УСКЕНБАЕВ Серікжан Алтынбекұлы,
«Ақшың» корпорациясының коммерциялық директоры
Серікжан Алтынбекұлы 1978 жылы 22 қазанда Қайнар ауылында дүниеге келген.
1985-1995 жылдары С.Бегалин атындағы Қайнар орта мектебінде оқыды. Білім ошағын үздік тәмамдады.
Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің 2000 жылғы түлегі.
2000-2005 жылдар аралығында Семейдегі №3 балалар үйінде бас есепші болып еңбек етті.
2005-2006 жылдары Семей қаласы әкім аппаратында жетекші маман, 2006-2007 жылдар аралығында Болат Тұрлыханов атындағы жастар кешенінде әкімшілік директор болды.
2007-2018 жылдар аралығында «Азамат» күзет агенттігінің бас есепшісі болып сүбелі еңбек етті.
2018 жылдың шілдесінен бері «Ақшың» корпорациясының коммерциялық директоры.
Жұбайы Светлана Ускенбаева — психолог. Үш баласы бар. Қызы Жаннель – Шәкәрім атындағы университеттің ІІ курс студенті. Ұлы Жаннат №39 мектепте 11-сыныпта оқиды. Жаннұр — аталған білім ошағының 6-сынып оқушысы.
«АЗАМАТ» КҮЗЕТ АГЕНТТІГІ – СЕНІМДІ ӘРІПТЕС
— Серікжан Алтынбекұлы, көп жылдар «Азамат» күзет агенттігінде бас есепші болып, еңбек етіпсіз. Аталған агенттік төңірегінде әңгімелеп берсеңіз.
— Корпорация құрамына қарайтын «Азамат» күзет агенттігі 2001 жылы сәуір айында құрылған. Компанияның негізгі бағыты – адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен мүлікті күзету. Агенттікте оққағар немесе мекеме үшін күзетшілерді жалдауға болады. Сонымен қатар, бағалы жүкті күзету үшін де қызмет түрін ұсына аламыз. Ерекше айта кететін жайт, осындай жауапты жұмыстарға біз брондалған көліктерді пайдаланамыз. Бастысы, агенттік клиенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін білікті де білімді қызметкерлерімен мақтана алады.
Біз компанияға тепсе темір үзетін жігіттерді қабылдауға тырысамыз. Олардың денсаулығы мықты, шыныққан азаматтар болуы керек. Бұрын істі болған-болмағаны да қатаң тексеріледі. Және барлығы Ішкі істер департаментіне қарасты «Барс» немесе «Динамо» оқу орталықтарында арнайы оқып, күзетші куәліктеріне ие болады.
17 жыл тарихы бар күзет агенттігі бүгінгі таңда жоғары деңгейде қызмет көрсетуге арналған барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Осы уақыт аралығында «Азамат» өзінің беріктілігі мен сенімділігін түрлі кәсіпорын-мекемелер арасында дәлелдей алды деп нық сеніммен айтуға болады. Күзетке алынған нысандардың барлық шұғыл дабылдарын агенттіктің тәулік бойы кезекшілік атқаратын бөлімі қабыл алады. Жұмыс барысында барлық қызметкерлер радио және ұялы телефон байланыстармен қамтамасыз етіледі. Агенттіктің «Моторолла», «ТС-700» радиостанциялары бар. Сонымен қатар кезекші бөлімде «Сигнал» және «ВЭРС» күзет дабылдары қойылған. Компания қажетті қару-жарақтармен де толықтай қамтылған. Күзет кезінде қызметтік иттер де пайдаланылады. Бұлар агенттіктің өз қарамағындағы иттер. Айта кетерлігі, компанияның Өскеменде филиалы бар. Бөлімше де өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындап келе жатыр.
— Бүгінгі таңда «Азамат» күзет агенттігі қандай мекемелерге қызмет көрсетіп отыр?
