ЖАҚЫПОВ Ерлан Өміржанұлы

орнамент.jpg

ЖАҚЫПОВ Ерлан Өміржанұлы,

«Ақшың» корпорациясының әкімшілік директоры

11.jpg

1982 жылы 9-қыркүйекте Абай ауданы Қызыл Ту ауылында дүниеге келген. Социалистік Қазақстан (Таңат) ауылындағы Төлеужан Ысмайылов атындағы орта мектепте оқыды.

Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «Құқықтану» және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «Әлеуметтану» мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2005 жылы облыстық «Семей таңы» газетінде тілші болып бастады. 2006 жылы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығында бөлім меңгерушісі, 2007 жылы Семей қаласы әкімінің көмекшісі болып жұмыс істеді.

2007-2016 жылдар аралығында «Семей базары» ЖШС президентінің көмекшісі, кеңесшісі болып еңбек етті.

2016 жылдан бері «Ақшың» корпорациясының әкімшілік директоры.

Жұбайы Жақыпова Айгүл – мемлекеттік қызметкер. Үш баласы бар. Ұлдары Елнұр 39 мектептің 7-сынып оқушысы, Елжан 5 гимназияда 3-сыныпта оқиды. Қызы Аружан 4 жаста.

БИЗНЕСТЕГІ ТАБЫС СЫРЫ — ІЗДЕНІС

— Ерлан Өміржанұлы, бүгінде ширек ғасырлық мерейтойын атап өтіп жатқан «Ақшың» корпорациясының тарих беттеріне қайта үңілсек…

— «Семей базары» 1993 жылы 16 ақпанда бұрынғы Семей облысында аймақ басшыларының шешімімен акционерлік қоғам болып тіркелген. Жаңа сауда орталығына сол кездегі «Семей саудасы» облыстық сауда басқармасы, мемлекеттік мүлік бойынша Семей аумақтық комитеті, Семей арақ-шарап зауыты, «Мереке» жекеменшік базары және «Олжа» атты брокерлік компаниясы құрылтайшы болған.

Нарықтық экономиканың қыр-сырын меңгеруге кіріскен іскер азамат бірден 400 орындық базар құрылысын бастайды. Сондағы кәсіпкердің мақсаты -тек қана тауар мен өнімді тұтынушыға жеткізу емес, өңірде заманауи сауда мәдениетін қалыптастыру болатын. Тағы бір маңызды мәселе – бәсекелестік орта қалыптастыру. Бәсеке болған жерде сапа болады. Осы арқылы тұтынушылар сұранысын қанағаттандыру еді.

IMG_1526 - копия.JPG

Бүгінгі таңда сауда орталығында жылқы, сиыр, қой еті бір бөлек, шошқа еті бір бөлек арнайы залдарда ток арамен бөлшектеліп, тиісті орындарға жөнелтіледі. Жақын аудандардан малын әкелгендердің ғана емес, барлық азық-түлік түрі лабораториялық сараптамадан өткізіледі.

Серіктестік басшылығы сауда орталығының ішкі-сыртқы тазалығына ерекше мән береді. Ширек ғасырда «Семей Базары» жанынан еншілес кәсіпорындар ашылды. Мысалы, «Семей Вет» ветеринарлық-санитарлық сараптау зертханасы, «Жан-Жақ» мейрамханасы, арнайы жүк сақтау орындары, өнеркәсіптік база, «Азамат» күзет агенттігі және еуропалық стандарттарға сай «Ақшың» әмбебап дәріханалар жүйесі өздерінің қызмет түрлерін тұтынушыларға ұсынып келеді. «Жан-жақ» бистро дәмханасы сынды бірнеше тамақтану орындары қызмет жасайды. «Құрманбай» шаруа қожалығы, сонымен қатар «Ақшың» тұрғын үй кешені нарықта лайықты бағасына ие болды.

SDC15000.JPG

Әу баста 400 орынға ашылған жабық базарда бүгінде 3000-ға жуық кәсіпкер еңбек етеді. Жылдан жылға қарыштап дамып, өркениет көшінен қалмаған сауда орталығында киім-кешек бутиктері де жұмыс істейді. Заманауи жабдықталған әрі ыңғайлы сауда залдары көздің жауын алады. Қабаттарды аралағанда уақыт үнемдеу және тұтынушылар игілігі үшін эскалатор жұмыс істейді. Қажетті сауда жиһаздары, интерьер, жарнама ақпараттары қалалықтар мен шаһар қонақтарының көңілінен шығады. Мұның барлығы корпорация басшылығының тұрақты ізденісі мен шетелдік тәжірибе алмасудың нәтижесі.

— Қарапайым ғана «Семей базары» болып ашылған сауда орны, алып «Ақшың» корпорациясына қайлай айналды?

