ІЛИЯСОВ Мейір Әшкенұлы,
ветеринария саласының ардагері
Мейір Әшкенұлы 1955 жылы 1 ақпанда Ақсуат ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келген. 1962-1972 жылдары Ақсуат орта мектебінде оқыды. Семейдегі зооинженерлік-ветерианарлық институттың 1977 жылғы түлегі. Еңбек жолын туған ауылында мал бордақылау пунктінің бас мал дәрігері болып бастаған. 1978-1983 жылдары аудандық комсомол комитеті ұйымдастырушылық бөлімінің меңгерушісі, аудандық комсомол комитетінің І хатшысы болып еңбек етті. 1984 жылы Семей облысында мал дәрігерлік лабораториясының бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындалып, 1988-1993 жылдары қаланың бас мал дәрігері болды. 1993 жылдан бастап «Семей базары» жауапкершілгі шектеулі серіктестігінде ветеринарлық-санитарлық сарапшы болып жұмыс істеп, осы жерден 2018 жылы зейнеткерлікке шыққан. 2 ұл, 3 немересі бар.
АДАЛ ЕҢБЕК ЕТСЕҢ, МАҚСАТЫҢА ЖЕТЕСІҢ
Жалпы мал дәрігерінің жұмысы салғырттықты көтермейді. Ауыл шаруашылығы саласында бұл маманға жүктелген жүк ауыр. Оның қыруар жұмысы мен маңдай тері төрт түліктің ауруын анықтап, емдеу ғана емес, бірінші кезекте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан, ветеринария мал шаруашылығының ең беделді саласы екенін естен шығармаумыз керек. Мал дәрігерінің жұмысы дұрыс жолға қойылса, мал ауруға ұшырамайды. Ал сау малдың етін жеп, сүтін ішкен адам аурудан алыс болады. Бұл бағытта ветеринарлық-санитарлық сараптама жасайтын зертханалардағы мамандардың да атқарып жатқан істері жетерлік. Сарапшылар сібір жарасы, туберкулез, аусыл, індетті лимфангоит, қатерлі ісік, сап, құтырық сияқты жұқпалы аурулармен күресіп келеді. Мал етінен олардың белгілері анықталса, саудаға жібермейді. Аталған ауру түрлерінің адам денсаулығы үшін қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті.
Ветеринария саласында сүбелі еңбек етіп, бүгінде соңынан ерген інілеріне үлгі болатын білікті мамандардың бірі – Мейір Ілиясов. Өз ісін жетік меңгерген маманның ең бірінші саланы дамытуға, екінші «Ақшың» корпорациясындағы ветеринарлық-санитарлық сараптау зертханасының жұмысын жөнге қоюға қосқан үлесі ұшан-теңіз.
— Мейір Әшкенұлы, әңгімемізді сонау өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бастайық. Тарбағатайдың іргесіндегі Ақсуаттан Семейге білім іздеп келіп, жоғары оқу орнына түскен кездер жалындаған жастық шақ қой. Ұлағатты ұстаздарыңыз кім болды?
— Одақ кезінде Семейде небәрі 4 жоғары оқу орны болды. Олар педагогикалық, медициналық, зооинженерлік-ветеринарлық және технологиялық институттар еді. Төртеуі де дүркіріп тұрған, беделді білім ордалары. Оларда оқып, маман атану деген үлкен мәртебе болатын. 1972 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін, ата кәсіп – мал шаруашылығын дамытамыз деп осы зоотехникалық және мал дәрігері институтына келіп, құжат тапсырдым. Асығым алшысынан түсіп, оқуға түсіп, 5 жылда маман атанып шыға келдік.