— «Азамат» агенттігі түрлі кәсіпорынды, атап айтқанда кеңселерді, ломбардтарды, сауда орталықтарын күзетеді. Жеке тұлғалармен, кәсіпкерлермен, мемлекеттік мекемелермен жұмыс жасайды. Бұрын қаладағы бірқатар стратегиялық нысандар мен аспалы көпірді Ішкі істер министрлігіне қарайтын құрылымдар күзететін, қазір біздің агенттік өз бақылауына алып отыр. Себебі, бүгінгі таңда оларды күзету бәсекелестік ортаға жіберілген. Сондықтан, тендер, аукциондар мемлекеттік сатып алу аясында жүзеге асырылады. Мұндай шараларға қатысудың арнайы ережесі, талабы бар. Біз тендерге қатысқанда тиісті құжаттардың барлығын ұсынып отырамыз.
Жалпы күзет агенттіктері қызметкерлерінің біліктілігі өте маңызды. Бүгінгі күні күзетшілер тәртіп сақшылары мен қоғамды байланыстыратын көпір іспеттес. Осы бағытта «Азамат» өзіне жүктелген міндеттерді қалтқысыз, лайықты деңгейде орындап келеді. Сондықтан, агенттік бүгін етене жақын қырым-қатынас орнатқан мекемелердің сенімді әріптесіне айналды.
— Жұмыс барысындағы талабыңыз қандай?
— Бастысы – жұмыс орнына уақытында келіп, уақытында кету. Қызметкерлердің кешікпеуі — өте маңызды. Бұл айтпаса да түсінікті. Мәселен, бір адам жұмысқа кешігіп келсе немесе қызметіне шықпай қалса, онда агенттік күзететін нысан қараусыз қалды деп есептей беріңіз. Ол күзетшінің орнына басқа қызметкерді шақырғанша бірнеше сағат уақыт шығындалуы мүмкін. Ал, компания мұндай келеңсіздікке жол бере алмайды.
Бас есепші болғаннан кейін, негізгі талаптардың бірі – қаржыны үнемдеу. Тиімді пайдалану. Жұмысқа қатысты барлық заңдар мен нормативтік құжаттардың қатаң орындалуын қамтамасыз ету. Еңбек заңнамасының орындалуын қадағалау, жұмысшының құқығын сақтау сынды толып жатқан талаптар бар.
— Қазір коммерциялық директорлықты қолыңызға алдыңыз. Бұл енді басшылықтың сізге деген сенімі мен кәсіби шеберлігіңізге берілген жоғары баға деп есептеймін…
— Рахмет! Әрине, жауапкершілігі өте мол. Жұмысқа кіріскеніме де көп болған жоқ, бірақ жүктелген міндеттерді орындап, басшылықтың сенімін ақтаймын деген ойдамын. «Ақшың» корпорациясы — тауарайналымы ауқымды компаниялардың бірі. Материалдық базасы күшті. Серіктестікке қажетті барлық коммерциялық операцияларды қатаң бақылауда ұстау және оны тиімді сараптау жұмыстары маған жүктелген. Қазір нарықта түрлі қызмет түрлерін ұсынатын кәсіпкерлер өте көп. Олардың арасынан тиімдісін және корпорацияға лайықтысын таңдап алу — оңай шаруа емес. Осы тұста тағы коммерциялық директордың көмегі қажет болады.
Мұның сыртында корпорация ішінде бірнеше бөлімдер бар. Құрылымдардың жұмысына экономикалық ұсыныстар мен сипаттама береміз. Бөлімдердің нәтижелі жұмыс істеуін қадағалап, олардың тиімділігін арттыру да менің құзырымда. Жеке бөлімдердің тендерлерге қатысу барысында кеңестермен бөлісеміз. Осы сынды кешенді шараларды жүргізу немесе жүзеге асыруда экономикалық білім аса қажет.
— Жұмыс барысынан жеке өміріңізге қарай ауыссақ. Отбасында неше баласыздар?
— Жанұяда 5 баламыз, мен – тұңғышымын. Менен кейін 3 қарындасым, бауырым бар. Гүлжан Астана қаласында тұрады. 74-гимназияда директордың орынбасары. Ұлжан қарындасым – қалалық сотта бас маман. Інім Ержан – мемлекеттік қызметкер. Кенже қарындасымыз Тоғжан – Шәкәрім атындағы университеттің түлегі. Тұрмыста, қазір бала күтімімен үйде отыр.