— Айта кетерлігі, мен «Семей базарына» келмес бұрын, сол кездегі қала әкімі Нұрлан Срайылұлы Омаровтың көмекшісі болып жұмыс істегенмін. Марат Серікжанұлының шақыртуымен 2007 жылы осында келдім. 24-25-тегі жас маманмын. Десем де, президенттің көмекшісі ретінде алдымда көптеген міндеттер мен тапсырмалар тұрды. Соның бірі – серіктестіктің айналасына шоғырланған ірілі-ұсақты фирмалардың басын біріктіріп, үлкен компания жасақтау болатын. Жұмысқа кіріскеннен кейін, бір жылдың көлемінде осыған қатысты тиісті құжаттарды реттеп, пікірлерді ескеріп, 2008 жылы корпорация құрдық. Оған «Ақшың» деген ат бердік. Әу баста көптеген ұсыныстардың болғаны белгілі. Бірақ, Марат Серікжанұлы мен Айсұлу Ақанқызының ұйғарымымен, көпшіліктің қолдауымен осылай атадық. Оның да өзіндің сыры бар. Марат Серікжанұлының тұңғыш немерелерінің есімі Ақжан және Шыңғысхан. Осы екі есімнен құралған ат, екінші жағынан «Ақшың» деген құлаққа жағымды, асқар таумен, биіктікпен астасып жатыр. Бүгінгі таңда корпорация таңдаған бағытынан айнымай, бизнес саласындағы биіктерін бағындырып келеді. «Ақшың» аймағымызда өзіндің брендке айналды. Өңір-өңірден келетін қонақтарды былай қойғанда, көршілес мемлекеттерден шаһарымызға мейман болғандар да таңғалысын жасырмайды. Осы үшін де басы-қасында жүріп, еңбегіңнің нәтижесі болағаннан кейін шексіз қуанасың. Мұның барлығы білгір басшыға байланысты. Ширек ғасырда корпорация толағай табыстарға жетті, заман көшіне ілесіп келеді.

Әрине, жеткен жетістікпен тоқтап қалуға болмайды. Бизнес болғаннан кейін кедергі орын алады. Бірақ, оларды жеңе білу керек. Кедергі болған соң адам сүрінеді, құлайды, тек нағыз кәсіпкер ғана қайта тұра алады. Марат Серікжанұлы да қарсы келген соққыларға төзіп, өзінің ерік-жігері арқасында осындай биіктерді бағындырып отыр. Бұл кез-келген адамның бойында болатын немесе әр кәсіпкерге тән қасиет емес. Әлемге танымал боксшы Майк Тайсонның «Егер сен құлап барып тұрсаң, ол — физика емес, бұл -мінез» дейтін жақсы сөзі бар. Спортшының айтқаны көп нәрсеге жауап болатын секілді. Және көпті ойландыратын сөз.

— Өзіңізге мәлім, бүгінгі таңда сауда саласын дамыту бағытында үкімет пен тиісті ведомстволар тарапынан ауқымды шаралар қолға алынып жатыр. Бұл ең алдымен сауда мәдениетін көтеру мен Дүниежүзілік сауда ұйымы алдынадғы беделімізді арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, заман ағымына ілесу. «Ақшың» да жаңашылдықтарды игеруге мүдделі ғой?

— Қазір «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2020 жылға дейін Астана және Алматы қалаларында жаппай стационарлық сауда орындарын жасақтау туралы ұсыныс көтеріп отыр. Тиісті заң жобасы да әзірленуде. Стационарлық сауда нүктесі — жабық, барлық коммуникация жүйесі тартылған сауда орны. Бұл үрдіс 2025 жылы бүкіл өңірлерді қамтуы тиіс. Сондықтан, біз қазірден бастап осы жаңашылдыққа дайындық үстіндеміз.

Мәселен, Шугаев көшесіндегі сауда қатарларының орнына осындай жабық стационарлық павильон салдық. Бұл жерде бұған дейін 5 тонналық контейнерлер тұрған-ды. Қазір заманауи сауда орыны бой көтерді. Ішіне жылу жүйесі тартылған, жазда салқындатқыш жұмыс істейді. Бұл жобаны тәжірибе ретінде қолға алдық. Болашақта сол павильонның жанындағы маталар бөлімін де алматылық әріптестеріміздің тәжірибесіне сүйене отырып, қайта жаңғырту жұмыстарын жүргезіміз бе деген жоспарымыз бар.

Айта кетерлігі, сауда орталығы қалалық Төтенше жағдайлар және тұтынушылар құқығын қорғау (бұрынғы СЭС) басқармасымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Аталған, мекемелер жоспарлы немесе жоспардан тыс арнайы тексерулер жүргізіп тұрады. Сол кезде, олардың тараптарынан түскен ескертулерді біз міндетті түрде орындаймыз. Белгілі бір уақытта, құжат бойынша олқылықтардың орнын толтырамыз. Кешенді шаралар сауда орындарының кәсіпкерге де, тұтынушыға да ыңғайлы болуына және түрлі оқыс оқиғалардың алын-алуға мүмкіндік жасайды.

— Қазіргі уақыт — озық технологияның заманы дейміз ғой. Кез-келген кәсіпорын-мекеме әлеуметтік желілерде өздерінің жұмыстарын көрсетіп, жарнамалауды әдетке айналдырды. Жеке сайт деген де бар. Ол арқылы кез-келген адамның заңды тұлға туралы толық ақпарат алуға мүмкіндігі болуы шарт. Бұл ретте аяқ алыстарыңыз қалай?

— Өте орынды сұрақ. Бизнес – үнемі дамуды қажет ететін сала. Кәсіпкерлікті дамытатын – білім. Демек, тек қана табыс дей бермей, білімнің көзін іздеу керек. Бір жерден оқығаным бар еді: белгілі австралиялық бизнес кеңесшіден бір жас жігіт «10 мың долларым бар, қандай іс ашсам болады?» деп кеңес сұрапты. Сонда әлгі көпті көрген, тәжірибелі адам «Ақшаны білім алуға жұмса» депті. Уақыт өте, кәсіпкердің кеңесін бұлжытпай орындаған әлгі жігіт, соңында өз ісін ашып, атақты бизнесмен болған деседі. Сол секілді, өзің білім ала отырып, басқарып отырған компанияны алға сүйрейсіз. Кәсіпкерлерді ізденіс пен талпынысқа біз де шақырып отырамыз. Соның бір тармағы – инновациялық тұрғыда даму, уақытпен бірге қадам басқан жаңа технологияларды игеру. Сіз айтып отырған ғаламтор желісіндегі қыруар жұмыстар да білімділікті қажет етеді. Бүгінгі таңда корпорацияның www.akshin.kz сайты жұмыс істейді. Мұнда барлық қызмет түрлерімен қатар, серіктестік шеңберінде болып жатқан жаңалықтармен танысуға болады. Сайт әрқашан жаңару үстінде. Мұның сыртында әлеуметтік желіде өз парақшамыз бар.

