ЗЕЙНЕЛОВ Тоқтарбек

орнамент.jpg

Зейнелов.jpg

ЗЕЙНЕЛОВ Тоқтарбек,

№21 жалпы орта білім беретін орта мектептің директоры

ЖАНЫҢДА ЖҮР ЖАҚСЫ АДАМ

«Заман соққан жел, өмір аққан көл» демекші, менің Семей қаласындағы №21 жалпы орта білім беретін мектепке мектеп директоры болып қызмет атқарып келе жатқаныма да 20 жылға жуық уақыт болып қалыпты. Жалпы білім саласында қызмет еткеніме 46 жыл уақыт толған екен.

Педагогикалық қызметімнің алғашқы 10 жылында тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек етсем, 13 жыл мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, кейінгі 23 жылы мектеп директоры қызметін атқарып келемін. Осы саналы ғұмырымды тек қана келешек ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнадым. Осы жылдар ішінде қандай ұлтжанды, білімді де білгір, іскер, адамгершілік қасиеті мол азаматты білесіз деп сұрақ қойса, ешбір мүдіріссіз Құрманбай Марат Серікжанұлын айтар едім.

Марат Серікжанұлын өзім Семей қаласына 1995 жылы көшіп келгеннен кейін естіп, сырттай білсем, 1999 жылдың 1 қыркүйек күні Жоламан кентіндегі №21 жалпы орта білім беретін мектепке мектеп директоры болып тағайындалғаннан кейін жақын таныстым. Марат Серікжанұлы ол кезде 30 жастан жаңа ғана асқан еті тірі, көкірегі ояу Семей қаласындағы мыңдаған адамды жұмыспен қамтыған Семей базарын басқарып отырған кезі еді. Жоламан кентіндегі №21 орта мектептің салынуына қалалық, облыстық кеңестің алдына мәселе көтеруге ауыл ақсақалдары мен белсенділерін жұмылдырып, күш салған Марат Серікжанұлы екенін сол кезде ата-аналардың, ауыл тұрғындарының ауыздарынан естігенде жас азаматтың күш – қайратына, өмірге деген сеніміне, құштарлығына қайран қалған едім. Өйткені ХХ ғасырдың 90 жылдары елдің экономикалық, әлеуметтік тұрмыс жағдайы өте күрделі еді ғой. Сөйтіп, өмірге 1992 жылы Жоламан кентіндегі №21 қазақ орта мектебі келсе, 1999 жылдары Марат Серікжанұлы құрылысы аяқталмаған Жоламанның «Ақ мешіті» аталған мешітті салдырып берді. Өмірде ең үлкен іс – ол келешек ұрпақ үшін мектеп ашу, адамның рухани тазалығы мен байлығының негізі болатын мешіт салдыру, «Атадан мал қалғанша – тал қалсын» дегендей, өмір сүріп отырған жерінде тал егу болса, мұның барлығын Марат Серікжанұлы жастайынан санасына тоқып, жүзеге асырған азамат.

«Қуантсаң баланы қуант, берсең балаға бер» деген қағиданы Марат Серікжанұлы берік ұстаған азамат. Марат Серікжанұлы өзі салдырған Жоламан кентіндегі №21 жалпы орта білім беретін мектептің материалдық – техникалық базасын нығайтуға күнделікті көңіл бөліп, балаларымыздың алаңсыз білім алуына жағдай жасап келеді. Мектепке музыкалық орталық, дыбыс күшейткіш колонкалар, мектеп асханасына стол, орындықтар, мектеп алдына ҰОС қаза тапқан жауынгерлерге арналған мемориалдық ескерткіш тақта, ҰОС қаза тапқан жауынгер Құрманбайұлы Мұханбек атындағы «Тарихи тағылым» оқу кабинетін ашып берді. Бұл қазіргі және келешек ұрпақтың еліне, жеріне деген патриоттық сезімін күшейтуге, рухани байлығын арттыруға бірден-бір ықпал ететін игі істер деп айтар едім.

Мектептің тыныс – тіршілігі Марат Серікжанұлының күнделікті назарында, өйткені ол осы Семей қаласындағы Жоламан кентінде 80 жылдық тарихы бар Құрманбаевтар әулетінің тарихымен тығыз байланысты.

Биылғы 2018 жылы №21 орта мектептің терезелерін жаңа заманауи үлгісіндегі құны 22 млн теңге тұратын пластик терезелерге айырбастап салдыру үшін қала әкімінің алдына мәселе қойып, жүзеге асыртқызды. Мектептің жаңа үлгідегі салынған терезелері жаңа көрініс беріп, мектептің көркейе түсуіне әсер етіп отыр.

Марат Серікжанұлы Жоламан елді мекеніндегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына, олардың балаларына көмек беру үшін мектепте өткізілетін «Қамқорлық» акциясының белсенді мүшесі, мектептің «Қамқоршылдар» кеңесінің төрағасы. Жаны жайсаң азаматтың материалдық көмекті, әлеуметтік көмекті үнемі көрсетіп жатқаны оның туған жері мен еліне деген сүйіспеншілігінің белгісі деп білеміз.

Марат Серікжанұлы тек қана Жоламан елді мекеніндегі тұрғындарға ғана қол ұшын берумен шектеліп қойған жоқ. Ол Шығыс Қазақстан облысы бойынша облыстық мәслихаттың депутаты, ірі кәсіпкер, меценат ретінде облысымыздың өсіп, өніп өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып отырған азамат.

Марат Серікжанұлы сонымен қатар балалар үйіне, қарттар үйіне, басқа да қала, ауыл мектептеріне үнемі көмек көрсетіп, олардың тыныс – тіршілігін қадағалап, байланысын нығайтып келеді. Марат Серікжанұлының атақ абыройы бір төбе, ол Елбасының ризашылығына бөленген азамат. Өйткені бұл бедел мен абырой-атақтар орасан зор еңбек пен үнемі заман талабына сай ізденістің нәтижесінің арқасында келеді.

Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде «Семей базары» атанған, қазіргі күні өзінің 25 жылдығын атап өтіп отырған «Ақшың» корпорациясы күн санап өсіп, еңсесін елмен бірге теңдеп, тіктеп келе жатыр. «Ақшыңның» қала, облыс, қала берді Республика көлемінде алып отырған орыны ерекше. Өйткені Марат Серікжанұлының Республика одан әрі шет елдерде тәжірибе алмасудың арқасында олардың озық тәжірибелерін қаламызға алып келіп, қолданысқа енгізудің нәтижесінде «Ақшың» корпорациясы үлгілі сауда орталығына айналып отыр.

«Ақшың» корпорациясының Марат Серікжанұлының басшылығымен алар асулары, бағындыратын белестері әлі алда. «Ақшыңның» абыройы әрдайым асқақ болатынына, бизнестің баспалдағымен өрлей беретініне сеніміміз мол.

орнамент.jpg

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