2018 жылдан кейін
«Ертіс өңірі» №15 (855), 11 сәуір, 2018 жыл
«АҚШЫҢДЫҚ» КӘСІПКЕРЛЕР КӨМЕГІ
Көктем шығып, күн жылығанда елді әбігерге салатын су тасқыны шығысқазақстандықтарға биыл да аз зардабын тигізген жоқ. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді ғой. Қаламызда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға түрлі көмек көрсетіліп жатыр. Мұндай игілікті істен «Ақшың» корпорациясының кәсіпкерлері де шет қалмай, жерлестерімізге қиын сәтте көмек қолын созып, азық-түлік түрінде гуманитарлық көмек көрсете бастады. Кеше «Ақшың» корпорациясы кәсіпкерлерінің атынан Бобровка елді-мекенінің тұрғындарына 250 мың теңгенің азық-түлігі таратылды.
Таяуда «Ақшың» сауда орталығының кәсіпкерлерінен құралған қоғамдық кеңес су тасқынынан зардап шеккен жерлестерімізге ерікті түрде жан-жақты көмек көрсетуге үндеу жариялаған болатын. Осыған орай «Ақшың» сауда орталығының бірінші қабатында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек жинау орталығы ұйымдастырылған. Сондай-ақ, осыдан бір апта бұрын «Ақшың» корпорациясының қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударып, жиыны 500 мың теңгені «Асыл» есепшотына аударды.
— Қандай қиын жағдай түспесін, біз әрдайым бір-бірімізге қол ұшын созуға, осындай кезде өзіміздің бірлігімізді, ынтымағымызды көрсететін сәт деп ойлаймын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, біз тасқын судан зардап шегіп отырған семейліктерді далада қалдырмай, қысылтаяң шақта қолдан келгенше қолдау, көмек беруге тырысып жатырмыз. Жерлестерімізге көмек көрсету – бұл біздің азаматтық борышымыз. Сондықтан «Ақшың» корпорациясының кәсіпкерлері азық-түлік арқылы қолдау көрсетуге әзір. «Нұр Отан» партиясы Семей қалалық филиалынан су тасқынынан зардап шеккен адамдардың тізімін алып, тізім бойынша азық-түлік тараттық, — дейді «Ақшың» корпорациясы президентінің экономика жөніндегі кеңесшісі Сүлеймен Медеуов.
Зардап шеккен тұрғындарға ұн, сүт, күріш, макарон өнімдері, қант, күнбағыс майы мен картоп, сарымсақ секілді бірінші қажеттегі азық-түлік түрлері берілді. Гуманитарлық көмек алуға келген Бобровка елді-мекенінің тұрғыны, «Ақшың» сауда орталығының қызметкері Эльмира Исаеваға әріптестері үйін жөндеу үшін 100 мың теңге жинап берген.
— Комиссия мүшелері келіп үйімді тексеріп кетті. Өзім «Ақшың» корпорациясында 13 жылдан бері қызмет атқарамын. Қиын сәтте өзіміздің жалғыз емес екенімізді сезіндім. Қол-ұшын созатын мейірімді жандар бар екен. Отбасымызға қолдау көрсеткендері үшін әріптестеріме, «Ақшың» корпорациясының президенті Марат Құрманбаевқа және азық-түлікпен қамтып, көмек беріп жатқан кәсіпкерлерге алғысымды айтам. Азық-түліктен таршылық көрген жоқпыз, — дейді Эльмира Исаева.
Қазір су тасқынынан зардап шеккендерге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бобровка елді-мекені тұрғындарының қол ұшын берген кәсіпкерлерге алғыстан басқа айтары жоқ. Алдағы уақытта «Ақшың» корпорациясының кәсіпкерлері Шығыс кенті мен Затон кентінің тұрғындарына азық-түлік жеткізетін болады.
Ақмарал ОМАШ
«Дидар» №32 (17580), 17 наурыз, 2018 жыл
Жолдау жол нұсқайды
АУЫЛДЫҢ ТҰРМЫСЫН ЖАҚСАРТУҒА МҮМКІНДІК МОЛ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында экономикалық-әлеуметтік саясат, елдік мұраттармен қатар, ауылдардың тыныс-тіршілігіне де арнайы көңіл бөлінгендігі халықты ерекше қуантып отыр.
— Менің тоқталайын деп тұрғаным Жолдаудың үшінші бағыты бойынша, ауылшаруашылық кешенін дамытуға байланысты маңызды дүниелер, — дейді «Ақшың» корпорациясының президенті, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбай, ауыл, аудан, қала әкімдері есеп берді. Негізі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, атап айтқанда, ет, сүт, жұмыртқа, жүн және дәнді дақылдар, картоп былтырғы жылмен салыстырғанда біршама өскен. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру былтырғы жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға артып отыр. Бұның ішінде ет өнімдері 1,4 пайызға өскен. Қала әкімі Ермак Сәлімовтің тікелей басшылығымен қала экономикасы үлкен жетістіктерге жетті. Алайда, Үкімет тарапынан шаруа қожалықтарына, қосалқы жеке шаруашылықтарға «Сыбаға», «Құлан», тағы басқа бағдарламалар негізінде 827 млн. теңге субсидия беріліп отырғанымен, мал басының едәуір азаюы байқалады. Былтырғы жылдары қой мен ешкі басы жыл сайын азайып отырды, бұған себеп, оларды өсіруге кететін шығынның көптігі.
