БАЙУАҚОВ Омарбек Қазанғапұлы

орнамент.jpg

bayuakob.jpg

БАЙУАҚОВ Омарбек Қазанғапұлы,

Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы, «ТВК-6» телеарнасы, «Ертіс өңірі» және «Спектр» газеттерінің бас директоры

ЕЛІМ ДЕГЕН ЕРЛЕРДІҢ БІРІ

Уақыт, шіркін, бір орында тұрмайды. Жылдарды жылдар, ғасырларды ғасырлар алмастырып, адамзат көші өркендеп келеді. Жастаймыздан осы Семейде тұрып, шаһардың қалай өзгергендігін, қалай қанат жайып, қандай қиыншылықтарды өткергенін жақсы білемін. Мен қаланың халық арасында «Казкрай» аталып кеткен ауданында тұрдым. Ол кезде тек қалалық орталық аурухананың маңындағы су мұнарасы мен көк базар алыстан мұнарлап көрінетін. Халық көп жиналатын орын да сол еді. Еліміз егемендік алғаннан кейін бәрі өзгеріске ұшырады. Көптеген нысандар жеке меншікке өтті. Сол кезде сол көк базарды заман талабына сай жасақтау міндеті тұрды. Шыны керек, үлкен құрылысты көп азаматтар басқара алмады. Осы қыруар шаруа тек біздің Мараттың ғана қолынан келді. «Жас келсе іске» демекші, санаулы жылдарда сауда орны құлаш жайды. Сонымен қатар, іскер азамат тек салынып жатқан ғимараттарға ғана көңіл бөлмей, оның айналасын да жөнге келтіріп, абаттандыра бастады.

Әлі күнге есімде, көк базарға нағашыммен арбамен келетінбіз. Жолдар құм, топырақ болатын. Арбакештер жүретін. Міне, соның бәрін ретке келтірген біздің Марат. Заманауи бой көтерген нысандар, сауда орталығының ішкі тәртібі, тұтынушыларға жасалып отырған жағдай – іскерлік пен ұйымдастырушылықтың белгісі.

Осындай жауапкершілігі ауыр шаруаларды тындыра жүріп, Марат шыңдалды. Өсті, өркендеді. Ұжымды алақанға салып, ынтымағын арттырып басқару — екінің бірінің қолынан келмейді. Міне, олардың әрқайсысымен тіл табысып, етене араласып кеткен осы біздің Марат. Мұны дос ретінде мен ерекше мақтанышпен айтамын.

Корпорацияның биылғы 25 жылдығы аясында оның басшысы, досым әрі әріптесім туралы бір үзік сыр айтсам жарасымды болатын секілді. Адамды абырой өсіреді, өркендетеді. Ерік-жігер жетелейді. Ал олар қалай келеді? Бұл туралы небір ғұламалар, аузына елді қаратқан данакөздер, тәжірибесі толысқан данышпандар «Абырой – адал еңбекпен келеді» деп тұжырымдайды. Мұны оқып та жүрміз, көріп те жүрміз. Демек, «Ел үшін төккен тер текке кетпейді, ол өзіңе абырой болып оралады» деген көнөкөз қариялардың сөзі бекер болмаса керек! Бұл мағыналы сөздің өмір шындығымен астасып жатқанын дәлелдейтінін де топтап-топтап айтуға болады. Осындайға жарасымды жандардың бірі – біздің Марат.

Бұл азаматтың бойындағы тағы бір ерекше қасиеті – туған жерге, атамекенге деген сүйіспеншілігі. Қайнар, Абыралы десе бір бүйрегін бұрып, жүрегі сыздап тұрады. Өңірде бүгінге дейін атқарған әлеуметтік, мәдени-рухани бағыттағы жұмыстары қаншама?! Оны елі көріп те, біліп те отыр.

Мәселен, 2000 жылдың соңына қарай, Шығыс кентіндегі Автодром көшесі бойында жарық қуатын реттеуіш трансформаторы істен шығып қалды. Сонда депутат ретінде 6-саяжай аумағында тұратын халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, жедел түрде тұрғылықты халықпен кездесу нәтижесінде, әлгі мәселе оң шешімін тапты.

Шығыс кенті демекші мұндағы жол, осы аймақтағы №34 мектептің әбден тозығы жеткен қазандығы, аталған кенттегі құрылысы созылып кеткен №47 мектепті қатарға қосу сынды мәселелерді сол жылдары депутат өзінің басты міндеті деп санады және солардың оң шешімін тапқанша тиісті жұмыстар атқарды. Ол мұнымен де шектелмей қалалық Ішкі істер басқармасы басшылығымен тығыз жұмыс жүргізу барысында, Шығыс кентіндегі №34 орта мектепке кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция инспекторын бөлгізіп берді. Ал қыста өз қаржысымен аталған мектеп жанынан салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында хоккей кортын жасап берді. Осы секілді қара халықтың игілігі жолындағы ауыз толтырып айтарлық істерін тізбектей беруге болады.

