ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА Шолпан Төлеуқадырқызы,
«Ақшың» корпорациясы жарнама агенттігінің дикторы
Шолпан Төлеуқадырқызы 1971 жылы 29 шілдеде Семей қаласында туған. 1977-1985 жылдары Жаңа Семей ауданы Изатолла ауылындағы сегіз жылдық мектепте, 1985-1987 жылдары Семей қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №1 интернатта оқыды.
1992 жылы Н. Крупская атындағы педагогикалық институттың филология факультетін бітірді.
1992-1995 жылдары С.Сейфуллин атындағы №1 интернатта орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалі болып жұмыс істеді.
1997 жылы жеке кәсіпкерлікпен айналысты. Сол жылы «Семей базары» ЖШС жарнама агенттігінің дикторы болып жұмысқа қабылданды.
Жолдасы Болат Құдайбергенов жедел медициналық көмек станциясында жұмыс істейді. Екі баласы бар. Ұлы Жандос — Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің ІІ курс студенті. Қызы Жұлдыз экономикалық лицейде 10 сыныпта оқиды.
ЖҰМЫСЫМ ХАЛЫҚҚА ҚАЙЫРЛЫ КҮН ТІЛЕУМЕН БАСТАЛАДЫ
— Шолпан Төлеуқадырқызы, «Семей базарына» дикторлық қызметке өзгелерден оза шауып келіпсіз. Сол жайында қысқаша айтып берсеңіз.
— Тұрмысқа шыққаннан кейін біз 1 жыл ауылда тұрдық. Жолдасыммен ақылдаса келе, өз ісімізді қолға алсақ деген оймен 1997 жылы қалаға көшіп келдік. Содан не керек, Семейдегі базарлардың бірінде балалар киімін сатып көрмек болдым. Жаман емес, қолым жүріп, тәп-тәуір жұмыс істеп кеттім. Бір күні «Семей базарына» диктор қажет» деген хабарландыруды естідім. Кешкісін екінші қабаттағы қабылдау бөлмесіне келдім. Ол кезде серіктестіктің әкімшілік директоры Серік Рыскелдинов деген ағамыз болатын. Түйіндемемді бердім. Менен де басқа жұмысқа үмітпен келген жастар көп екен. Қарлығаш Әбдіхалықова апайымыз — хатшы-референт, ол кісі мені көріп, «Мына қыз – филолог екен» деп қатты қуанып қалды. Серік аға мәтін берді де «Қазақ тілінде жазылғанын орыс тіліне, орыс тілінде жазылғанын қазақ тіліне аудар» деді. Әп-сәтте тапсырмасын орындап шықтым. Сосын микрофон ұсынып, хабарландыруларды оқытты. Ойларынан бірден шықсам керек, «Ертеңнен бастап жұмысқа шық» деді. Міне, содан бері осы қара шаңырақ «Ақшыңда» дикторлық қызметте жүрмін. Бүгінде міне, 21 жыл болыпты. Шынтуайтқа келгенде арасында 3 жылдай үзіліс болды. 1998 жылы жолдасым екеуіміз отбасы жағдайына қарай Алматыға көшіп кеттік. Кетерімізде Марат Серікжанұлы шақырып алып, «Ол жақты жерсінбей немесе басқа да себептермен Семейге оралып жатсаңдар, есігім ашық» деген еді. Оңтүстік астанада бір жылдай тұрдық. Артынан қалаға қайтып келгеннен кейін, мен кішкентай баламен үйде отырдым. Жолдасым осындағы қауіпсіздік қызметіне қайта оралды. Өзім 2001 жылы жұмысқа қайта шықтым.
— Бизнес саласында да дикторлық аса қажет десе, кейбір адам сенбеуі мүмкін. Дегенмен, жұмысыңыз туралы айтып берсеңіз…
— Менің жұмысым сауда орталығындағы кәсіпкерлер мен келуші халыққа «Қайырлы таң! «Ақшың» корпорациясы жұмысын бастайды» немесе «Қайырлы күн!» деп жақсы тілекпен басталады.
Әлі есімде, тоқсаныншы жылдары рация деген енді шығып жатқан кез. Бәріміздің қолымыз тие бермейтін. Жұмысқа қажет болғаннан кейін, осындағы қауіпсіздік қызметіндегі жігіттердің рациясын пайдаланамыз. Бүкіл халық «Семей базарына» келетін. Мереке күндері залдарда ине шаншар жер болмайды. Сол кездерде кәсіпкерлер мен тұтынушыларды жұмыс уақыты біткенде әзер шығаратынбыз.
Күнделікті сауда орталығындағы жеңілдіктер, ашылған жаңа бутиктер мен ондағы тауарлар түрімен, жеңілдетілген бағамен сату науқаны болса, ол туралы да хабарлап, тұтынушыларды құлағдар етіп отырамыз. Оның сыртында телевидениемен жұмыс істейміз. Бір сөзбен айтқанда, тауарды тұтынушыға жеткізуге біз де қомақты үлес қосамыз. Мемлекеттік кірістер басқармасы мен тұтынушылар құқығын қорғау басқармасынан (бұрынғы СЭС) кәсіпкерлерге қатысты хабарландырулар немесе қажетті ақпарат болса хабарлап отырамыз. Түрлі мерекелік шараларда құттықтауларымыз бар. Қалада ұйымдастырылатын түрлі мәдени шаралар жөнінде де кәсіпкерлерді құлағдар етіп, олардың осындай шаралардан шет қалмауына да жағдай жасаймыз. Жұмысым өзіме ұнайды. Көптеген кәсіпкерлер келіп, ризашылықтарын білдіріп жатады. Ондайда жаның жылып, бір серпіліп қаласың.