Сайтқа енгізген жаңалықтарымыздың бірі — кәсіпкерлердің жеке кабинеті. Жақын болашақта ол толықтай жұмыс істейтін болады. Бұл электронды сауданың дамуымен байланысты. Демек, кез-келген тұтынушы үйден шықпай-ақ, қалаған тауарына тапсырыс бере алады деген сөз. Кәсіпкер өзінің жеке кабинетіне кіріп тауар ассортиментін, оның бағасын өзгерте алады.

Бүгінгі таңда кәсіпкерлеріміз қалалық прокуратураның мұрындық болуымен «Қамқор» деп аталатын мобильді қосымшаны белсенді пайдаланады. Онда нысанға қай уақытта тексеріс жүргізілетіндігі немесе республика, облыс, шаһар көлемінде осы бағытта қандай жұмыстар қолға алынғаны жөнінде ақпарат беріліп отырады.

IMG_1307.JPG

Бір айта кетерлігі, мамандығым әлеуметтанушы болғаннан кейін, тұрғындармен корпорацияның жұмысына қатысты сауалнама жүргіземін. Осындай кешенді іс-шаралардың қорытындысына сәйкес, көптеген мәселелерді шештік. Мысалы, осыған дейін сауда орталығының ауласындағы 150 көлік сиятын орынға кілең өзіміздің кәсіпкерлер көліктерін қойып келген. Көлік қоюға жағдай болмағаннан кейін, сауда орталығына келетін тұтынушылар саны сәйкесінше аз болған. Сауалнама арқылы осыны анықтап, мәселені дереу шешуді қолға алдық. Кәсіпкерлермен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қарапайым тұтынушының сұранысын қанағаттандырдық.

Сонымен қатар, сауалнама нәтижелері көрсеткендей, жастар мұндай сауда орталықтарында интернеттің, кофе ішетін орындардың болғанын қалайды екен. Бұл да жаңа бастамаларға ұйытқы болды. Қорытындысында, екінші қабатта фастфуд тағамдарын әзірлейтін «Food Court Akshin» кафетериін іске қостық. Оның жанынан талай жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, брендті бөлімдерге арнайы орын бердік.

IMG_1450.JPG Жалпы кез-келген сауда орны заман талабына сай болу керек. Қазір тұтынушылардың да талғамы ерекше. Олар бір жерге келіп, қалаған тауарын алып, қажетті қызмет түрлерін пайдаланғысы келеді. Мысалы, кез-келген отбасы сауда жасауға келген кезде балалардың ойнайтын, ересектердің демалып отыратын орындардың бар-жоқтығына назар аударады.

«Семей базары» құрылған алғашқы жылдары бос орындар көп болды мұнда. Қазір кәсіпкерлер кезекте тұр. Бұл – корпорацияның уақыт талабына сай жұмыс істеуінің айнасы. Демек, адал әрі әділетті жұмыс істеуге тырысамыз. Мәселен, бір сауда орны босай қалса немесе жаңадан орын ашылғанда, кезекте кім бірінші тұр, сол кәсіпкерге хабарласып, орнын тапсырып береміз.

— Кәсіпкерлердің сауда орындары үшін кезекте тұруы — сұраныстың артқандығы. Бұл қуантарлық жағдай. Кәсіпкерлер неліктен «Ақшыңға» таңдау жасайды?

— Ең бірінші – мұнда барлық жағдай қарастырылған. Мәселен, кәсіпкер басқа жерден жеке ғимарат жалдайтын болса, ол тиімсіз болар еді. Оның коммуналдық шығындарын өз мойнына алады, яғни жылуына, жарығына, суына ақша төлейді. Ғимаратты жалға алу құны бар. Егер ол кәсіпкер несие рәсімдеген болса, оның шығындарын да есептей беріңіз. Күзет қызметін қажет етсе ше? Мұндай жағдайда бизнестің алға басуы туралы дөп басып айту қиын.

BAG_7456.JPG

Ал «Ақшыңда» сауда орны ғана жалға беріледі. Кез-келген кәсіпкер ай сайын орынның шаршы метріне қарай ақшасын төлейді. Бар шығын осы ғана. Коммуналдық қызметке, күзетке және тағы басқасына басын ауыртпайды. Ғимарат іші жарық, жылы, тамақтанатын орындар бар. Саудаға қажетті барлық қызмет түрі бір жерде.

— Корпорация президентінің көмекшісі болғаннан кейін, көп ұзамай кеңесшісі болдыңыз. Сол кезде қандай ілкімді істерді атқардыңыз? 2016 жылы бүкіл сауда орталығына жауапты әкімшілік директор болып тағайындалдыңыз. Жұмыс күрделене түскен шығар?

— Кеңесші ретінде иыққа түскен жүк ауыр болды, әрине. Біртіндеп бизнес саласындағы жұмыстарға бет бұрып, таныса бастадым. Сол кездегі алғашқы тапсырмалардың бірі – сауда орталығындағы азық-түлік, жеміс-жидек саудаланатын үлкен залдың интерьерін өзгерту болды. Бұл жерде 160-тан астам кәсіпкер болған. Не керек, жұмысқа білек сыбана кірістік. Сол кездегі әкімшілік директор Берік Жүнісовпен, кәсіпкерлермен тілдесіп, кеңесіп жаңа дизайн ұсындық. Нәтижесінде, залды замануаи қалыпқа өзгерттік.

