АҚБЕРЕГЕН Алма Семейғазықызы,
кәсіпкер
Алма Семейғазықызы 1969 жылы 12 қаңтарда Абай ауданы Саржал ауылында дүниеге келген.
1976-1986 жылдары Саржал орта мектебінде оқыды. Семейдегі Н. Крупская атындағы педагогикалық институттың 1991 жылғы түлегі.
1996 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысады.
Екі баланың анасы. Ұлы Тілек Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі, Бесқарағай ауданында Ішкі істер саласында қызмет етеді. Қызы Айдана да аталған жоғары оқу орнын тәмамдаған.
Кәсіпкер Нұрали, Іңкәр, Амирлан есімді немерелерінің сүйікті апасы.
ЕҢБЕК ЕТСЕҢ МҰРАТҚА ЖЕТЕСІҢ
Нәзік жандылар қай заманда болмасын қоғамнан ажырап қалған емес. Оны тарих беттеріндегі аналарымыздың өзінің әлеуетін, қай салада болмасын қоғам қайраткерлері ретінде мүмкіндіктері мен қабілеттерін дамытып отырғандықтарынан біле аламыз. Домалақ ана, Дарабоз ана, Ұлпан ана мен Зере және Ұлжан аналарымыз осыған дәлел бола алады. Қыз Жібек, Баян сұлу мен Еңіліктер сұлулық пен махаббат символына айналды емес пе? Бұл тізімді тоқтаусыз тізбектеп жаза беруге және болады.
Бүгінгі таңда «әйел ошақ қасынан шықпау керек» деген қағида ескіріп те қалған тәрізді. Дегенмен, қазақ қыздарының дастарханы ешқашан жиылған емес, бала тәрбиесі мен шаңырақтағы толып жатқан тұрмыстық шаруаларды тындырып-ақ тастайды. Қазақы салт пен дәстүрдің иісі әр шаңырақта бар. Бірақ, заман көшінен қалуға тағы болмайды. Айтайын дегеніміз, қазақ әйелі қазір азаматтармен бірге еңбекке араласып, өндіріс, ауыл шаруашылығы және бизнес саласында төбе көрсете бастады. «Ақшың» корпорациясында 22 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан көпке үлгілі жеке кәсіпкер Алма Ақбереген солардың бірі.
— Алма Семейғазықызы, кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?
— Толқыған тоқсаныншы жылдар сындарлы кезең болғаны тарихтан белгілі. Ол жылдар жалғыз маған емес, барлық адамдарға оңай болмады. Жұмыссыздық дендеп тұрған кез. Ауылда қысқарып қалғаннан кейін, бір мүмкіндік болар, ел қатарлы өмір сүріп кетерміз деген оймен қалаға көшіп келдік. Қолымда шиттей екі балам бар. Үлкені 2 жастан жаңа асқан, кішісі қырқынан шыққан. Шаһар деген аты болмаса, өмірі жаймашуақ ауылға жетпеді. Оның үстіне баспанамыз жоқ, ешқай жерде тіркеуде тағы жоқпыз. Сол кезде осы «Семей базарына» келіп, ертеңгі күнге деген үмітім оянды. Өзімнің бойымда да ерік-жігер, өжеттілік болды. Сауда орны жылы қабылдады.
Ана болғаннан кейін, екі баланы өсіріп-жеткізу мақсаты тұрды алдымда. Сондықтан ештеңеден аянып қалғаным жоқ. Қазір ойланып отырсам, сол қиыншылықтарды қалай еңсергенмін?! Қиын-қыстау кезде бәрімізге бас-көз болып, саудагерлерге жағдай жасап берген серіктестік басшысы Марат Құрманбай мырзаға аналық рахметімді айтқым келеді. Талай жанға жұмыс тауып беріп, талай азматтар осы жерде аяқтан тұрып кетті емес пе? Оны айтпасқа тағы болмайды.
Есте қалған бір жайт, ол кезде рэкет, алаяқтар көп болды ғой. Бірақ, сауда орнындағы күзет қызметі лайықты деңгейде жұмыс істеді. Әсіресе, әйел адамдарға үлкен қамқорлық танытты. Күзетші жігіттер күнделікті келіп, жағдайымызды сұрап, «Сіздерге ешкім тиіскен жоқ па?» деп, мәселелерімізге құлақ түріп тұратын. Осының барлығы басшылық тарапынан жасалған үлкен қолдау болды. Жұмыс барысында қиындықтар туындаса, қыз-келіншектер жиналып, Марат ағаның алдына барамыз, ол кісі ешқашан көңілімізді қалдырған емес. Мәселемізді шешіп беруге әрқашан дайын болатын. Қажет болса, сауда орнын жалға алу құнын да арзандатып беретін. Міне, осындай жақсылықтарды қалай ғана ұмытасың?