Облыстық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбай мысалға келтіргендей, ірі қара мен жылқы малының 4,7 пайыз бен 11,5 пайызға азаюы Ертіс, Достық, Қараөлең, Алғабас, Ақбұлақ, Айнабұлақ, Абыралы ауылының әкімдерін ойландыратын жағдай болуы тиіс. Әсіресе, ірі қара мал санының азаюы көрініс беріп отыр. Қаламыздың іргесінде орналасқан Приречное ауылдық округінде ірі қара 1527 басқа, ал жылқы басы Новобаженово ауылында 300-дей басқа азаюы түсініксіз.
— Менің ойымша, мал басының көбеюіне әсер ететін негізгі мәселелер әлі де болса дұрыс қамтылмай жатыр, — деді Марат Құрманбай, — бұл ауылшаруашылық жерлерінің тиімсіз пайдаланылуы, ауыспалы жайылымдарды дұрыс кәдеге жаратпау және мал ішетін судың тапшылығы. Алайда осы жайылымдарды суландыру бағдарламасы арқылы Знаменка ауылы әкімінің ұйымдастыруымен бес шаруа қожалығы шахталы құдықтарды 5,1 млн. теңгеге қазғызып, сорғымен су шығарып алды. Осы ақшаның 80 пайызын немесе 4 млн. теңгесін Үкімет қайтарып береді. Осындай жұмыс Озерки ауылында «Бақыт» шаруа қожалығында да жүргізілді. Енді бұл тәжірибені басқа ауылдарда да қолданған жөн.
Игерілмей жатқан суармалы жерлерді айналымға енгізу – өте өзекті мәселе. Қала әкімінің есеп беруінде айтылғандай, осы жылы 400 га суармалы жер игерілуі тиіс екен. Тек осы жерлердің игерілуін уақтылы келісімшартта көрсетілгендей орындалуын қадағалау қажет. Себебі жаңа технологиялар мен жабдықтарды айналымға қосу үшін осы 400 га жерге кететін инвестиция шамамен 500 млн. теңгені құрайды. Бұл аз қаржы емес.
Былтырғы жыл басынан бері 25 кооператив құрылып, 826 адам мүше болыпты. Енді осы ауылшаруашылық кооперативтерін көбейтіп, ауыл тұрғындарының малдарын асылдандыруға, жемшөпке Үкіметтен берілетін субсидияларды кең көлемде пайдалану керек екен. Осы мәселелер дұрыс шешілсе, ауылдардағы миграция мәселесіне де оң әсерін тигізбек.
Марат Серікжанұлының айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқару заңына сәйкес осы жылы алты ауылдық округте, атап айтқанда, Шүлбі кенті, Озерки, Приречный, Иртышский, Новобаженово, Знаменкада өз бюджеттері бекітілген. Ендігі кезекте осы бюджетке түсетін кірістердің өсу жолдарын ұйымдастыру ауыл әкімдеріне тікелей байланысты.
— Мен облыстық мәслихаттың депутаты ретінде, «Семей-Қайнар» жолының жөнделуі жөніндегі проблеманы әр жыл сайын жоғарғы орындарға айтып келемін, — деді Марат Құрманбай, — бұл жол республикалық маңызға ие, сондықтан қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Былтыр осы жолға 570 млн. теңге ақша бөлініп, Знаменка ауылынан әрі қарай 12 км жөнделді, оған қоса 60 мың шаршы метрдегі аумақты қамтитын, жол үстінде әр тұстан кездесіп қалып отыратын шұңқырлар жөнделді. Осы жолдардың жөнделуіне Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов тікелей ықпал етті.
Облыс әкімі Даниал Ахметов «Семей-Қайнар» жолын республикалық маңыздан облыстық маңызға ауыстыру жөнінде орталық ведомстволарға ұсыныс енгізді. Бұл мәселе оң шешімін тапса, облыс әкімі облыстық бюджеттен қаржы бөліп, 26 жыл жөндеу көрмеген жолдың қалған бөлігін аяқтамақшы.
Ауыл тұрғындарының өтініш, талап-арыздарына орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Шорановқа депутаттық сауал жіберіліпті. Соған орай облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясында Знаменка отбасылық дәрігерлік амбулаториясының және Абыралы ауылдық ауруханасының өз мәртебесінде қалдырылуы оң шешімін тапқан.
Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ
«Семей таңы», №28 (18787), 10 сәуір, 2018 жыл
Жазылған жайдың жаңғырығы
«АҚШЫҢДА» ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІ САҚТАЛҒАН
«Семей таңы» газеттерінің өткен сандарында жариялағанымыздай, тілші ретінде өз тарапымыздан дербес рейд өткізуді қолға алған болатынбыз. Осы аптаның сейсенбісінде халық көп топтасатын «Ақшың» корпорациясында өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын біліп қайттық.
Корпорацияның бас инженері Асхат Абдуллин төтенше жағдайлардың алын алуға әзірлік жөнінде айтып өтті.
— Сауда үйінің бас ғимараты 1600 шаршы метрді алып жатыр. Жылына екі рет өрт қауіпсіздігіне байланысты тексеруден өтеміз. Ағымдағы жылы ақпан айында аталмыш тексеру кезінде 100 пайыз әзірлігіміз жөнінде қорытынды шығарылды. Ғимараттың барлық бөлігі автоматты өрт сөндіру құрылғыларымен қамтылған. Сауда нүктелерін жалға алушы кәсіпкерлер де бейқам емес. Жуырда барлық өрт сөндіргіштерді жаңалап, бостарын қайта қуаттап қойдық, — деді Асхат Абдуллин.
— Ғимаратта, бастысынан бөлек, тысқа шығуға арналған қосымша 12 есік бар. Айналмалы кіру-шығу есігінің жанынан қосалқы есік орналастырылғанын да айта кеткен жөн. Сондай-ақ үшінші қабаттан тікелей сыртқа эвакуациялау жолы да қарастырылыпты.
Хош, сауда үйінен бөлек, халық көп шоғырланатын базар қауіпсіздігі аса маңызды.
— Базардың орта шеніне дейін өрт сөндіру көліктерінің кіре алатынына оқу-жаттығу кездерінде әрдайым көз жеткіземіз. Соған қарамастан, Шугаев көшесіндегі сауда қатарларын қайта құру жұмыстарын жүргізбекпіз, — деген бас инженер тыстағы сауда қатарларында оқыс жағдай болдырмас үшін сауда үйінің әкімшілігі тарапынан жиі рейдтер жүргізілетінін де мәлімдеді.
Корпорация ұжымының айтуынша, тәулік бойы күзет қызметкерлері жағдайды бақылауда ұстайды. Орнатылған бейнебақылау камералары да қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге септігін тигізіп отыр екен.
Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ
«Қазақстан-Семей» телеарнасы, жаңалықтар, 1 наурыз, 2018 жыл
ДОСТЫҚ – БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚ НЕГІЗІ
Бүгін — Алғыс айту күні. Елбасының 2016 жылғы 14-қаңтардағы Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1-наурыз «Алғыс айту» күні болып бекітілді. Бұл — тағдыр тәлкегімен елімізге еріксіз қоныс аударылған түрлі этностардың қасиетті қазақ жері мен қонақжай халқымызға терең тағзым белгісі. Алғыс айту күні – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Елбасының бейбітшілік пен келісім саясатының айғағы. Айтулы датаға орай, қаламыздағы Достық үйі мен осындағы түрлі ұлттық-мәдени орталық өкілдері «Ақшың» корпорациясында болып, шара ұйымдастырды. Ірі сауда орталығының басшылығы мен береке-бірлікте еңбек етіп жатқан ұжымға алғыстарын білдірді. Корпорацияның 25 жылдығымен құттықтады. Қазір сауда орнында түрлі ұлт өкілдері шаруаларын дөңгелетіп, қаланың дамуына сүбелі үлестерін қосып келді. Корпорация президенті Марат Құрманбай Достық үйі жанындағы меценаттар клубының мүшесі. Қаланың қоғамдық өміріне белсенді қатысып, түрлі мерекелік шараларды өткізуге үлкен қолдау көрсетіп келеді.
Берік КӨПБАЕВ, Достық үйінің директоры:
— Корпорацияда 3 мың кәсіпкер шаруасын дөңгелетіп отыр, Оның ішінде бірнеше ұлттың өкілдері бар. Корпорация президенті Марат Құрманбайға Достық Үйі атынан үлкен алғыс білдіреміз.
Марат ҚҰРМАНБАЙ, «АҚШЫҢ» корпорациясының президенті:
— Бір кісідей жұмыла еңбек етіп жатырмыз. Бірлік бар жерде – тірлік бар. Еліміздің болашақта қарыштап дамуы үшін ынтымақ қажет. Әлі де достығымыз жарасып, мемлекетімізді бірге гүлдендіреміз деп ойлаймын.