Мен Маратпен 10 жылдай бірге депутаттық корпуста жұмыс істедім. Сол кезде ең бірінші көтерген мәселесі – Қайнардың жолы. Облыс басшыларының қай-қайсысы болса да алдына барып, айтудан жалықпайтын. Көрдіңіз бе, бұл – туған елге деген жанашырлықтың, адамдықтың белгісі. Қазір енді сең қозғалды ғой, ақырындап жол жөнге келе бастады. Бірақ, атқарылар шаруа жетерлік, әлі де түйткілді мәселелері мен оның тетіктерін табу шаралары қарастырылып жатыр. Бір жылдары Семейдің салық түсімдерін Өскемен алып қоятын халге жеткен болатынбыз. Өз табысымыз өзімізге бұйырмады. Осы өткір мәселені облыстық мәслихатта көтергендердің бірі – тағы да біздің Марат болатын. Бұл бір күнде шешілетін дүние болмады. Бірақ, Семейдің мүддесін қорғай отырып, сөзінің шындығын дәлелдей алып, Марат дегеніне жетті. Қазір бүкіл салықтық түсім қаланың өз еншісінде қалып отыр. Бұл – үлкен жеңіс! Мәслихат отырысындағы депутат Марат – өз көзқарасы мен пікірін тура айтатын және айтқанынан қайтпайтын депутат. Жалпы жол, Семейді жылумен қамтуға қатысты көптеген күрмеуі шешілмеген мәселелердің басы-қасында Марат жүретін. Соның көбі бүгінде шешімін тапты. Қайда жүрсе де өз бизнесінің мүддесі емес, халқының мүддесін қорғап жүреді.

Мен Мараттың ел алдында атқарған еңбегін бас шайқап мақтай берейін деп тұрғаным жоқ. Бұл — төккен терінің ел игілігіне айналғанын мақтау. «Мен істеді дегенше, ел істеді десеңші» дегендей, бүкіл Семей шаһары мен Абыралы өңірінің дархан жүректі дарабоздары мен біртуар азаматтары салған іздерін кімге болсын үлгі-өнеге етіп ұсынсаңыз жарасады. Мараттың келешек ұрпаққа мирас етіп қалдырғысы келетіні де осы, менің ойымша.

Мараттың мәдениет пен спортқа деген қамқорлығы ерекше. Ол туралы әңгімелеп айту үшін бір-екі сағат уақыт жетпейтіні анық.

…Ащы да болса шындық, қазір бизнес саласында жүрген көптеген қандастарымыз өзінің әл-ауқатын жақсартып алғаннан кейін, шетел асып кетеді. Мараттың мұндай қадамға баруына толықтай мүмкіндігі бар. Бірақ, ол – өз елінің баласы. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» қағидасын ұстанған азамат. Міне, осы қасиетін сезініп, марқаясың. Бұл – оның адами келбеті, ақылы мен білімінің деңгейі.

Адамның өмірі – үлкен құбылыс. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында әр пенде өмірге парызы мен қарызын арқалай келеді. Бұл өмірді босқа өткізбей, сол қоғамға өзінің мүмкіндігінше үлесін қосуға тырысады. Осыны ескеріп жүрген азаматтардың бірі – тағы да біздің Марат. Өзі басқарып отырған корпорацияның ширек ғасырлық тойында қадірлі азаматқа ұзақ өмір тілеймін. Ұрпақтары өссін, еңбегінің жемісін көрсін! Марат секілді ұлтжанды, туған жердің нағыз патриоты, адамгершілігі мол азаматтар тұрғанда қазақ елінің шығар биігі әлі де көп болады деп есептеймін!

Қандай жағдай болса да, замана қалай құбылса да, адамдық қасиетінен айнымайтын, ел-жұртын, атамекенін ұмытпай, оған қамқорлық жасап жүретін жандар көп. Шүкір, әрине. Солардың бірі – Марат досымыз. Хәкім Абайдың «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген өлең жолдары осындай азаматтарға жарасып-ақ тұр. Халық қалаулысының атқарар ісі жетерлік. Әлі талай биіктерді бағындырары сөзсіз. Ел құрметіне бөленген жанды туған жері Жоламаннан бастап, Семей жұрты, айбынды Абыралы өңірі мен шырайлы шығыс аймағының қолдайтындығы сөзсіз.

Кәсіпкер әрі меценат досымыздың халық алдында жасап отырған жұмыстары кез келген қалталы бармайтын жомарттық. Халық – Құдайдың бір аты. Олай болса, халқыңа жасаған жақсылығыңның өтеуі нұр болып төгілсін, Марат!

орнамент.jpg

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