IMG_3090.JPG Әкімшілік директорлыққа ауысқаннан кейін басқарудың озық әрі тиімді үлгісін енгізуді көздедім. Осылайша құрамында кәсіпкерлер бар Қоғамдық кеңес құруды ұсындым. Өздеріңізге мәлім, сауда орталығында түрлі бөлімдер бар. Сол бөлімдерден 15-20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан кәсіпкерлерге таңдау жасап, 40 адамды іріктеп алдым. Олар кеңеске мүше болды. Жұмыс барысында қандай да бір мәселе туындаса немесе ұсыныс болса, олар сол бөлімдегі жаңағы адамға барып айтады. Ол бізге жеткізеді. Бұған дейін, сауда барысындағы келеңсіздіктерді айту үшін кабинетке 15-20 кәсіпкер бірақ келетін. Әркім өзінің мүддесін қорғап, ортақ мәмілеге келе алмайтын. Қазір осы жүйемен үш жыл болды жұмыс істеп келеміз. Өзінің тиімділігін әрі нәтижелілігін көрсетіп отыр.

Ұжым да шағын мемлекет секілді. Сондықтан, бір шаңырақтың астында, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүргенге не жетсін? Мұның сыртында әркімнің еңбегін бағалап, марапаттап отыру да кез-келген адамға үлкен қолдау болады. Яғни, күнкөрістің қамын күйттеп, тіршіліктің күйбеңінен қолы бір босамайтын, адал кәсіп, адал нәсіп тауып жүрген жандарды кеңінен насихаттау, құрмет көрсету — біздің парызымыз. Осыған орай, екі жыл болды, 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күнінде Қоғамдық кеңестегі нәзік жандыларды корпорация басшылығы мен әкімшілік тарапынан марапаттап, сыйлықтарымызды ұсынып тұрамыз. Азаматтарды да ұмытпай, оларды да төл мерекелері 7-мамырда құттықтап, құрмет көрсетеміз. Әр бөлімнің белсенділерін де естен шығармай, еңбектерін бағалап отыруды дәстүрге айналдырмақшымыз.

Сонымен қатар биыл «Ақшың» корпорациясының 25 жылдығына орай, ұжымда 50, 55, 60, 65, тіпті 75 жасқа толған мерейтой иелерін де айтулы күндерімен құттықтап, ерекше сый жасадық.

Жылда түрлі мерекелік шаралардан да шет қалмаймыз. Әз-Наурызда корпорация атынан киіз үй тігіп, ауызбіршілікпен мерекені лайықты деңгейде атап өтеміз. Қалалықтар мен шаһар қонақтарына арнайы бағдарлама әзірлеп, мол дастархан жаямыз.

Жаңа жыл қарсаңында балалар үйінің тәрбиеленушілері мен аз қамтылған отбасы балаларына арнап «Ақшың» корпорациясы президентінің шыршасы ұйымдастырылады. Жыл сайын мұнда 500 бала қатысады. Арнайы мерекелік бағдарлама қолға алынып, сый-сияпат жасаймыз. Бұған қоса, 2018 жылы әкімшілік тарапынан ұсыныс жасалып, кәсіпкерлердің балаларына да үлкен шырша мерекесін өткіздік. Бұл жұмыстарды Қоғамдық кеңестің мүшелерімен ақылдасып атқардық.

Безымянный-2.jpg Бір қуантарлығы, корпорация ұжымы елдің саяси өмірінен де қалыс қалмайды. Бұл — ұйымшылдық пен ауызбіршіліктің жемісі. Мәселен, 2015 жылғы сәуір айының 26-ында өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында кәсіпкерлер айрықша белсенділік танытты. Арнайы шараларға қатысып, Елбасы Н.Назарбаевты бірауыздан қолдайтындықтарын көрсетті. Бұл жалпы халықтың мемлекет басшысының көшбасшылық әлеуетіне сенетіндігінің тағы бір айқын дәлелі болса керек. Олай болатындығы да заңдылық. Неге десеңіздер, егемендік жылдардан бері елімізде Президентіміздің бастамасымен талай мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жүзеге асты, әр сала жаңғырумен жаңа белестерге қадам басты. Елбасы әр Жолдауында отандық экономика мен халықтың әл-ауқатын арттыруға ерекше ден қояды. Бүгінгі таңда қолға алынып, өзінің нәтижесін бере бастаған Ұлт жоспары – «100 нақты қадамның» бір өзі ғана Ұлы дала елінің көкжиегін кеңейтуде. Барлық салада тың серпіліс пайда болды. Мұндай оң өзгерістерден шағын және орта бизнес те шет қалған емес. Осының барлығын тереңінен түсінген кәсіпкерлер қауымы әрқашан Елбасымен бірге. Саналы ғұмырын елді көркейтуге арнаған асыл тұлғаға халық қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Осы ретте барша қазақстандық мемлекет басшысына деген ізгі ниетін, өз қызметін адал атқарып, тәуелсіздіктің іргесін бекіте түсу үшін маңдай терін төгіп, елге қызмет ету арқылы жеткізгені маңызды деп ойлаймыз. Көреген басшысы бар Қазақстан әлемді таңғалдыратындай әлі талай асулардан асары сөзсіз. Зерек ойлы, мол тәжірибелі көшбасшы, халықтың қалаулысы, өз ісімен әлемді мойындатқан саяси кемеңгер Елбасымызды құрметтейміз, оған үлкен сенім артамыз. Елдің дамуын, өркендеуін оның есімімен, жасампаздық ерен еңбегімен байланыстырамыз. Яғни, «Ақшың» корпорациясында еңбек етіп жатқан кәсіпкерлердің ойы осы арнада тоғысып жатыр.