Дарын Сағитов, Серік Нұртазинов
«Semei» телеарнасы, жаңалықтар, 28 тамыз, 2018 жыл
«АҚШЫҢ» БАСШЫЛЫҒЫ «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫН ҚОЛДАУДА
«Ақшың» корпорациясы мектеп табалдырығын тұңғыш аттайтын 1-сынып оқушыларына қолдау көрсетті. «Мектепке жол» дәстүрлі республикалық акциясын назардан тыс қалдырмайтын корпорация президенті Марат Құрманбай биыл да белсенді ат салысуда. «Ақшың» корпорациясы жылдағы дәстүр бойынша қала мектептерімен қатар, ауылдағы балаларға да көңіл бөлуде. Корпорация оқу құралдарын Алғабас, Қараөлең, Ақбұлақ, Айнабұлақ, Абыралы ауылдық округтері мен Жоламан ауданындағы мектеп оқушыларына дайындаған. Шара барысында сыйлықтар мектеп директорларына табысталды. Әлеуметтік көмек биыл 1-ші сыныпқа баратын 74 бүлдіршінге көрсетілді. Басқосуда білім ошақтарының өкілдері корпорация президентіне алғыстарын білдіріп, мектептердің жаңа оқу жылына дайындық барысымен таныстырды. Атап өтерлігі, «Ақшың» корпорациясының 25 жылдығына орай, биыл қаламыздағы ірі сауда орталығының президенті «25 игі іс» шарасын қолға алған болатын. Оның аясында, бүгінде бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Марат ҚҰРМАНБАЙ, «Ақшың» корпорациясының президенті:
— «Рухани жаңғыру» мен «Туған жерге тағзым» бағдарламалары аясында жүзеге асырылып жатқан шаралар. Әр жылдары білім ошақтарынан түлеп ұшқан балалар көп жерде мектептеріне көмектесіп жатыр. Бұл қуантарлық іс. Сол сияқты мен де өзім оқыған 5-ші мектепке «Рухани жаңғыру» кабинетін жасап жатырмын. Бұйыртса осы қыркүйекте ашамыз деп отырмыз.
Нұрбану БОЗҒОЗИНА, Айнабұлақ жалпы негізгі білім беретін мектеп директоры:
— Жағдайы төмен отбасыларға арналған көмекті «Ақшың» корпорациясы президентінің атынан жылда алып келе жатырмыз. Көп рахметімізді айтамыз. Ауылдық жерде әрине жағдайы төмен отбасылар көп. Олардың бәрі жұмыспен қамтамасыз етілмеген. Азынаулақ малдарымен өмір сүріп жатыр. Бір үйде 3-4-тен оқушы бар. Бірінші қыркүйек күні осы «Ақшың» президентінің атынан берілген көмекті алып, балаларымыз қуанып қалады.
Гүлназ ҚАУКЕН, Серік НҰРТАЗИНОВ
«Semei» телеарнасы, жаңалықтар, 29 тамыз, 2018 жыл
САУДА ОРНЫ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫНА САҚАДАЙ САЙ
«Ақшың» корпорациясының сауда кешенінде өр-тактикалық оқу- жаттығуы өтті. Оған өрт сөндірушілер мен сауда орнының жұмысшылары қатысты. Жаттығуға 8 арнайы техника мен жеке құрамнан 40 адам жұмылдырылды.
Оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндірушілер бірден түтінге оранған жерден зардап шеккендерді көшіруге және шартты тұтануды сөндіруге кірісті. «Ақшың» корпорациясы өкілдерінің айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар қызметкерлер мен өрт сөндірушілердің өзара іс-қимылдарын реттеуге, апаттың алдын-алуға септігін тигізеді.
Асхат АБДУЛЛИН, «Ақшың» корпорациясының бас инженері:
— Мұнда қаланың өрт сөндіру қызметінің барлық техникасы шоғырланды. Бұлардың қимыл әрекеті шапшаң болды. Сауда орнында қаншама халық қызмет жасайды. Қаншама халықтың дүние-мүлкі бар. Соның бәрін сақтап қалу үшін, осындай жаттығулар керек. Өйткені өрттің алдын алу ол ең бірінші маңызды мәселе болып саналады.
Тактикалық оқу-жаттығу барысында сценарий бойынша өрт сөндіруге арналған штаттық құралдар мен автобаспалдақ пайдаланылды. Тапсырманы белгіленген уақытта орындап үлгерген жеке құрам жақсы нәтиже көрсетті.
Асхат ТӨКЕНОВ, Семей қаласы № 2 отрядтың шұғыл кезекшісі
— Мамандарымыз бен нысан қызметкерлерінің іс-қимылдарына жақсы баға беруге болады. Жұмыс ойдағыдай атқарылды. Нысан өкілі бізді қарсы алып, бірден орын алған жағдай туралы баяндап берді. Оның отқа оранғанын, электр желісінен ажыратылғандығы мен іште адамдардың қамалып қалғанын нақты жеткізді.
Оқу-жаттығу шарасы жеке құрамның сап түзуімен аяқталды. Өрт сөндіру қызметінің жетекшісі бірлесіп атқарған іс-әрекеттер үшін корпорация қызметкерлеріне алғыс білдіріп, бұндай шаралардың адам өмірі мен мүлікті сақтап қалудағы маңыздылығына тоқталды.
