ЕЛУБАЕВ Жағыпарбек Елубайұлы

орнамент.jpg

Елюбаев.jpg

ЕЛУБАЕВ Жағыпарбек Елубайұлы,

кәсіпкер, 2012-2013 жылдардағы Семей қалалық мәслихатының хатшысы, 2013-2014 жылдардағы Семей қаласы әкімінің орынбасары

АДАМДЫҚТЫҢ АСҚАРЫНДАҒЫ АЗАМАТ

Елдің әлеуметтік тұрғыдан, қоғамдық-саяси бағытта еркін көсіліп, өздігінен қызмет етуі елдің тұтқасын ұстаған азаматтардың еншісінде. Кез-келген ортаның өсіп, өркендеуі білікті басшының ұтымды саясатының арқасы екені белгілі. Үлкен мекемеде ұжымды ұйыстырып, бір арнаға бұру – қажырлы еңбекті қажет етеді. Осындай нар жүгін арқалап, өз саласының майталманы атанып жүрген жандардың бірегейі облыстық мәслихаттың депутаты, «Ақшың» корпорациясының президенті, менің құдам Марат Серікжанұлы Құрманбай.

Бүгінде білдей бір корпорацияны үйіріп отырған білікті басшы ғана емес, ел жүгін арқалаған азамат ретінде таныла білген тұлғаның халық игілігі жолында бірқатар істердің тізгінін ұстап, толағай табыстарға жеткенін біз жақсы білеміз. Аймақтың ардақтысына айналған ел баласының бүгінде бағындарған биіктері жетерлік. Ерен тұлға, адамдықтың асқарындағы азамат.

Ерен тұлға болатын себебі – оның бір басында ақыл мен парасат, биік адамгершілік пен кісілік мейірім, оларды халқының қажетіне жаратарлық түпсіз терең ой мен талант деп аталатын құдіретті қасиет бар.

Марат Құрманбайдың отбасымен біз жарым Сәуле Темірғалиқызы екеуіміз 14 жылдан бері жақсы араласып келеміз. 2004 жылы бұл әулетпен құда болдық. Ұл-қыздарымыз қазір елордамыз Астанада тұрады. Өз кәсіптері бар. Бес немере сүйіп, қызықтарын бірге қызықтап отырмыз. Мәкең әке ретінде балалардың жағдайын жасап, қамқорлық танытудан ешқашан жалыққан емес. Ақыл-кеңесін айтып, дұрыс бағыт көрсетуге барынша күш-жігерін салып отырады.

Абыралы өңірі – Марат Серікжанұлының атамекені. Оны бәріңіз де жақсы білесіздер. Өз басым Қайнарға екі рет барғанымда, талай ілкімді істер мен қуаныштардың куәсі болдым. Мәкеңнің бұл өңірдің жандануы мен келер ұрпаққа қажетті тындырған толағай жұмыстарын жақсы білемін. Отты жылдардың майдангерлеріне, өңірден шыққан өр тұлғалы азаматтарға ескерткіш және полигон құрбандарына арнап монумент тұрғызуы – ерен еңбек. Мұның сыртында толып жатқан қаншама игі істер бар. Мәкеңнің осы бір елжандылығы мен отансүйгіштігі жаны қазақ әр азаматтың бойында болса деп армандайсың.

Осы бір асыл қасиеттер кәсіпкердің бойына ата-ана тәрбиесі арқылы дарыды деп есептеймін. Көп балалы әрі қарапайым отбасында өскені тағы бар. Марат – өз өмірін өз қолымен жасаған адам. Оның атқарған істері, жеткен жетістіктері, перзенттерінен көрген рахатының барлығы да өз күшімен ғана орындалған армандары десе де болады. Тұла бойы тұнып тұрған ұлағат дерсің. Жаны адалдықты сүйетін, үлкенге құрмет көрсету, кішіге қамқорлық таныту, айналасына мейіріммен қарау — оның төл қасиеті.

…2007-2012 жылдары Марат Серікжанұлымен қалалық мәслихаттың депутаты болдық. Осы тұста халық қалаулысының жұрттың мүддесін ойлап, мәселелерін айтып, шыр-пыр етіп жүретініне талай мәрте куә болдым. Шыны керек, талай жұмыс жөнге қойылды. Мұны халық жақсы біледі.

2014 жылдары Семейдің 1,5 миллиард теңге салығын Өскемен алып қойғанда, қыруар қаржыны шаһардың өз еншісінде қалдыру жолында Марат аянбай-ақ тер төкті. Ешкімнен қорықпады, ештеңеден қаймықпады. Нәтижесінде, мәселе оң шешімін тауып, салықтық түсімдер Семейде қалды. Міне, елдің, халықтың, қаланың қамын ойлау деген осы.

Халық қалаулысы қашанда өзекті мәселелерді тиімді шешу жолдарын қарастырып, қала мен ауылдық жерлердегі игі істердің басы-қасында жүреді. Жаны жомарт жан қайырымдылық іс-шаралардан да құралақан емес. Елді-мекендерді ауыз сумен қамту, жолдарды жаңарту, сонымен қатар тұрғын үйге мұқтаж жанұяларға баспанамен көмектесу, жастарды жұмыспен қамту сынды толып жатқан мәселелерді басты назарда ұстап келеді. Талантты, дарынды жастарды қаржылай қолдап, талай жастың жолына шамшырақ болды. Бұл Марат Құрманбайдың «Өзгені сыйлағаның, өзіңді дәріптегенің» деген түсініктен жаңылып көрмегені деп есептеймін. Қазіргі таңда өз қалтасынан ақша бөліп, көпшілікті қолдайтын жандар некен саяқ. Демек, Мәкеңнің бұл игі қадамдары елдің болашағы үшін жасап жатқан жұмыстары.

Мұның сыртында «Ақшың» корпорациясы — шаһардың қазынасына ауқымды салық төлеп отырған бизнес құрылым. Ол қаржы Семейдің дамуы мен гүлденуіне жұмсалып жатыр.

…«Алғаның жақсы болса – тұрағың, жанып тұрған шырағың» деген халық даналығы дәл айтылған. Марат құдамның өмір жолындағы жетістігінің басты қолдаушы, дем берушісі – Айсұлу Ақанқызы ханым. Жақсының жары өзіне лайық. Басы ауырса бәйектеп, ем-домын жасайды. Қабағын кірбің шалса жан ұшыра жүгіріп, әбден райланғанша тыным таппайды. Сынға түсер сындарлы сапарда үнемі қасынан табылады. Ұрпақтары да отауларын көтеріп, ұяларын жасақтады. Ауыздары тұшып, немере сүйді. Бақыт деген осы емес пе?

Менің ойымша, осы адами жетістіктер — Мәкеңнің пейілінің жемісі.

Алар асулар мен бағындырар белестер, шығар шыңдар мен мұзарт биіктер көп болсын! Сіздің еңбегіңіз қасиетті қазақ халқының бүгінгі мен болашақ ұл-қыздарына ұлағат болып қала бермек.

орнамент.jpg

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