Марат Серікжанұлы әр сайлау науқанында Н. Назарбаевтың қалалық сайлауалды штабы басшысының орынбасары болады. Бұл ретте де атқарар жұмыстардың маңыздылығын айта кету керек.

Марат Серікжанұлының халық қалаулысы ретінде атқарған бірқатар ілкімді істеріне тоқталсаңыз…

— Алғаш жұмысқа орналасқан жылы Марат Серікжанұлы қалалық мәслихаттың депутаттығына үміткер ретінде тіркеліп жатқан болатын. Бұл – үшінші шақырылым еді. Бұған дейін қаланың шетінде орналасқан Жоламан, екінші шақырылымда Шығыс және Водный кенттері бойынша сайлауға түскен-ді. Аталған елді-мекендердің қордаланған мәселелері көп болғандықтан үшінші шақырылымда да осы аймақтан халық мүддесін қорғауға тырысты.

Марат Серікжанұлы қалалық мәслихаттың депутаты ретінде шығыс аймақтың бірқатар елді-мекендері, соның ішінде семейліктер мен абыралылықтар үшін көп нәрсе жасап үлгерді. Талай мәселенің күрмеуін шешті. Сөзім дәлелді болуы үшін атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқтала кетейін. Мысалы, облыстық мәслихаттың депутаты Ғалымқайыр Мүтәновпен бірге Шығыс кентіндегі №47 мектептің бой көтеруіне ықпал жасады. Бұл жерге сол кезде жаппай көшіп келіп жатқан ауылдағы ағайындар қоныстанып жатқан. Білім ошағы жетіспейтін. №12 мектептің өзіне балалар сыймайтын. Халық қалаулыларының жоспарлы іс-шараларының арқасында заманауи қазақ тілінде білім беретін білім ошағы пайдалануға берілді.

Бұған қоса, №34 мектеппен де тығыз қарым-қатынаста болып, орын алған мәселелерді оң шешуге ықпал етті. Қала қоржынынан қаржы қарастырылып, білім ошағының қазандығы толықтай жөндеуден өтті. Сонымен қатар, Шығыс және Водный кентінде учаскелік полицияның отыратын арнайы орыны да болмаған еді. Қандай да бір оқиға орын алып, тәртіп сақшылары орталықтан жеткенше, талай уақыттың кететіндігі айтпаса да түсінікті. Салдарынан түрлі құқық бұзушылықтар да белең ала бастады. Бұл ретте ол жерден жаңа ғимарат тұрғызу үшін қомақты қаражат қажет болды. Құжат рәсімдеу керек. Оның шығынын бюджетке енгізуге қатысты қаншама жұмыс қажет. Халықтың мұң-мұқтажын ескерген Марат Серікжанұлы кенттегі иесіз қалған үйлердің бірін күрделі жөндеуден өткізіп, қалалық Ішкі істер басқармасына теңгеріміне өткізіп берді.

Мұның сыртында қаладан шалғай орналасқан аудандағы 16, 17-линияға қоғамдық көліктер қатынамайтын. Халық қалаулысының ықпал етуімен бұл мәселе де өз шешімін тапты.

Аталған кенттер бұрынғы саяжай алқаптарында орналасқан. Ауылдық жерлерден көшіп келген халық ол жылдары өз дегендерімен баспана салып, электр желілерін өз күштерімен тарта бастады. Салдарынан электр қуатының шектен тыс ауыртпалығын көтере алмай трансформаторлар істен шығып жатты. Нәтижесінде халық жарықсыз қалды. Осы мәселені бір жақты ету үшін де Марат Серікжанұлы көптеген істерді жүзеге асырды. Электр желісі жаңартылды, жаңа трансформаторлар орнатылды. Барлығы да ВК РЭК-тің теңгеріміне берілді.

26.02.2016 с Танат №212 изб. уч.JPG Тазалыққа қатысты да ауқымды шаралар қолға алынды. Тұрғындармен жиі кездесулер ұйымдастырылып, әр көшеге жауаптылар сайланды. Шынтуайтқа келгенде, ауланың, көшенің таза болуы әр тұрғынға байланысты ғой. Осыған қатысты көптеген түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Марат Серікжанұлы Жоламанда атқарған жұмыстарымен бөлісіп, тәжірибе алмасты. Мектеп жанындағы қоқыстарды шығаруға серіктестік тарапынан техника бөлдірді. Басқа да мекемелерді жұмылдырды. Нәтижесінде, Шығыс, Водный кенттері бұл ретте тың өзгерістерге ұшырады.

Бір сөзбен айтқанда депутат өзі сайланған округтің ғана емес, жалпы аймаққа қатысты мәселелерді жетік біледі, елге жүйелі түрде шығып тұрады. Соның арқасында қалада, шаһар сыртында, ауылдық округтердегі жағдаймен жақын таныс.

Көмекші ретінде осындай толып жатқан жұмыстардың басы-қасында жүрдім. Сайлауалды науқаны, депутат ретінде халықты жеке мәселелері бойынша қабылдау, түрлі облыстық басқармалармен жұмыс, «Нұр Отан» партиясымен тікелей байланысты іс-шаралардың құжат-қағаздарын рәсімдеумен айналыстым. Бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыста болдым. Оларда жарияланатын мақала-материалдармен жұмыс жүргіздім.

Қалалық мәслихатта үш мәрте депутат болғаннан кейін Марат Серікжанұлы 2012 жылы облыстық мәслихатқа үміткер ретінде ұсынылды. Депутаттың осыған дейін атқарған жұмыстарын паш етіп, халықтың лайықты бағасын алу міндеті тұрды алдымызда. Жауапты әрі сындарлы кезеңде Марат Серікжанұлы бұрынғы Жаңа Семей мен Абыралы аудандары бойынша сайлауға түсті. Осы кездері үміткердің сайлауалды бағдарламасын түсіндіру бойынша ауқымды жұмыстарды жүргіздік. Біз қамтыған аймақта Шүлбі кенті мен Курчатов қаласы да болды. Нәтижесінде, сайлаушылардың 98 пайыздан астамы Марат Серікжанұлының кандидатурасын қолдап, дауыс берді.