Гүлназ ҚАУКЕН, Самат СЕКЕНОВ, Серік НҰРТАЗИНОВ
«Егемен Қазақстан», 12 қыркүйек, 2018 жыл
АБЫРАЛЫ ӨҢІРІ 90 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТТІ
Баянауыл, Қызылтау,
Абыралы, Шыңғыстау,
Қозы Маңырақ, қой Маңырақ,
Арасы толған көп қалмақ.
Қалмақты қуып қашырдық,
Қара Ертістен өткізіп,
Алтай таудан асырдық.
Ақ Шәуліге қос тігіп,
Ауыр қол жинап алдырдық,
Қалмаққа ойран салдырдық.
Қабанбай мен Бөгенбай,
Арғын менен Найманға
Қоныс қылып қалдырдық.
Атақты Үмбетей жырау Бөгенбай батырға арнаған мадақ жырында Абыралыны да жырға қосады. Мұның өзі шежірелі, шерлі өлке Абыралы тарихының әріде жатқанын анық аңғартса керек.
27 жылдан кейін жаңғырған бағдартас
Биыл елімізде көптеген аудандар ірге көтергендеріне 90 жыл толған мерейтойларын атап өтіп жатқаны белгілі. 1928 жылы өзге де аудандармен қатар Абыралы ауданы да құрылып, Қарқаралы уезіне қарасты 9 болыстың (Темірші, Абыралы, Ақбота, Бөрілі, Дегелең, Қу, Сартау, Арқалық, Едірей) құрамына енгені, сол кездегі тұрғындар саны 51 мың адам болғаны тарихи деректерден мәлім. 1930 жылы Қу, Сартау, Арқалық және Едірей болыстары ауданнан бөлініп, Қу ауданы ұйымдастырылған-ды. 1947 жылы КСРО басшылығының құпия бұйрығымен Абыралы аумағына әскери полигон орналастырылып, ауданның 445 мың гектар жері әскерилердің қарамағына беріліп, 1949 жылы 29 тамызда тұңғыш атом бомбасы сынақтан өткізілген еді. Бәрінен де сұмдығы, 1953 жылы 12 тамызда алғашқы сутегі бомбасы жер үстінде, ауада жарылды. Жалпы, 1949-1991 жылдар аралығында Семей полигонында 470 жарылыс (оның 87-сі ауада, 26-сы жер бетінде, қалғандары жер астында) жасалыпты. Зардабы аса жойқын сутегі бомбасы жарылғаннан кейін, яғни 1954 жылы Абыралының Дегелең мен Мыржық атырабындағы шаруашылықтары Абай мен Жарма аудандарына көшіріліп, 1955 жылы 22 қаңтарда аудан таратылып, ауданның көп бөлігі Қарағанды облысының Егіндібұлақ және Қарқаралы аудандарына беріліп, аудан орталығы – Қайнар елді мекендерімен бірге Абай ауданына қосылған болатын. Арада жылжып 35 жыл өткеннен кейін, 1990 жылы 16 желтоқсанда Абыралы ауданы қайта еңсе тіктеп, 1997 жылы қайтадан жабылған еді. Бүгінде Семей қаласына қарайтын Абыралы өңірінің аудан болып құрылу тарихы қысқаша осындай.
Абыралы – ақындар мен батырлардың, ғалымдар мен өнерпаздардың елі. Әріден тартсақ, қобызға үн қосқан атақты Жанақ ақын, елдің шетін жаудан қорғаған Әлі, Шыңқожа, Қалыбай, Орал, Алтай, Майлы, Жапалақ, Олжашы батырлар, беріден қайырсақ, әйгілі әнші Әміре Қашаубаев, Бибігүл Төлегенова, алаш қайраткерлері Халел Ғаббасов, Мәнан Тұрғанбаев, тілші-ғалым Ахмеди Ысқақов, көрнекті физик Жабағы Тәкібаев, генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаев, қаржыгер Рымбек Байсейітов, ғалым Рымғали Нұрғали, арынды ақын Төлеужан Ысмайылов, Кәшаф Туғанбаев, жазушы Сапарғали Бегалин осы киелі топырақта дүние есігін ашқаны баршаға аян.
