СЕЙТҚАЗЫ Оразғали Жүнісбекұлы,
Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР білім беру ісінің үздігі, қобызшы, дирижер, композитор
БЕЛЕСТЕРДІ БАҒЫНДЫРЫП, ШЫҢҒА ШЫҚҚАН АЗАМАТ
Шырайлы шығыстағы «Ақшың» корпорациясы — барша семейліктердің мақтанышына айналған шаһардағы ең ірі сауда орталығы. Алыстан мұнарлап көз тартатын нысанға күніне бірнеше мыңдаған тұтынушы келіп, қалаған тауары мен қызмет түрін пайдаланады. Серіктестіктің қала экономикасының нығаюына қосып жатқан үлесін де айта кеткен жөн. Корпорация жұмысын оңтайлы әрі шебер ұйымдастырудың арқасында бүгінгі таңда жүздеген адам жұмыспен қамтылып, мыңдаған кәсіпкер шаруасын дөңгелетіп отыр. Табыстан табысқа жетіп, істерін ілгерілету үшін мұнда барлық жағдай қарастырылған. Қазір Семейде уақыт талабына сай жабдықталған сауда орындары жетерлік. Қай қайсысына бас сұқсаңыз да қызмет түрі жетерлік. Дегенмен, осының барлығының басында «Ақшың» тұрғанын мойындауымыз керек. Кезіндегі «Семей базары» шаһарымыздағы ең алғашқы заман талабына мойынсынған сауда орны болды. Демек, бүгінгі таңда қаптаған сауда орталықтарының көшбасшысы.
Мұның барлығы ірі корпорацияны басқарып отырған Марат Серікжанұлы Құрманбай мырзаның маңдай тері, еңбегінің жемісі. Ол заман көшінен қалмай, күнделікті орын алып жатқан өзгерістермен бірге қадам басуды жақсы меңгерген кәсіпкер. Білікті басшы, атымтай жомарт. Белестерді бағындырып, шыңға шыққан азамат. Халықтың құрметі мен ықыласына бөленген үлкен жүректі, дархан мінезді қазақ азаматы. Мәдениет пен спорт саласына ерекше жанашырлық танып жүрген меценат. Марат Құрманбай мырзаның осындай жомарттығына куә болғандардың бірі — мен. Атымтай жомарттың қаржылай қолдауымен 2010 жылы «Киелі қобыз құдіреті» атты монографиялық кітабым жарық көрді. Бүгінгі күні бұл еңбегім Алматыдағы Ұлттық консерваторияның, Астанадағы Ұлттық өнер университетінің, облыстағы барлық музыкалық училище мен колледждердің негізгі оқу құралдарының біріне айналды.
Бірлігі мен ынтымағы жарасқан еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай тер төгіп жатқан азаматтардың еңбегін дәріптеу арқылы, біз қазіргі жастар мен келер ұрпақты соларға қарап бой түзеуге шақырамыз. Осындайда үлгі болатын Марат Құрманбай сынды белді кәсіпкер, меценат, елжандылығы мен отансүйгіштігі оттан ыстық патриот мысал бола алады. Менің ойымша, көзі ашық, көкірегі ояу азамат қашан да ел сүйіспеншілігі мен халықтың ілтипатына бөлене алады. Ал, адамды көрікті де сүйкімді ететін бірден-бір дүние оның еңбегі екені сөзсіз. Марат Құрманбай осындай азамат.
Ширек ғасырын атап өтіп жатқан «Ақшың» мен оның басшысы Марат Серікжанұлын бөліп қарауға болмайтын секілді. Сондықтан, торқалы тойда елін сүйген азамат туралы ой қозғау жарасымды. Меценат тек қана кәсіпкер емес, халқы сүйген депутат екенін баршаңыз жақсы білесіздер. Қара халықтың сенімді қызметшісі. Тұрғындардың жай-жағдайын, тұрмыс-тіршілігін билікке жеткізуші болып жүрген азаматқа жүктелген міндет те зор. Күллі шығыстағы, соның ішінде Шығыс, Жоламан кенттері, Абыралы өңіріндегі қадау-қадау жақсы істердің ұйытқысы болып, қоғам байлығын арттыруға бойындағы бар күш-жігерін сарқа жұмсаған депутат халықтың шын ықыласына бөленіп жүр. Қолынан келгенше көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, дарынды жастардың жанашырына айналды. «Халық – қалпалсыз сыншы» десек, ел мен жерге аянбай тер төгіп, абыройы асқақтап жүрген белсенді азаматты депутат ретінде көргісі келетіні шындық. Бұл тағы да Марат Құрманбайдың халықты ойлап, айтқанын орындайтындығының дәлелі.
Олай болса, елінің мақтанышына айналған азаматқа мен ұзақ та баянды ғұмыр тілегім келеді. Басқарып отырған «Ақшыңы» әлі талай шыңдарды бағындырып, халық игілігі жолында қарыштап дами берсін. Жүрегі ұлтым деп соққан азаматтың алар асулары әлі көп екеніне мен шүбәсіз сенемін! Жолың болсын, шығыстың мақтанышы Марат бауырым!