Осы кезеңдері Новобаженово, Знаменка, Қайнар ауылдары тірек ауылдары қатарына, Курчатов шағын қалашық қатарына қосылды. Осының арқасында аталған елді-мекендердегі өзекті мәселелерді шешу үшін қаржы көзі табылды.

Халық қалаулысының қайырымдылық шаралардан шет қалмайтынын жұрт жақсы біледі. Жылда 1-маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қалалық мәдениет сарайының ауласында ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылады. Депутаттың өнерге, спортқа деген қолдауы туралы басқа да азаматтар айта жатар, мен ел көлемінде қолға алынатын «Мектепке жол» акциясына тоқтала кетсем деймін. Марат Серікжанұлының қолдауымен корпорация Жоламан, Шығыс кентіндегі мектеп табалдырыған аттайтын бүлдіршіндерге жыл сайын арнайы сыйлықтарын табыс етеді. Бұл – оқуға қажетті құралдар. Бұрындары әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына деп жеке дара бөлетін. Қазір бұдан арылып келеміз, неге десеңіздер, баланың бәрі бір. «Ананың жағдайы бар, мынаның жағдайы жоқ» деп бөле-жаруға болмайды. Сондықтан біз өзімізге тиеслі мектептердің барлық бүлдіршіндерін оқу құралдарымен қамтуға тырысамыз. Мысалы, бес жылдан бері Абыралы өңірі білім ошақтарындағы 1 сынып оқушыларын осындай сыйлықтармен қуантып келеміз. Депутат Марат Құрманбайдың қатысуымен іске асырылған жобалардың барлығы балалар үшін жасалған. Қандай бір жағдай болмасын кішкентай семейлік өтініш білдірсе, «ол болмайды» деп айта алмайды. Халық қалаулысына өтініш білдірушілер өте көп. Атымтай жомарт соның бәрін ескерусіз қалмаса екен деп жүреді.

Ел сеніміне селкеу түсірмеуді азаматтық ұстанымына айналдырған ағамыздың есімін жұрт жақсы біледі. Оның облыстық мәслихаттың депутаты ретінде атқарып жүрген жұмыстары да көптің көңілінен шығады. Ең бастысы, жұрт оны уәдесінде тұратын азамат ретінде құрметтейді деп ойлаймын.

— Корпорацияның 25 жылдығына орай биыл 25 игі шараны қолға алдыңыздар. Тізбектеп жатудың қажеті бола қоймас, дегенмен кейбіріне қысқаша тоқталсаңыз.

IMG_3490.JPG

— Иә, дұрыс айтасыз. 25 жыл – ширек ғасыр. Аз уақыт емес. Мерейтойды лайықты деңгейде атап өту үшін бір жылдық жоспар құрып, өзіңіз айтып отырғандай 25 игі шараны қолға алайық деп шештік. Әу баста кешенді шара халыққа рухани азық беретін түрлі бағытты қамтыса деген ой келді. Осылайша жыл басында арнайы жоспарды бекітіп, жұмыстарды баспасөз мәслихатымен бастадық. Алғашқы қолға алған шараларымыздың бірі – Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде көшпелі кітапхана ұйымдастырдық. Шараға мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қолдау көрсетті.

Сонымен қатар, 1-наурыз — Алғыс айту күнін, 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күнін және Әз-Наурызды ерекше атап өттік. Олардың аясында зейнеткерлерге, әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы қарт аналарымызға дастархан жайып, құрмет көрсеттік.

Сәуірде кәсіпкерлер арасында бизнес-тренинг, семинар ұйымдастырдық. 7-9 мамырда ұжымдағы ер азаматтарды төл мерекелерімен құттықтап, соғыс ардагерлеріне құрмет көрсеттік. Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай тілшілер қауымын да құттықтадық.

Мұның сыртында Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына орай, Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайымен бірлесе отырып, екінші қабатта «Әрқашан ұмытылмасқа» атты көрме ұйымдастырдық. Айта кетерлігі, қазақтың классик ақыны, Абайдың шәкірті және немере інісі Шәкәрім бабамыздың мейрейтойынан бөлек, ақталғанына биыл 30 жыл толып отыр. Абай музейі ақының өмірі мен шығармашылығына байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оның тұлғасын сомдайтын деректерді зерделеп, зерттеп көпшілік назарына ұсынып келеді. Бұл — жастарға, келешек ұрпаққа керек. Көрме әр тақырыпты қамтыған 7 сөреге бөлінді. Кейбір жәдігерлер көрмеге бірінші рет қойылып, сауда орталығына келушілердің қызығушылығын тудырды. Солардың бірі – бүгінгі күнге дейін жеткен Шәкәрімнің 3 суретінің бірі — құжаттық портреті болды. Осы суреттің екі данасы сақталып келеді. Екеуінің де сыртында ақынның өз қолтаңбасы бар. Суреттер екі адамға естелік үшін жазылған көрінеді. Онда «Ұмытылмас үшін» деген сөз бар. Осы сынды бұған дейін де музей залдарынан орын тепкен құнды жәдігерлер халық назарына ұсынылды. Сауда орталығына келген тұтынушылар тек сауда жасап қана қоймай, көшпелі көрмеден үлкен рухани азық алып қайтты деп ойлаймыз.