Осындай шоғырлы таланттарды тудырған Абыралы өңірінің 90 жылдық мерейтойына орай бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырылды. Мерейтойлық шаралар легі «Семей-Қайнар» тас жолында, Шаған өзенінің бойында орналасқан Абыралы өңірінің территориясы басталатын жерді анықтайтын бағдар-белгі тастың жаңартылған нұсқасының ашылу салтанатынан басталды. «Абыралы өңірі» деп латын қарпінде жазылған, алыстан менмұндалап көзге түсетін биіктігі 7 метрлік туындыны қайнарлық суретші Талғат Әлібаев жасап шығыпты. Белгі тастың бір ерекшелігі, габро тасқа 1928-1954 жылдардағы Абыралы ауданының картасы мен сол кездегі, бүгінде ұмытыла бастаған жер-су аттарының қашалып жазылғандығы. «Бұл тақтатасқа өскелең ұрпақ біліп жүрсін деп полигон зардабынан жойылып кеткен, сынақ полигоны жерінде қалып қойған ата-бабаларымыздың шұрайлы қоныстарын, жер-су, өзен-көлдердің атауларын жаздық. Кезінде қалың ел жайлаған ауылдардың орнында қазір үйінді ғана жатыр. Тақтатастағы «Ескі жол» деген жазуға назар аударсаңыздар, Тасбасқан, Тайлан, Еңбектес, Ұзынбұлақ деген елді мекен аттарын көресіздер. «Ескі жол» бұрын төте жол болған. Біздің әкелеріміз, аталарымыз осы жолмен кіре тартып, осы жолмен жүрген. Осы жолда маңдайының тері, табанының ізі қалған. Міне, Дегелең тауы. Мына жерден 60 шақырым. Жарылыстың бәрі осы тауда жүргізілген. Жалпы сол кездері Абыралы ауданының жер көлемі 1 миллион 617 мың гектар болған екен», — дейді тақтатасты жұртшылыққа таныстырған «Ақшың» корпорациясы президентінің кеңесшісі Сүлеймен Медеуов.
Шырақбек Қабылбаев – Қайнар төрінде
Биыл – қылышынан қан тамған Кеңес заманында екі мәрте Қазақ КСР-інің Ішкі істер министрі болған, қазақтан шыққан тұңғыш милиция-генералы, мемлекет және қоғам қайраткері Шырақбек Қабылбаевтың дүниеге келгеніне 110 жыл. Қайнар ауылының іргесіндегі Қарашоқы деген жерде өмір есігін ашқан болашақ министр 9 сыныптан соң Семейдегі педагогикалық техникумда алаш ардақтылары Мұхтар Әуезов пен Әбікей Сәтбаевтан дәріс алады. Алайда кейін бағытын басқа салаға бұрып, Қазақ КСР Ішкі істер ұлттық комитетінің басқармасында, Қазақ КСР Компартиясының орталық комитетінде әртүрлі жауапты қызметтер атқарып, 1954 жылы Қазақ КСР Ішкі істер министрі болып тағайындалады. Бұл қызметке келгеннен соң оған әуелі ішкі қызмет полковнигі, 1955 жылдың шілде айында генерал-майор атағы беріледі.
Абыралының 90 жылдық мерейтойы аясында тұлғаға Қайнар ауылындағы Мәдениет үйінің алдындағы Әміре Қашаубаев, Төлеужан Ысмайылов, Сапарғали Бегалин, Рымбек Байсейітовтің кеуде мүсіндері орнатылған алаңқайға бюсті қойылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына қоғам қайраткерінің көзін көріп, тәрбиесін алған үш бірдей генерал (Рүстем Қайдаров — республикалық генералдар кеңесінің төрағасы, Өмірзақ Болсамбеков — Ішкі істер органдары мен ішкі әскерлер ардагерлері кеңесінің төрағасы, Темірхан Дуабеков — Павлодар облысы бойынша Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы) қатысып, ұстаздарын тебірене еске алып, толқып тұрып естелік айтты. «Бүгін Қазақстанның 126 генералы үшін, еліміз үшін елеулі күн. Қасиетті топырақта дүниеге келіп, қылышынан қан тамған қоғамда ұлт үшін аянбай еңбек еткен қайраткер, қазақ ұлдарының арасынан шыққан генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаевтың өмір жолына мән берген адам үлкен ұлағатты байқайды. Жауапты кезеңдерде қалай шешім қабылдап, қалай әрекет етудің кесімді үлгілерін көреді. Ұлт жанашыры Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің хатшысы Жұмабай Шаяхметовтің көмекшісі болып та жұмыс істеді.
Ол уақытта саяси қызметке ұлттық кадрларды жұмысқа алу жоқтың қасы еді. 1959 жылы Теміртаудағы жұмысшылардың жаппай көтерілісі кезінде Шырақбек Қабылбаев Ішкі істер министрі қызметінде болатын. КСРО басшылығы оны жазықсыз жазғырып, қызметінен шеттетті. Нақтырақ айтсақ, Шырақбек ағамызға шүйліккен Хрущев еді. Алайда жалған жалаға мойымаған қайраткер 1967 жылы Ішкі істер министрі лауазымына қайта оралып, 12 жыл бойы абыроймен атқарады. Оны қойған Л.Брежнев болатын. Шырақбек Қабылбаев түрлі лауазымды қызметтер атқарса да өзі туып-өскен жерін, сол жердің азаматтарын үнемі қолдап-қоштап жүрді. Ұлттық өнердің жанашырына айналды. Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің домбырасын сақтап, дәстүрлі әнші Жәнібек Кәрменовті Абай ауданына барғанда көріп, әнін тыңдап, Алматыға алдырып, Қазақ КСР-і Ішкі істер министрлігі жанындағы ансамбльге қабылдатып, үш бөлмелі пәтер алып бергені сөзімізге дәлел. Бүгін Ш.Қабылбаевтың бюстінің ашылуына келіп тұрған үш генерал да сол кісінің қол астында жұмыс істедік. Тойларыңыз құтты болсын. Қасиетті Абыралы асқақтай берсін», — деді өзінің құттықтау сөзінде Рүстем Қайдаров. Реті келгенде айта кетейік, кеуде мүсіннің авторы – саржалдық мүсінші Ертіс Тәтиев.
