ЕЛУБЕКОВА Арайлы Қуанышқызы,
кәсіпкер
Арайлы Қуанышқызы 1984 жылы 13 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. Бесқарайғай ауданы Боғас ауылында мектеп табалдырыған аттады. Осындағы білім ошағында 4 сынып оқып, Семейдегі №22 және №37 мектептерде оқуын жалғастырды.
2000 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысады.
Жолдасы Рамил Дүйсенов – кәсіпкер. Үш баласы бар. Жақсылық – №4 мектептің 10-сынып оқушысы. Әмір 3-сыныпта оқиды. Қызы Айлин 3 жаста.
ЖЫЛЫ ЖҮРЕК, ЖОМАРТ ҚОЛ
«Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді дана халқымыз. Баланың лайықты азамат болып қалыптасуына ата-ананың берер тәрбиесі өте зор ықпал етері сөзсіз. Қазақ халқы жас ұрпақты тәрбиелеудің қарапайым түрін шебер пайдаланған. Әжелеріміз баланы ұйықтатқанда жомарттық, мейірімділік, отансүйгіштік тағы да басқа тәрбиелік мәні зор батырлар туралы ертегілер, дастандар айтқан. Мұның өзі баланың құлағына жақсы істерді сіңіру еді. Бала мұның барлығын есіне сақтап қалады да, адамгершіліктен аспайтын, жамандыққа баспайтын, еңбекқор, елін-жерін сүйетін азамат болып шығады.
Жә, қош делік, қазақы қалыппен тәрбие көріп, үлкеннің алдын кеспеген, жақсылыққа жақын жүріп, еңбекке ерте араласқан кейіпкеріміз – Арайлы Қуанышқызы. Бала кезінен ата-анасының жанында жүріп, іскерліктің қыр-сырын меңгерген жан бүгінде «Ақшың» корпорациясында өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкер.
— Еңбекке кішкентай кезімізден араласқан біздер маңдай тердің не екенін біліп өстік, — дейді Арайлы. Айтуынша, кәсіпкерлікке қадам басуға әкесі Қуаныш Серікқалиұлы мен анасы Зарлық Тілешқызы мұрындық болыпты. 90-шы жылдардың басынан саудамен айналысқан олар, бүгінде үлкен бизнес ошағының қайнары деуге болады.
Кәсіпкердің асқар таудай әкесі Қуаныш Серікқалиұлы корпарация басшысы Марат Серікжанұлының сыныптасы. Содан болар, жас кәсіпкерге көмек қолын созып, қолдауын аяған емес. Аяулының әкесі өмірден озса да, қамқорлығын жалғастырып, ақыл-кеңесін әлі күнге дейін айтып отырады.
— Осының барлығы жылы жүрек, жомарт қолды Марат ағаның арқасы, — дейді кәсіпкер, — тәжірибе жинақтап, үлкен кәсіпкерлікке келгенде айтарлықтай қиыншылықтар мен кедергілер болған жоқ. Себебі, ата-анамыз негізін қалаған істің өз арнасын тапқан кезі болатын. Біз тек сол ізді жалғастырып, өркендетуші бола білік. 2003 жылы тұрмысқа шыққаннан кейін, жолдасым да іскерлік танытып, маған қолдау көрсетті. Қазір екеуіміз отбасылық бизнестің басы-қасында жүріп, балаларымызды тәрбиелеп, ештеңеден мұқтаж болмасын деген ниетпен еңбек етіп жатырмыз. Тауарларды Түркияның Стамбул қаласынан тасымалдаймыз. Олардың сапалы болуын қадағалаймыз.
Алғашқы жылдары далада тұрдық. 2010 жылдан бері ғимартқа кіріп, бутик алдық. Сауда орнын Марат ағаның өзі ұсынып, үлкен қолдау көрсетті. Бүгінгі таңда ісіміз оңға басып, бутиктер санын бесеуге жеткіздік. Саудада бастысы – адалдық. Кемеңгер жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Күшіңе сенбе, адал еңбегіңе сен» деген жақсы сөзі бар. Адам — өмірінде өзіне ыңғайлы, өзі қызығатын, қолынан келетін істі істесе, еңбегінің өзіне де, өзгеге де пайдасы мол, жемісті болып, еліне, халқына пайдасы берекелі болады деп ойлаймын, — дейді Арайлы Қуанышқызы.
Қазіргі заманда өз ісін бастап, кәсіпкерлікпен шұғылдануды көпшілік армандайды. Дегенмен, бизнестің берекесін көріп, қолға алғанын алдыға жылджытып әкететіндер некен саяқ. Бұған әсте таңғалуға да болмайды. Себебі, бизнестің өз қиындықтары мен кедергілері болады, — дейді кәсіпкер, — істі қадағалау мен жүргізу оңай шаруа емес. Менің кәсіпкерлікпен айналысып, еңбегімнің жемісін көруге «Ақшың» сауда орталығы үлкен мүмкіндік жасады. Мұнда жарық, жылу, қауіпсіздік шараларының барлығы лайықты деңгейде. Ғимарат іші санитарлық талаптарға сай, халыққа қажетті қызмет түрлерінің барлығы бар.
Кәсіпкердің айтуынша, бүгінде өркендеу жолын таңдаған «Ақшың» семейліктердің мақтанышына айналды. Халық көп шоғарланатын, әркім өзінің іздегенін тауып, сатып алған дүниесін тіршілігіне пайдаланатын және осының барлығына қажетті мүмкіндіктерді ұсынып отырған тағы да «Ақшың». Болашақта корпорация цифрландыру үрдісін игеріп, заманмен бірге гүлденсін! Қара халықтың қамы үшін тынымсыз қызмет жасап тұрған сауда орталығының ғұмыры ұзақ болсын! — дейді Арайлы Қуанышқызы.