ЖЕЛЫБАЕВА Ардақ Құрмашқызы,
кәсіпкер
Ардақ Құрмашқызы 1951 жылы 7 наурызда Семей қаласында дүниеге келген. Қаладағы №36 мектепте оқып, Кеңестік сауда (Советская торговля) техникумын тәмамдаған. Бір ғана жанар-жағар май құю станциясында оператор болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан.
Кәсіпкерлік қадамы 1990 жылдан көкбазардан бастау алады.
1993 жылдан бері «Семей базары» ЖШС кәсіпкер.
Жолдасы Желыбаев Пирмес – зейнеткер. Гүлмира, Гүлжан, Серікжан есімді үш баласы бар. Немерелері Айгерім – Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің 2 курс студенті, Темірлан 4 сынып оқушысы.
КӨШЕДЕ ТҰРЫП САУДА ЖАСАҒАНМЫН
Бұл кәсіпкер іскерлік қадамын сонау көкбазарда бастаған. Табанды, төзімді әрі еңбекқор жан тоқсаныншы жылдардың бас кезінде бала-шаға қамы үшін ештеңеден аянған жоқ. Сұрқы қашқан көк базарды жағалап, көше бойында сауда жасады. Арнайы үстелдер мен витраждар болмағандықтан, тауарын жиналмалы кереуетке қойды.
— Ол кезде Аймауытов және Шугаев көшелері көк базарды қиып өтетін, — дейді кәсіпкер, — сауда жасауға қолайлы контейнер немесе дүңгіршектер болған жоқ. Қаңыраған көше. Кеш батқанда ұсақ-түйек тауарымызды алып, маңайдағы жер үйлердің біріне қоямыз. Таңертең ертемен келіп, тауарларымызды қайта алып кетеміз. Жиналмалы төсекке қойып сатқан тауарымыз үшін бір реттік талон аламыз, — дейді Ардақ Құрмашқызы.
Уақыт өте көкбазар басшылығы төсектің орнына үстел қоюға кеңес беріпті. Дегенмен оның да машақаты көп болса керек. Нөмірленген үстелдерді қолды қылып кететіндер, саудагерлерді әбден әбігерге салыпты.
— Нөмірді сырлап тастаса да өз үстелімізді тауып алатынбыз, — дейді кәсіпкер, — артынан «Семей базары» құрылғанда біртіндеп темір контейнерлер жасауға көштік. Оларды жасыл түске боядық. Тауар сақтайтын қоймалар да пайда болды. Қиыншылықтар аз болған жоқ. Әсіресе, ақша талап ететін алаяқтар мен бұзақылар есімде қалыпты. Дегенмен, қауіпсіздік қызметі құрылғаннан кейін, көзіміз ашылды, — дейді зейнеткер.
Ардақ Желыбаева талай қиыншылыққа мойынсұнбай, тұла бойына нәзік жанға тән қасиеттерді жиып, ұл мен қызды жеткізді. Немере сүйді. Қазір балалары түрлі салада қызмет етіп, білікті әрі білімді мамандарға айналды.
— Еңбексіз отыра алмаймын, — дейді талайды көрген апамыз. Балалар аяқ киімдерін Алматыдан тасымалдайды. Бастысы – тұтынушыларға сапалы тауар ұсынуды мақсат тұтқан. Бір сауда орталығында жиырма бес жылдан астам уақыт еңбек еткен кәсіпкердің бүгінде өз клиенттері бар. Талғамы күшті тұтынушылар қатарын толықтырып жататындар да жетерлік.
— Мені қуантатыны – «Ақшыңда» тәртіп пен сауда мәдениеті орнаған, — дейді апамыз, — корпорация жылдан жылға дамып келеді. Жетістігін көріп қуанамыз. Оның үстіне үлкен ұжымды айрандай ұйытып басқарып отырған Марат Серікжанұлын мақтан тұтамыз. Осындай азаматтың ұтымды жұмысы мен біліктілігі арқасында корпорация әлі талай толағай табыстарға жетеді деп ойлаймын. Алғыстан басқа айтарым жоқ, — дейді нәзік жанды кәсіпкер.
Біз де Ардақ Құрмашқызына тек жақсылықтарды тілейміз. Ерік-жігері мен талпынысына қайран қаласың. Оның қайсар әрі еңбекқорлығынан өскелең ұрпақ үлге алса екен деп үміттенесің.