Бес науқанды бастан кешкен өңір
Мерейтойлық шаралар бұдан әрі Қайнар ауылындағы Мәдениет үйінде «Абыралы — Сарыарқаның кіндігі» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Конференцияда Абыралы өңірінің тумалары – жазушы Медеу Сәрсеке, белгілі тарихшы-мұрағатшы Болатбек Нәсенов, академик Асқарбек Құсайынов, ақын, ғалым Бауыржан Жақып 42 жыл полигоннан қасірет шеккен аймақтың арғы-бергі тарихына үңіліп, құнды баяндамалар жасады. Тағылымды шара Абыралы өңірінің 90 жылдығын елеусіз, ескерусіз қалдырмай атап өтуге мұрындық болған, «Семей-Қайнар» тас жолына қойылған бағдар-белгі тастың және Шырақбек Қабылбаевтың кеуде мүсінінің ашылуына қаржылай қолдау көрсеткен «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының президенті, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбайдың құттықтау сөзімен ашылды. «Туған жерге туыңды тік» деп дана халқымыз бекерге айтпаған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы шынымен де толағай істерге бастама болды. Мемлекет басшысы аталған мақалада «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», — деп жазған еді. Олай болса, өткен тарихымызды танып-білуде атқарар шаруа жетерлік. Әсіресе, алдыңғы толқын біздердің өскелең ұрпаққа мирас етіп қалдырар ізіміз, үлгі-өнегеміз болуы керек. Ата-бабадан қалған мұраны қастерлеу – жастардың парызы. Биыл ата-бабаларымыздың ізі қалған атамекеніміз — Абыралы ауданының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Сонау 1928 жылы іргесі қаланған өңірдің тойы — баршамызға ортақ. Бүгінгі таңда еліміздің жер-жерінде әр ауданның, ауылдың құрылған күндері кеңінен аталып өтіп, халықтық мерекеге айналып жатыр. Қазір Абыралы ауданы жоқ болғанымен, ұрпақтар сабақтастығы бар, осы өңірдің туын көтеріп жүрген азаматтары бар. Ертеңге үмітпен қарайтын халық тіршілігін жасап, ел қатарлы өмір сүруде», деді М.Құрманбай.
Конференцияда ең бірінші болып сөз алған Медеу Сәрсеке Абыралының 1928 жылы аудан болып құрылған кездегі, кейінгі аштық, одан соңғы полигон сынағы зардаптарына кеңінен тоқталды. «Абыралы 1928 жылы аудан болып құрылған кезде 28 мың 811 адам болған екен. Одан кейін колхоздастыру болды, 32 жылғы аштық, халық жауларын іздеу науқаны басталды. Соның кесірінен 1939-1940 жылдары ауданда небары 4 мыңға жетер-жетпес адам қалған. Ол халық қайда кетті? Менің есебімше, жаяу-жалпылы Семейге, Аягөзге, Қарағандыға шұбырып, жолшыбай аштан өліп, қардың астында қалған. Солардың көп болса 5 проценті Сібір өңіріне жетіп, артынан елге қайтты. 41-де соғыс басталып, Абыралыдан 1300-ге таяу адам соғысқа кетті. Оның 830-ы соғыстан қайтпады. 1947 жылы біздің сорымызға Дегелеңге әскер келді, 1949 жылы 29 тамызда бірінші атом бомбасы жасалды. 1953 жылы сутегі бомбасы жарылды. Міне, Абыралының бастан кешкен 5 науқаны – осы», деді жазушы.
Ресей мен еліміздің қаншама мұрағаттарында қанша жылын өткізген, 28 том кітап шығарған, тек дерекпен ғана сөйлейтін тарихшы, мұрағатшы Болатбек Нәсенов «Совет заманында қазақ көп жақсылық көрген жоқ. Сондықтан мен Совет заманына дейінгі патша заманына, Абылай хан заманына кішкене шолу жасайын» деп Абыралының әрідегі тарихына үңілді. «Абылай хан заманында қазақ халқы еркін тұрған. Салық болмаған. Халық малын өсірген, өз еркімен өмір сүрген. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман деуге болады. Патша өкіметінің алғашқы 30-40 жылында халықтың тұрмысы жақсы болған.