Ол кезде білім деңгейі өте жоғары болатын. Студенттердің де ғылымға құштарлығы басым еді. Әркім күнделікті ізденіс үстінде, кітапханадан шықпайтынбыз. Қазіргідей ғаламтор, неше түрлі заманауи құрал-жабдықтар жоқтың қасы. Бірақ, білімге деген құштарлық бәрін де жеңді. Ол кездегі ұстаздар кітапқа немесе жазып әкелген дәптер дегенге қарамайтын. Қолдарында көрсеткіш таяқшалары ғана болады. Көптеген терең білімді ғалымдардан тәлім алдық. Атап айтқанда, Зейнолла Қалымбекұлы Тоқаев, Ғафу Әбішұлы Әбішев, Халит Смағұлұлы Жұмабеков, Кеңесхан Нұрғалиұлы Қожанов, Николай Дмитриевич Титоренко, Жұмағали Мүрсәлімұлы Есімбеков сынды ұстаздардың шәкірті болдым. «Ғалымның жолы – шамшырақ» деген сөз бар ғой, сол биік тұлға, ұлағатты ұстаздардан алған білімімді өмір бойы еңбек жолымда пайдаланып келдім. Алдымда шамшырақ секілді, бағыт-бағдар көрсетіп отырды. Өзімнің ізденісім тағы бар. Осындай белді ғалымдардан, ғылым докторларынан тәлім алғанымды мақтанышпен айтамын.
— Ол кезде шығыс өңірі еліміздегі мал шаруашылығы ілгері дамыған аймақтардың бірі болды ғой. Демек, өндірістік тәжірибе де қызу болған шығар…
— Иә, дұрыс айтасыз. Ол кезде мал шаруашылығы деген қайнап жатқан сала болатын. Мен институтта жүргенде көршілес Павлодар облысындағы Шарбақты ауданына қарасты сүт бағытында жұмыс істейтін Заветы Ильича деген колхозда 6 ай тәжірибеден өттім. Мал дәрігерлері жетіспей жатқан кез екен. Жұмыс істедім. Күн суық. Бірақ, жастықтың жалынымен бар қиыншылыққа төтеп беріп, білек сыбана іске кірісіп кеттім. Ірі қараның, бұзаудың ауруы көп. Дегенмен, студент болсам да мал шығынын болдырмай, аудан, колхоз басшылығынан үлкен марапатқа ие болғаным бар.
— Өмірдерегіңізге көз жүгіртсем еңбек жолыңыз бай әрі үлгі аларлықтай екен. Ветеринария саласындағы сүбелі еңбегіңіз көрініп-ақ тұр. Көбіне басшылық қызметте болыпсыз. Енді сол жылдарды артқа тастап, бірден «Ақшыңға» оралайық. Мұнда қалай келдіңіз?
— «Ақшың» корпорациясына 1993 жылы келдім, ол кезде «Семей базары» болатын. Марат Серікжанұлы «іздеп отырған адамым өзіңіз болатынсыз» деп бірден жұмысқа алды. Сол жылы басшылық ветеринарлық-санитарлық сараптау зертханасын ашуды жоспарлап отырған екен. Сол жауапті істі қолға алып, жұмысты бастап кеттік. Марат Серікжанұлы жаныма Алдаберген Байдильдинов есімді ерік-жігері тасыған, білікті маманды қосып берді. Содан жарты жылдың ішінде «СемейВет» зертханасын аштық. Оған лицензияны облыста бірінші, елімізде екінші болып алдық. Артынан ветеринарлық дәріхананы да іске қостық. Дальняяда мал сою орнын ашар да да ақыл-кеңестермен бөлістім.
— Енді ашылып жатқан ветеринарлық-санитарлық сараптау зертханасында алғашқы жылдары қиындықтар болды ма?
— Ветеринарлық-санитарлық сараптаушы ретінде маған қиын болған жоқ. Себебі, өзімнің мамандығым. Талай жыл жинаған тәжірибем бар, көрген-білгенім тағы бар деген секілді. Қолым біледі, қысқасын айтқанда. Оның үстінде 1984-жылы Алматының зооветеринарлық интситутында және Ленинградтың ет комбинатында біліктілігімді арттырғанмын. Қаланың бас дәрігері болғаным тағы бар. Ветеринарлық сараптаудың қыр-сырын жетік меңгерген адаммын. Жанымда өз ісін білетін Құсайын Жүнісов, Гүлнәр Садықова сынды білікті мамандар, әріптестерім болды. Сондықтан ештеңеден қорықпай, алаңсыз жұмыс істедік. 2018 жылдың ақпанында зейнеткерлікке шықтым. Осындай жауапты, қызығы мен шыжығы көп мамандықты игергеніме ешқашан өкінген емеспін. Тәубә деймін.
