұлғалы азамат.
…Абыралы өңірі – менің туған жерім. Сан даралар мен даналардың киелі ордасы, алтын бесігім. Сан ғасырды бойлап тарихтың талай құпиясын сақтаған аймақтың тыныс тіршілігі мен дамуы, жалпы болашағы қашанда болсын мені бей-жай қалдырған емес. Мараттың да атамекені – Абыралы. Оның арғы аталары шұрайлы ды шырайлы қасиетті топырақтан болғаннан кейін, атымтай жомарт қашанда бір бүйрегін осы аймаққа бұрып тұрады. Бұл – нағыз азаматтық қадам, бояусыз елжандылық пен отансүйгіштік. Сондықтан, осы өңірдің өсіп-өркендеп, гүлденуіне үлес қосқан Мараттай жанға ықыласым, пейілім ерекше. Абыралы өңірінің жаңғырып, жаңара түсуіне үлкен үлес қосып жүр. Мақтауға тұрарлық дүние ме? Менің ойымша, тұрарлық дүние! Осы тұрғыдан алғанда іскерлігі мен ептілігіне сыртынан қанық болып, игілікке толы әр ісіне сүйсініп жүрген Марат Құрманбайды бауыр тартып, жақын көріп кеттім.
Ойымның бағытын сәл басқа жаққа бұрайын. Отты жылдары майдан даласына Абыралы өңірінен 1300-ден астам азамат соғысқа аттанған. Оның жартысынан көбі елге оралған жоқ. Отты жылдар кімді аяды дейсіз? Әйел жесір, бала жетім қалды. Бауыр-қарындастың көз жанары жасқа толды. Айтайын дегенім, осы ретте тарих пен ел қорғаған азаматтарға арнап Марат Құрманбай Қайнардың қақ төрінен ескерткіш орнатты. Сол кезде мен оған «Соғыста қаза болғандар мен елге аман-есен оралғандарды бөлме, бәрінің де есімін тасқа жаз» деп кеңес бергенмін. Бір ауыз сөзімді жерге тастаған жоқ. Нәтижесінде, барлық майдангерлердің есімі габро тасқа қашап жазылды. Қарап отырсаңыз сол 1 300-ден астам азаматтың әрқайсысы бір-бір тарих.
Бірде «Егемен Қазақстан» газетіне алматылық бір келіншектің хаты жарияланды. Жалықпас руының ұрпағы екен. Әкесі ауылдық кеңесті басқарыпты, соғысқа аттанып, елге оралмаған. Ескерткіш бой көтергеннен кейін, әлдекімдер «әкеңнің есімі сонда жазулы тұр» деп айтса керек. Уақыт өте немерелерін Қайнарға ертіп келіп, әкесінің есімін көріп, көзіне жас алыпты. Міне, «өлгенің тірілді, өшкенің жанды» деген осы. Бұл – тарихқа тағызым, ата-бабаға тағызым. Мұның барлығын жүзеге асырып отырған тағы да Марат. Қалай ғана риза болмайсың, қалай ғана сүйсінбейсің!
…Тағы бір айтатыны, кезінде дүркіріп тұрған Абыралы ауданы қазір жоқ. Бірақ, биыл бұрынғы ауданның 90 жылдығын кең көлемде атап өттік. Сол тойдың алдында Шаған өзенінің жанында орналасқан бағдартасты әлдекімдер орнынан алып тастағысы келді. Бұл туралы мен Мараттан естідім. «Бұл шаруаны маған қалдыр» деп, жаныма Роллан Мусин мен Сүлеймен Медеуовты ертіп алып, әкімге бардым. Жиын болып жатыр екен, қабылдау бөлмесінде сағат кешкі 8-ге дейін күттім. Кірген соң, бұйымтайымды айттым. Өзім қатты ашуланып барған едім. Бірақ, не керек, әкімге рахмет, өзімді жақсы сыйлайды, орын алған мәселені бір жақты етіп берді. Ал 90 жылдық торқалы тойда Шағанның жанындағы сол жерге латын әріптерімен «Абыралы өңірі» деп жазылған, биіктігі 7 метр болатын жаңа бағдартас орнатылды. «Атыңнан айналайын, Абыралым» атты кітап та жарық көрді. Халықты қуанышқа бөлеген той болды. Оның басы-қасында жүрген кім? Әрине, Марат Құрманбай. Міне, нағыз елжандылық пен патриотизмнің тағы бір дәлелі. Мұндай қадамдар мен игі істер болашақ ұрпақ үшін керек. Елдің ертеңі мен жарқын келешегін ойлаған азамат Мараттай-ақ болсын!
Елінің мақтанышына айналған азамат туралы көп айтуға болады. Марат Құрманбай — дала оғландарының дархандығын, арғы-бергі тарихтағы тұлғалардың өмір жолын, өнегесін жастайынан бойына сіңіріп өскен, өнері тасыған өңірде өрісін кеңейткен жан. Абыралының бағына туған азамат дер едім.
Тапқан-таянғанын қалтасына басып, қаласа шет ел асып жатқан талай дәулетті адамдар туралы естіп те, көріп те жүрміз ғой. Еліне бір тиын пайдасы жоқ. Кейбірі сол бөтен елде өмірден озып та жатыр. Соның қайсысы миллиардтаған байлығын алып кетіпті? Адам бақилық болғаннан кейін тыныш жату үшін 2 метр жер керек. Басқа түктің қажеті жоқ. Ешкім де байлығын арқалап кетпейді…
Ал Марат – дара тұлға, ерекше жан. Дәулетін халықпен бөліскен, елдің ертеңі мен келешегіне жұмсаған, нардың жүгін арқалаған азамат. Осы қасиеті арқылы оны жұрт жақсы біледі және төбесіне көтеріп құрметтейді.
Жалпы шыр етіп жарық дүние есігін ашқан екі аяқты пенденің ғұмыр жолында айналма соқпағы жоқ, алып мұнаралар сынды үш ұғым тұрады. Олар – қарыз, парыз, міндет. Кей жағдайда аражігін ажыратудың өзі қиямет ұғымдарды жіліктеп, әрқайсысының салмағын безбендер болсақ, үшеуінің көтерер жүгі, адамзаттың рухани тірлігіндегі алатын орындары әрқилы екендігіне көзіміз жетеді. Қалай десек те, осы үш ұғымның түпкі мұраты – ізгілік, кісілік, адалдық, жауапкершілік. Бұлардың барлығын бірдей орындау – алапат жүк. Алайда, бірге көтеріп жүрген ондай азаматтар арамызда бар. Көп емес. Некен-саяқ. Солардың бірі әрі бірегейі – Марат Құрманбай.
Аман болсын! Ұзақ та баянды ғұмыр тілеп, ұрпағының қызығын көрсін дегім келеді. «Ақшыңы» шыңдарды бағындырып, еліне қызмет жасай берсін!