IMG_8713.JPG

— 25 игі шараның аясында Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын №5 көпбейінді гимназияда «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды. Осыған кеңірек тоқталыңызшы.

— Бүгінде ғасырға жуық тарихы бар білім ошағы — өз заманында Семейде ашылған алғашқы қазақ мектептерінің бірі. Марат Серікжанұлы – қара шаңырақтың 1979 жылғы түлегі. Кәсіпкердің әкесі де осы мектепте білім алған. Адам қай салада еңбек етпесін, алтын ұясын ешқашан ұмытпайды деп ойлаймын. Сондықтан болар, халық қалаулысы әрқашан өзі білім алған мектепке жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ кәсіпкер осы мектепте компьютер сыныбын ашып берген болатын.

2014 жылы мектептің 90 жылдығына орай «Білімнің шежірелі ордасы» атты кітаптың жарық көруіне қаржылай қолдау көрсетті. Оның сыртында да толып жатқан игі істер бар.
Сіз айтып отырған «Рухани жаңғыру» орталығы «Менің мектебім» жобасы аясында ашылды. Өздеріңізге мәлім, корпорация басшысы «Шәкәрімтану мәселелері» сериялық ғылыми жинағының 6 кітабын және Шәкәрімнің 150 жылдық мерейтойына арналған таңдамалы «Шәкәрімтану мәселелері» арнайы жинағын толдық қаржыландырған болатын. Игілікті істің жалғасы іспетті биыл ақынның 160 жылдығына, сонымен қатар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай осындай орталық ашуды мақсат етіп, жүзеге асырды.

Орталыққа ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының шағын бюсті қойылды. Меңенаттың демеушілігімен жарық көрген ақын шығармашылығына қатысты кітаптарды осы жерден көруге болады. Мұнда Марат Құрманбайдың өмір жолы, атқарған қызметтері, алған марапаттары жайындағы деректер мен түрлі фотосуреттер топтастырылған тақта да бар. Кәсіпкердің демеушілігімен жарық көрген басқа да кітаптар оқушылар мен келушілер назарына ұсынылды. Болашақта білім ошағындағы жиындар, ашық сабақтар, мектепке келген ғалымдар мен айтулы тұлғалармен болатын кездесулер осы жерде өтпек.

IMG_8945.JPG Мұның барлығы өскелең ұрпақ осындай елжанды, отансүйгіш азаматтан үлгі алсын, оның еңбекқорлығы сабақ болсын деген ниетпен жасалып отыр. Марат Серікжанұлы осындай игі қадам арқылы Шәкәрім ақын сынды асыл тұлғаларымыздың өмірі мен шығармашылығын насихаттауды көздейді. Бұл мұраттың орындаларына да күмән жоқ. Кәсіпкердің оқушылар үшін ашып беріп отырған «Рухани жаңғыру» орталығы өскелең ұрпақтың бойында ұлттық рухтың қалыптасуына, өз елінің нағыз патриоты болуына оң ықпал етері де сөзсіз. Ұлттық рух – ұлттың өзіне тән қасиеті. Салты, дәстүрі, тілі, тәрбиесі, туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігі, ата-ана алдындағы парызы, Отан алдындағы қарызы. Мұның бәрін жас өскіннің бойына сіңіретін құрал –  тәрбие, ұлттық тәрбие. Олардың қайнар көзі – мектепте. Білім мен тәрбие бір-бірінен ажырамауы тиіс. «Тәрбиесіз алған білім – адамзаттың қас жауы» деген Әл-Фараби бабамыз. Тәрбие көзі қазақ тілді ақпаратта, кітапта. Ал рухты халықтың мұраларынан, көркем шығармалардан табамыз. Бұл ретте Елбасымыздың «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» деген ойының сөзі көп нәрсені аңғартса керек.

— Корпорация бүгінде шағын және орта бизнестің инкубаторына айналды. «Семей базары» ашылған кездегі іскер азаматтардың көбі қазір бір-бір кәсіп иесі болды. Халыққа қызмет түрін ұсынып, қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр. Солардың қатарында сіз де барсыз…

— Ең алдымен айтарым, бизнесте қандай да бір жетістігім болса, Марат Серікжанұлынан үйренгенімнің арқасы. Сол кісінің жанында жүріп, ақыл-кеңесіне құлақ түріп, іскерліктің қыр-сырын меңгеруге тырыстым. Ізденіс те бар. Ал ізденіс – бизнестегі табыстың кілті. Мен басқарып отырған сауда үйі Абыралы өңіріне қарай шығатын қара жолдың бойында. Кезінде қараусыз қалған бос ғимаратты иесінен сатып алған болатынмын. Күрделі жөндеуден өткіздім. Мемлекеттік қолдау арқылы несие рәсімдеп, қазір игілігін көріп отырмын. Сауда үйінде тұтынушылар үшін барлық жағдай қарастырылған. Күнделікті халық тұтынатын тауарлар мен азық-түлік түрлерін ұсынып отырмыз. Асханасы, караоке-бары, биллиард залы, шаштаразы уақыт талабына сай. Қазір сауда үйінде 38 кәсіпкер бар, сонымен қатар 13 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын.

Менің өмірден түйгенім, кәсіпкер болу да бір талант. Біреу кәсіпке икемді болып туады, екіншісі білім арқылы өзінен кәсіпкер жасайды. Тек ерік-жігер мен табандылық қажет. Ұлы ойшыл Мәшһүр Жүсіптің «Кедейлік үш ағайынды болады. Үлкені – кежірлік, ортаншысы – еріншектік, кенжесі – ұйқы» дегені бар. Осы үшеуін жеңе алған адам кедейліктен құтылады. Демек, жағдайы жақсарып, дәулетті болады дегені емес пе? Жалпы қазақ қоғамында кейінгі жылдары бір сілкініс болғандай. Неге десеңіз, бизнеспен айналысатындар көбейді. Демек, сол азаматтарға қолдау көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар сілтеу бізге жүктелген секілді.