«Ақшың» корпорациясының басшылығы мен ұжымына алғыстан басқа айтарым жоқ. Құрмет грамотасы, алғыс хат, ақшалай сыйлық сынды марапаттардың барлығын алдым. Ұжым сыйлап, құрметтеп, төбесіне көтереді. Осыдан басқа не керек?
— Сіз секілді маманмен сұхбаттасқаннан кейін, тілге тиек етпесек болмас. Жалпы төрт түліктің төлін баққандар түрлі аурулардан аулақ болу үшін қандай кеңес берер едіңіз. Себебі, сол малдардың еті ертең осы сауда орындарына жеткізіледі ғой.
— Малды өзінің үйірімен ұстау керек. Бізде бір отар қой жүрсе, арасында сиыр да, ешкі де, түйе де жүреді. Ауру бірінен біріне жұғады. Жасырары жоқ, мал баққаннан кейін қолға ит ұстамасаң тағы болмайды. Бірақ, брюцеллез деген ауру осы төрт аяқтыдан жұғады. Оны көбі біле бермейді. Сондықтан итті де жылына екі рет тексертіп отыру артық болмайды.
Қазақ қанымызға сіңіп қалған қасиет – ағайынның, туыстың малын қосып бағамыз. Сол кезде де абай болу керек. Ауру сырттан келуі де мүмкін. Себебі, малдың бірі егіледі, бірі егілмейді. Менің еңбек жолымда көзім жеткені осы.
Қазақ — ертеден мал баққан, малмен сыр-мінез халық. Ол әртүрлі малдың өзінің атасы, пірі, құдайы бар деп білген. Мал шаруашылығының қарқынды дамуы, азық-түлік өнімдерін өндірудің өсуі әрі сапалы болуы малдәрігерлік іс-шаралардың уақытында жүргізілуіне тікелей байланысты. Бұл ретте ветеринарлық-санитарлық бақылау жүргізіп ішкі сауда орындарында қауіпті тағам өнімдерінің сатылуына жол бермеуді көздейтін «СемейВет» секілді серіктестіктердің жұмысы өте маңызды.
— Сіз бір салаға барынша берілген, өз кәсібін сүйген адамдардың бірісіз. Өмірдегі еңбек жолыңызда қандай қағидаға сүйендіңіз?
— Ең бастысы – адал еңбек ету керек, сонда ғана мақсатыңа жетесің. «Адал еңбек аздырмас, арамдық бойды жаздырмас» дегендей, жүктелген міндетті абыроймен орындап, туған елдің игілігі үшін қызмет жасағанға не жетсін?! Мал дәрігері, ветеринария сарапшысы деп қай қайсысын айтсақ та жауапкершілігі мол кәсіп. Бастысы жүрекпен қалап, ісіңе адал болсаң болғаны. Бастағын істі аяқсыз қалдырмауға тырыстым. Қолға алдың ба, соңына дейін істеп, оң нәтиже шығарып барып, демалуға болады. Соңғысы — жалған сөйлемеу, алдамау. Осындай қағидамен еңбек етсең, табысың да молаяды, қоршаған ортадағы беделің де артады деп ойлаймын.
Хәкім Абай «Еңбек — қуаныш, жалқаулық — айырылмас азап» дейді. Адам, ең бастысы, еңбектенуге, бір іске күш-қуатын, ақыл-ойын жұмсауға ерінбеуі керек. Өйткені жалқаулық, еріншектік адамның өзін және өмірін тоздырады. Ал ерінбей еңбек етсең мақсатыңа, арманыңа жетесің. Арманың орындалса, өзіңді бақытты санайсың. Қарапайым ғана қағида. Бірақ оны жүзеге асыру – өте күрделі дүние.