ЖҮНІСОВ Құсайын Кәттебайұлы

DSCF5058.JPG

ЖҮНІСОВ Құсайын Кәттебайұлы, ветеринария саласының ардагері

Құсайын Кәттебайұлы 1953 жылдың 20 сәуірінде Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында дүниеге келген. 1961-1971 жылдары Мақаншы ауданындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте оқыған. 1971-1974 жылдары әскер қатарында азаматтық борышын өтеді. Семей зооинженерлік-ветеринарлық институтын «Мал дәрігері» мамандығы бойынша 1981 жылы бітірген.

Еңбек жолын 1981-1986 жылдары Көкшетау өңіріндегі Ломоносов совхозында бас мал дәрігері болып бастаған. 1986-1989 жылдары Семей облыстық мал дәрігерлік зертханасында мал дәрігері, бөлім меңгерушісі болды. 1992-1994 жылдар аралығында аса қауіпті індеттерге қарсы бөлімді басқарды. 1994-1996 жылдары облыстық мал дәрігерлік зертхананың бастығы қызметін атқарды. 1996-2001 жылдары Өскемен қаласындағы облыстық мал дәрігерлік зертханасының директоры болды.

2001-2016 жылдары «Ақшың» корпорациясындағы «СемейВет» ветеринарлық-санитарлық сараптау зертханасында ветеринарлық сарапшы және директоры болып қызмет етті.

Қазір зейнеткерлікте, 1 ұл, 1 қызы бар. Аружан, Еркежан, Інжу, Шұғыла есімді немерелердің сүйікті атасы.

ЕЛІМІЗДЕ ТОП ЖАРҒАН ЗЕРТХАНАНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАДЫҚ

Ветеринарияның қыр-сырын он саусағындай білетін маман Құсайын Жүнісов өзінің туабітті еңбекқорлығы мен жауапкершілігі арқасында, берісі аудан, әрісі облыс, рес­публика көлеміндегі қатар­ластарынан оза шауып, абырой биігінен көрініп, ерекшелененген жан. Қай жерде еңбек етсе де өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен орындап, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, көпке үлгі болып отыр­ды. Бұл күндері уақыт көші ұзаған сайын Құсекең де кемелденіп, білген-жинағанын жастармен бөлісіп отырады. Адам баласына берілетін ең жоғары, әрі жүрекке жылы баға абырой десек, туған елін түлетуге бар ғұмырын ар­наған еңбек ардагерінің жүріп келе жатқан жолы кімге болсын өнеге. Маман болса, осы Құсекеңдей болсын деп айтуға тұрарлықтай.

Құсайын Кәттебайұлы «СемейВет» ветеринарлық-санитарлық сараптау зертханасына 2001 жылы келді. Тәжірибесі мол, көпті көрген, әбден жетілген маманның жаңа ғана ашылып жатқан зертханаға қосар үлесі де таудан биік еді. Расында да, солай болды дерсіз. Ты­нымсыз, қажырлы еңбегінің нә­тижесінде зертхананың, тіпті «Ақшың» корпорациясының тыныс-тіршілігінде келелі өзгерістер болды.

Марат Серікжанұлы да зертхананың заманауи қалыпта жұмыс істегенін қалады. 4,5 миллион теңге қаржы бөлініп, қажетті қондырғы, құрал-жабдықтар алынды. Нәтижесінде лаборатория республика көлеміндегі алдыңғы қатарлы мекемелердің біріне айналды. Зертхана күніне 30 бас ірі қара, 9-10 бас жылқы, 60-100 бас қой еті тексеруден өткізуге қауқарлы болатын. Зертхананы Құсекең басқарған жылдары мұндағы мамандар екі жылда бір рет біліктіліктерін арттырып отыруға мүмкіндік алды. Ветеринария саласының бір талабы да осы болатын. Атап айтқанда, Алматы, Қостанайға барып, білімдерін жетілдірген қыз-жігіттер қазір жемісті еңбек етуде.

2003 жылы зертхана арнайы тендерге қатысып, 10 млн. теңге ұтып алған-ды. Сол ақшаға мекеме іші толықтай қайта жаңартылды, құрал-жабдықтар мен мұздатқыштар алынды.

Сол жылы «СемейВет» серіктестігі Алматыда өткен ІІ Халықаралық ветеринариялық конгреске қатысып, үлкен табысқа жетті. 10-ға жуық мемлекет өкілдері қатысқан шарада семейлік зертхана «Үздік ветеринарлық-санитарлық зертхана» аталымы бойынша 1 орынға ие болды. Сонымен қатар, серіктестіктің атынан қатысқан Құсайын Кәттебайұлы «Қазақстанның үздік ветеринарлық-санитарлық сарапшысы» атанды. Бұл ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен байқауды ұйымдастырушылардың бірі Қазақ Ұлттық аграрлық университеті көрсеткен үлкен құрмет еді.

«СемейВет» серіктестігінде кілең мықтылар, «сен тұр, мен атайын» деген қыз-жігіттер еңбек етті. Құсайын Жүнісовпен бірге Мейір Ілиясов, Гүлнәр Ерғалиқызы, Мұрат Көміршиновтер әріптес болды. Қаладағы Шәкәрім атындағы университеттің аграрлық факультетінің талай аспиранттары, докторанттары осы зертхана келіп, тәжірибе алмасты. Ветеринария саласындағы түрлі мал ауруларына қатысты көптеген кітапшалардың жарыққа шығуына Құсекең де үлес қосты. Халықты сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету жолында ардагеріміздің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