Осы жерде қазіргі кәсіпкерлердің ұйымшылдығын да үлгі етіп айтуға болады. Биліктің бастамасына үнемі бір кісідей үлес қосып, халыққа қолдау көрсетіп жүреді. Мәселен, ауылдық жерлерде тұрмысы төмен отбасыларға отын-көмірін түсіріп, ас-ауқат, киім-кешек сатып алып беріп, жан-жақты көмектесуден бас тартқан емес. «Туған жерге тағзым», «Туған жеріңе туыңды тік» сынды бағдарламалардың басы-қасында тағы да кәсіпкерлер жүреді. Оның үстіне кәсіп ашып, адамдарды жұмысқа тартып, бюджетке салық төлеп тұруының өзі – туған ел мен жерге деген үлкен қолдау.

— Кәсіпкердің де кәсіпкері бар. Әлдекімді қолы ашық кәсіпкер, енді бірін тәжірибелі немесе шоқтығы биік кәсіпкер деп айтып жатады. Ерлан Жақыпов қандай кәсіпкер?

— Адам қандай кезде болмасын ізденісте болу керек. Мен толдым, мен болым деп айтуға болмайды. Уақыт бір орнында тұрмайды. Қазір тіптен жүрдек секілді. Бізді ата-анамыз «Адал еңбек қылыңдар» деп тәрбиелеген, сондықтан болар сол бағыттан айнымауға тырысамын. Сұрағыңызға жауап берер болсам, мен ізденіс үстіндегі кәсіпкер шығармын.

«…Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз…»,

деп хәкім Абай жырлағандай, бизнесте Марат Серікжанұлына ұқсағым келеді. Сол кісіні өзімше ұстаз тұтамын. Менің ойымша, күнделікті жұмыста кез келген адам туралы жақсы ойлау, олармен тілдескенде оң мәміледе болу және игілікті ісі мол адамдармен жиі араласу – жұмыстың сәтті жүруіне, сонымен қатар жан тыныштығына оң әсерін береді. Біз отбасында 9 баламыз, менен басқасының барлығы — мұғалім. Іскерлікте жүрген мен ғана. Үйренгенің мен көргенің көп болғанмен, бизнесте аса қаталдық қажет. Бірақ, сол қолымнан келмей-ақ қойды. Мінезім жұмсақтау ма деп ойлаймын, көбіне адамға жаным ашып тұрады.

— Белгілі актер, Кеңес Одағының халық әртісі Армен Джигарханяннан «Сіз өмірде не нәрсеге таңғаласыз?» деп сұрағанда «Кішкентай балалардың қылығына таңғаламын» деп жауап берген екен. Сізді таңғалдыратын не?

— «Әкенің ақ тілегін өтеу парыз, 

Мен бүгін әкемді айтып толғана­мын…»

деген жолдары бар әнді естіген сайын әкем есіме түседі. Тау тұлғалы азамат туралы баланың бұлайша толғануы – заңды нәрсе. Әкелер өмірден өткен соң, артындағы ұрпақ олардың қадірін кеш түсініп жатса да, үлгі-өнегесін, ардақты есімін еш уақытта естен шығармайды.

Әкем Өміржан Құспанұлы — Қайнар ауылының тумасы. 1965 жылдан ауыл шаруашылығы саласында зоотехник, ферма меңгерушісі, бас зоотехник, кеңшар директоры, партия ұйымының хатшысы болып сүбелі еңбек етті. Ауылдық, аудандық кеңестердің бірнеше мәрте депутаты болып сайланған адам. Ауылдық кеңес төрағасы, ауыл әкімі сияқты көптеген жауапты қызметтер атқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, Абыралы өңірі халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға аянбай тер төкті. Ауылда медпункт, бастауыш мектеп, мәдениет үйі, тігін цехын ашуға мұрындық болды. «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры құрылтайшыларының бірі. «Кішкентай ауылдың үлкен тарихы» және «Өмір өнегесі» атты кітаптардың авторы. Әкем туралы көп тағылымды дүниелерді айтуға болады. Мұны туған жері де, көзкөргендер мен ауылдағы ағайын да жақсы біледі.

Әкем 2013 жылы дүниеден озды. Сол кісі арамыздан кеткенде, жаныңда жүрген адамның бір сәтте ғана ғайып болып кеткеніне қатты таңғалған болатынмын. Кейде әкемді тағы бір көргім келетіні де бар. Жәйбірақат әңгімелескім келеді. Амал қанша, ойлайсың да қоясың.

Осы жұмысқа Марат Серікжанұлы алғаш шақырғанда бас тартқаным бар. Бірақ, әкенің ақылы, әкенің жол көрсетуімен қазір жаман болып отырған жоқпын. Қазақтың жалпы ата-анаға деген құрметі ерекше ғой. Бүкіл отбасы әкемізге бағынатынбыз. Ол кісі не дейді, сол болады. Айтқанын екі етпей орындайтынбыз. Тәртіп, тәрбие сол болды. Одан біз ешқандай опық жеген жоқпыз.

Бұл дүниеде бәрі де өткінші. Сондықтан, қамшының сабындай қысқа ғұмырда бір-біріміздің қадірімізді түсініп, сыйласып қана өмір сүргенге не жетсін! Қас қағым сәтте бәрі де өзгереді. Бүгінгі жасаған іс-әрекетіңе ертең өкінбейтіндей қадамдарды жасау керек деп ойлаймын.

— Әңгімеңізге рахмет!

орнамент.jpg

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