СМАИЛОВ Асқар Матайұлы,
кәсіпкер
ЕЛЕУЛІ ІСТІ ЕҢСЕРГЕН ЕЛЕУЛІ ЖАН
Әйгілі француз ойшылы Вольтердің «Өмір дегеніміз — ой» деген қанатты сөзін есіме жиі аламын. Бүгінде сағымға айналып кеткен кешегі күндерге көз салсам, талайды таңдай қақтырған тұлғалар бейнесі ойға оралады. Қазір солардың ізін басып, көпке үлгі болған, жұрттың алғысын алып, құрметіне бөленген жандарды да көріп, қуанасың. Солардың арасында тағдыр атты тайғақ жолда тағасы таймай төске өрлеген парасат иесі, «Ақшың» корпорациясының президенті, халық қалаулысы, атымтай жомарт Марат Құрманбай да бар.
Мәкеңді мен бұрыннан білемін. Сонау тоқсаныншы жылдары бизнеске қалай араласты, «Семей базарын» қалай құрды, қиыншылықтар мен кедергілерді қарсы тұрып, қалай бағындырды? Бәрінен де хабардармын.
Міне, содан бері ширек ғасыр уақыт өтіпті. Бәрі де көзді ашып-жұмғанша өтеді де кетеді екен. Бірақ, кешегі күндер еншісіндегі маңдай тер мен адал еңбек өшпек емес.
Бизнесте тәжірибесімен қамқор, өмірде адамдық болмысымен кемел Марат Құрманбайды жұрты жақсы біледі. Талайларды қанатының астына алып, қамқорлық танытты. «Үлкен адам болу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға» деген жыр жолдарында айтылғандай, Мәкең асқар арманмен бағыт түзіп, бүгінде сол мақсаттарды бағындырды. Оның азаматтық өмір арнасы теңіз суындай асау толқынды, бұлақ суындай мөлдір, көл суындай таза қалпында өз ағысынан ешбір жаңылысқан жоқ.
Не керек, ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, ұл мен қыз өсірген біздер қазір құда болдық. Осындай туыстық қарым-қатынасымыздың өзі 5 жылдан асып барады. Осы аралықта Мәкеңнің азаматтығы мен адамгершілігіне, қайсарлығы мен қазақы қалпына тағы да тәнті болдым. Сыйластығымыз жарасып, немерелер қызығын бірге қызықтап келеміз. Осыған тәуба деймін.
Асыл жары, менің құдағиым Айсұлу Ақанқызы екеуі — көпке үлгілі шаңырақтардың бірі. Асқар әке мен аяулы ана үш ұлдарын үлкен абыройлы да жауапты міндеттер жүктеу арқылы тәрбиелеп өсірді. Енді немерелердің бал қылықтарын тамашалап, бақытты ата мен апа болды.
Қазақта «Зер қадірін зер соққан зергер білер, ел қадірін ел баққан ерлер білер» деген терең мағыналы сөз бар. Марат Құрманбай үлкен корпорацияны басқарып, бизнестің шыңына шықса да туған ел мен жердің қамын ойлап, жұрттың жағдайын жақсартуды әсте естен шығарған емес. Әрине, жеке шаруасын дөңгелетіп, оның игілігін көріп, тыныш қана өмір кешуге де болар еді. Бірақ, Марат Құрманбай ондай жан емес. Ол жиған-тергенін халықпен бөлісіп, депутат ретінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақартуға тырысып-ақ жүр. Онысы зая да кеткен жоқ. Шығыста, шаһарда, Абыралы аймағында қандай да бір көңіл қуантарлық өзгерістер болса, Мәкеңнің үлесі бар деуге толық негіз бар.
Бұл кітапта халық қалаулысы, кәсіпкер, атымтай жомарт менің құдам туралы талай-талай жақсы сөздер жазылған болар. Менің және жарым Светлана Әскерқызы Асқарованың да тілегі сол салмақты әрі әдемі ой орамдарымен сабақтасып жатыр деп есептеңіздер. Еңбек баспаға әзірленіп жатқанда, құдам «Құрмет» орденін алуға елордаға аттанып кетті дегенді естідім. Естідім де, төбем көкке жеткендей қатты қуандым. Дәл осы 25 жылдықта марапат өз иесін тапты-ау деп шаттандым.
Қадірлі, Мәке! Сізді күллі қазақ жұрты, Елбасының өзі құрметке бөлеген марапатыңыз қайырлы, құтты болсын! Бұл – сан жылғы еңбегіңіз бен халықпен бірге өткізген күндеріңіздің жемісі. Светлана екеуіміз елеулі істі еңсерген сіз бұған әбден лайықсыз дегіміз келеді.
Жасай беріңіз! «Ақшыңның» ширек ғасырлық тойы құтты болсын! Еңбектің зейнетін көретін күндер жалғаса берсін!