Әкеміз Алтынбек Үсенұлы өкінішке орай, қазір арамызда жоқ. Заманында Қараөлең ауылдық округін басқарып, өңірдік әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жаңғыруына сүбелі үлес қосты. Оның алдында да көптеген жауапты қызметтерді атқарды. Небәрі 25 жасында интернат директоры болған. Анамыз Орынгүл Бикәменқызы екеуі Абыралы өңіріне белгілі ұлағатты ұстаздар.
Баланың тәрбиелі, өнегелі, нағыз азамат болып қалыптасуына берекелі отбасының әсері мол деп ойлаймын. Қазақ халқы «Әке — асқар тау, ана -бауырындағы бұлақ, бала — жағасындағы құрақ» деп, табиғаттың тамаша құбылысына теңеген. Қай заман, қай қоғам болмасын әкенің отбасында алар орны ерекше. Менің әкем де өзге азаматтар секілді, өр тұлғалы болды деп есептеймін. Тұңғыш бала болғаннан кейін, маған көп үміт артатын. Оқытты, ешкімнен кем қылмады. Мамандық таңдауда да әкем дұрыс бағыт-бағдар берді деп ойлаймын. «Іні-қарындастарыңа қарайла, соларға бас-көз бол!» деп жиі айтып отыратын. «Жақсы әкенің даналығы – балаға мың жыл азық» дейді дана халқымыз. Менің өмірдегі ең қымбат адамым ол — менің сүйікті әкем болды. Жаңа айтып өттім ғой, мұғалім болған соң ба, әкем бала тәрбиесіне ерекше мән берді. Ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам еді.
Әкенің ақылы керек екен,
Таптырмас ой сана береді екен.
Алтыннан жасалған үш әріпке,
Өмірде еш нәрсе теңелмеген,
— деген өлең жолдары осындайда еске түседі.
Айта кету керек, қазір Қайнардағы С.Бегалин атындағы орта мектепте әкемнің атында математика кабинеті бар. Оны ашу туралы білім ошағының басшылығына біздер – ұрпақтары ұсыныс жасаған болатынбыз. Нәтижесінде, ол қолдау тауып, игі бастама жүзеге асырылды. Кабинеттің лайықты деңгейде жасақталуына белгілі меценат, «Ақшың» корпорациясының президенті Марат Серікжанұлы Құрманбай қолдау көрсетті. Сол үшін ағамызға үлкен ризашылығымызды білдіреміз.
— Әке даналығы жөнінде жақсы сөз айттыңыз. Бұл тәрбие дәстүрін енді өзіңіз жалғастырып келе жатқан боларсыз?
— Адам тағдырында екі білім болады екен: бірі — дипломмен өлшенетін білім, екіншісі — өмірлік білім немесе өмірлік мектеп. Осының соңғысы отбасындағы тәрбие, мектеп, қоршаған ортамен қалыптасады. Адам осы екеуін де бойына сіңіре алса, жаман болмайды деп ойлаймын. Ұлы ғұлама Әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген екен. Сондықтан, ұрпақтың тәрбиелі әрі білімді болуына ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Балалардың анасы екеуіміз мектепте болатын ата-аналар жиналыстарынан қалмаймыз. Одан кейін, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға тырысамыз. Мүмкіндігінше, олардың сүйікті істерімен айналысуына, түрлі үйірмелерге қатысуына жағдай жасап отырамыз. Өздері де арнайы күн тәртібін жасап қойған, сол бойынша жұмыс істейді.
— Игі тілектің орайы келген секілді…
— 1999-2000 жылдары студент кезімде жазғы демалыста «Азамат» күзет агенттігінде жұмыс істегенмін. Сондықтан аталған компания маған өте ыстық. Уақыт өте бас есепші болып еңбек еттім.
«Ақшың» — қанатын кеңге жайған, нарықта өзінің беделі бар ірі сауда орны. Қаншама кәсіпкерлер осы жерден түлеп ұшты. Осының өзі зор мақтаныш. Тынбай еңбек еткеннің тұрмысы берекелі болады. Бүгінгі заманның талабы да осы. «Кәсібіне қарай — нәсібі» демекші, бүгінде өз мүмкіндіктеріне қарай кәсіп ашып, ісін дөңгелентіп отырғандар саны күннен-күнге артып келеді. Осы үрдіс жалғасын тауып, әр шаңырақтың ырысы арта берсін!