Үлкен сауда орталығы болғаннан кейін, түрлі оқиғалар да орын алып жатады. Кішкентай балалар ата-анасынан адасып қалады, егде жастағы адамдар да осындай жағдайға тап болады. Сол кезде дереу хабарлап, бәрін бір-бірімен қауыштырып жатамыз. Көлік қоятын орындарда келеңсіз жайттар болып жатса, оны хабарлап, жүргізушілердің темір тұлпарларымен еш кедергісіз жүріп кетуіне көмектесіп жібереміз.
— 2001 жылы жұмысқа қайта оралдым дедіңіз ғой…
— Ия, Алматыдан қайтып келгеннен кейін, тұңғышым дүниеге келіп, мен баламен үйде отырдым. Ол уақытта жолдасым серіктестіктің Цементшілер кентіндегі филиалы басшысының орынбасары болатын. Бір күні маған телефон шалып «Марат Серікжанұлы саған баланы қарайтын адам болса, жұмысқа шықсын деп айтты» деді. Ұлымның 1 жасқа толған кезі еді. Осылайша тағы да Марат ағаның қамқорлығы арқасында өзім жақсы көретін жұмыс орныма қайтып оралдым.
«Жақсыға айтсаң, білер, жаманға айтсаң, күлер» дейді қазақ. Марат ағаның, талай қамқорлығына куә болдық. Олай дейтінім, сол жылдары ата-енем қолымда, қайын ағаларым бар, бір үйде 3 отбасы тұрып жаттық. Цементшілер кентінен өзімізге ыңғайлы пәтер іздеп жүрген кезіміз болатын. Бірден сатып алғанға қаржы жағынан қиналдық. Сосын жолдасым Марат ағаға барып, жағдайын айтып еді, көп ойланған жоқ. Бірден көмектесіп, алғашқы баспанамызды сатып алдық. Міне, нағыз адамдықтың белгісі. Марат Серікжанұлының осы жақсылығын әлі күнге дейін ұмытпай келеміз.
Былтыр ағаның алдына тағы бардым, екінші қабаттан бутик алып, өз ісімді бастап көрем ба деген оймен. Бұл жолы да «Қадамың дұрыс, балалар болса өсіп келеді…» деп, қолымды қайтарған жоқ.
Жалғыз мен емес, көмек сұрай барған кез келген кәсіпкердің жағдайына жығылып, көмек қолын созуға даяр. Содан кейін, Марат аға кадрды бағалай біледі. Қайран қалам! Әр нәрсенің орнын, бағамын пайымдай алады.
Жалпы Марат ағаның адамгершілік қасиетін жоғары бағалаймын. Ақжарқын қалпымен, байсалды мінезімен көпке сыйлы әрі құрметті болған азамат. Қаншама жақсы-жайсаң, жампоздармен танысып, сырлас, дәмдес болсақ та Марат Серікжанұлының осындай ерекше қабілетіне ешкім жете алмайтын секілді.
— Жолдасыңыз да «Семей базарында», қауіпсіздік қызметінде жұмыс істепті. Өзіңіз де осы серіктестікте көп жылдар еңбек етіп келесіз. Ана – отбасының ұйытқысы, айнасы. Десек те, қазіргі заманда кәсіпсіз тағы болмайды… Барлығына қалай үлгересіз?
— Қазақ «Әйел қырық шырақты» дейді. Бұл нәзік жандылардың мықтылығы мен қадір-қасиетіне қатысты айтылған сөз деп есептеймін. Өйткені, әйел затының қолынан барлық іс келеді. Балаға да, жарға да, жұмысқа да көңіл бөле алады. Тек қолдау болса болғаны. Бастысы – жары мен балаларының қолдауы. Сонымен қатар, өз бақытын байлық пен даңқтан емес, шаңырақтың бірлігі мен болашақ абыройынан іздейтін жан басқа бақыт іздемейді де. Шыдамдылық, сабырлық пен төзімділік ерлі-зайыптылар арасында болса, олардың алмайтын қамалы жоқ. Мен өзімді осындай қолдаудың аясында өмір сүрген жанмын деп ойлаймын. Сондықтан, жұмыста да, отбасында да алдамын. Ал әйелдің бақыты – сүйген жары, баласы, ағайын арасындағы татулық.
— Талай жыл бір ұжымда еңбек етіп келе жатқан сізден мақтаныш сезімін байқадым…
— Кезінде «Семей базарында» жұмыс істеген көптеген кәсіпкерлер әлі күнге дейін серіктестікті мақтанышпен еске алады. Көршілес мемлекеттен келген меймандардар да қайран қалады. Мұның барлығы – осында еңбек етіп жатқан адамдардың жемісі деп есептеймін. Мен де олардан шет қалған емеспін, Марат Серікжанұлы секілді азаматтың қоластында еңбек етіп, осындай жетістіктерге жетіп жатқанымды мақтан тұтамын!