Ал Абыралыға келсек, қазақ жеріндегі ең бай өңірдің бірі болған. Мал жағынан да, жан жағынан да. Архивтен мынадай деректерді таптым. Әуелі халық санына тоқталайын. 1838 жылы Абыралы өңіріндегі Жалықпас болысында 640, Шаншар болысында 2468, Тарақты болысында 472, Байбөрі болысында 2080, Қарауыл-Қамбар болысында 2210 түтін болған. Мал санына келсек, Қарауыл-Қамбарда жылқы 9894, сиыр 4502, қой 48 281, Тарақтыда жылқы 4256, сиыр 3141, қой 27 895, Жалықпаста жылқы 11 495, сиыр 5352, қой 82 400, Байбөріде жылқы 28 111, сиыр 9913, қой 155 841, Шаншарда жылқы 50 356, сиыр 17 868, қой 272 680 болыпты. Ал Қарқаралы уезінде жылқы 170 769, сиыр 101 776, қой 1 миллион, 548 мың, Көкшетау уезінде жылқы 188 966, сиыр 112 762, қой 307 995, Ақмола уезінде жылқы 11384, сиыр 3914, қой 31 993 болған екен. Бірақ 1856 жылдан бастап, мал саны екі-үш есеге азайған», — дейді тарихшы.
Академик Асқарбек Құсайынов конференцияда бір мәрте ашылып, екі мәрте жабылған Абыралы өңірінің халқының әлеуметтік жағдайын көтеруге байланысты Қайнар мектебін осыдан 50 жыл бұрын бітірген түлектердің айтқан ұсынысын жеткізді. «Біз аздап зерттеу жүргіздік. Бүгінгі күнде Абыралы өңіріндегі 5 ауылдық округте (Қараөлең, Абыралы, Алғабас, Ақбұлақ, Айнабұлақ) 27 мыңдай қой-ешкі, 17 мыңнан астам сиыр, 15 мыңнан астам жылқы малы бар екен. Біздің ауыл мамандарымен бірге жасаған есебіміз бойынша жоғарыда айтылған малдардан жыл бойы орта есеппен ай сайын 20 тонна сүт, 12 тонна ет, 7 тонна қымыз өндіруге болады.
Бұл — Абыралы өңірінің мүмкіндігі. Осы мүмкіндікті пайдалану үшін кішірек сүт зауыты мен шағын ет комбинаты салынуы керек. Қайнарда кішірек сүт зауыты мен шағын ет комбинаты салынатын болса, халықтың мал басын арттыруға ниеті арта түсер еді. Бұл өз кезегінде Абыралы өңірінің 5 округінде тұратын 3,5 мыңнан аса халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, жаңа инновациялық технологияларды пайдалануына, жас мамандар тартуларына, сонымен бірге Курчатов, Семей қалалары тұрғындарын арзан, экологиялық таза ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік берер еді», — дейді ғалым.
Конференция барысында Абыралы өңірінің 90 жылдығына орай жарық көрген «Атыңнан айналайын, Абыралым» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың редакторлығымен, белгілі ақын, ғалым Бауыржан Жақыптың құрастыруымен жарық көрген кітапта Абыралы атырабының арғы-бергі тарихы, көрген қасіреті, даңқты тұлғалары жайында құнды мәліметтер мол. Кітап «Абыралының ертедегі тарихы», «Абай заманындағы Абыралы», «ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Абыралы азаматтары», «Колхоздастыру кезеңіндегі зорлық-зомбылықтар. Абыралы көтерілісі», «1939-1954 жылдардағы Абыралы ауданы», «Семей полигоны. Қайнар қасіреті», «Абыралы өңірі Тәуелсіздік жылдарында», «Абыралының абзал азаматтары», «Абыралы өңірі туралы ықшамдалған энциклопедия», «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры» деп аталатын 10 бөлімнен тұрады.
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып конференцияда ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов пен Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтау хатын жиналған жұртшылыққа оқып беріп, шараны туған топырағы – Абыралы жайындағы жыр жолдарымен түйіндеді. Сонымен қатар шара соңында «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының президенті Марат Құрманбай бір топ абыралылықтарға әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығы құрметіне шығарылған мерейтойлық медалдарды табыс етті.
Конференция аяқталған соң Қайнар ауылындағы мешітте Шырақбек Қабылбаевтың және Абыралы өңірінің өмірден өткен азаматтарына қатым түсіріліп, ас берілді. Тоқсан жылдық той ауыл сыртындағы тау бөктерінде тай, құнан, ат жарысы, қой көтеру, жаяу жарыс сынды ұлттық ойындармен жалғасты.
Түйін
Көңілді бір қынжылтқаны – Абыралы өңірінің 90 жылдығына Семей мен Өскеменнің атқарушы билік өкілдерінің жөнді көңіл бөлмегендігі. Облыс орталығының атқамінерлерінен бірде-бір адамды көрмедік. Ал Семейдің әкімі мен оның орынбасары Надежда Шарова қалаға қарасты өңірдің мерейтойына неге келмегені түсініксіз. «Ұят болмасын» деді ме, әйтеуір қалалық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Есенжоловты Абыралыға жіберіпті. Десек те соған қарамастан өңірдің 90 жылдығы «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының тікелей қолдауымен және жергілікті азаматтардың жұдырықтай жұмылуының арқасында жоғары деңгейде өтті.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Семей қаласы,
Қайнар ауылы