«Семей базарын» паналап, екі баламды оқыттым. Ұлым Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдады. Ақылы түрде оқыды. Ал оның өзі осы сауданың арқасы. Екі жылдан кейін қызым да оқыды. 5 жыл болды тұрмыста, ұлымның тойын былтыр жасадым. Шүкір деймін, барлығы осы еңбектің, маңдай тердің арқасы.
Бұрын жанымызда істеген әпкелеріміздің алды қазір зейнеткерлікте. Өзіміз де зейнетақы қорына ақшамызды аударып тұрамыз. Осыдан басқа не керек? Барлығы Марат Серікжанұлының арқасы деп ойлаймын. Ол кісі аналарға, әйелдер қауымына ерекше қамқорлық танытады.
— Талай қиыншылықты бастан өткердім деп отырсыз? Иыққа түскен ауыртпашылық әйел адамға оңай емес…
— Шыдамдылық, төзімділік деген ата-бабамыздан дарыған қасиет па деп ойлаймын. Мен көпбалалы отбасында дүниеге келдім, шаңырақта 8 бала болдық. Екі ұл, алты қыз. Әке-шешеміз бәрімізді ел қатарлы өсірді, оқытты. Бәрімізге бірдей тәрбие берді. «Біреудің ала жібін аттамаңдар, адал еңбек етіңдер, шыдамды болыңдар» деген сөздері әлі де жадымызда. Содан болар қиындықты еңсеруден қорыққан емеспін.
Білімім бойынша мұғаліммін. Базарда тұрғанда бірқатар ұстаздарым келіп «мұнда неге тұрсың, дипломың бар ғой. 4 пен 5-ке оқыдың, сені осылай болады деп ойламадық» деп те кеткен заман болған. Бірақ, бүгінгі күніме өкінбеймін. Бәрі «Ақшыңның» арқасы, еңбегім еленіп, өсіп, қазір жағдайым жаман емес. 20 жылдан асты халыққа сапалы сүт өнімдерін ұсынып келемін. Балаларымды жеткіздім, тәп-тәтті немерелерім бар, енді солардың қызығын қызықтасам деген арманым ғана.
… Жанымдағы кәсіпкерлермен де етене арласып кеттік. Бір-бірімізге сүйеу болып, қолдау көрсетіп тұрамыз. Сауданың қыр-сырын меңгеремін деп келген жастар болса, ақыл-кеңесімізді айтып тұрамыз. Бүгін қыруар ақша табамын деп жанталасудың қажеті жоқ, адал болсаң, Жаратқан өз рыздығын береді. Тек, ешкімді алдамай, таза жұмыс істеу керек. Мұны жанымдағы қыз-келіншектерге де жиі айтып отырамын.
— Еңбектің арқасында табыстың кілтін тапқан кәсіпкер әбден шыңдалған көрінеді. Болашақтан не күтесіз?
— Ертеңгі күннен тек жақсылық күтемін. Адамды өсіретін – адал еңбек, ащы тер. Балаларыма да осыны айтып отырамын. Мен кішкентай кезімде ауылда атқа мініп, қой да бақтым. Әкемнің машинасын да, тракторын да жүргізгенмін. Бүгінгі таңда қол жеткізген жетістіктеріме бала күндегі өжеттілігім де себепкер шығар деп ойламын кейде. Бір орында тұралап қалмау керек, болашаққа ұмтылып, алдыға мақсат қоя білу керек. Және сол мақсатты еңсеруге тырысып, аянбай тер төккенде ғана қандай да бір нәтижеге қол жеткізуге болады.
— Сізге татулық қымбат па, жоқ әлде ақша қымбат па?
— Мен ақшаға құныққан адам емеспін. Бірақ, тапқан тиынды шашау шығармай, орнымен ұстай білуді дұрыс санаймын. Ал басты байлық – татулық пен ынтымақ. Ол елдегі, отбасындағы, ұжымдағы, сонымен қатар ағайын мен достар арасындағы татулық. Қазақ халқының төбе билерінің бірі Майқы бидің «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді…» дегені осыны меңзесе керек. Татулық пен ынтамақ орнаған жерде, береке де бар, мереке де бар.
— Жиырма жылдан астам уақыт кәсіпкерлікпен айналысып, кәсіптің нәсібін көрген нәзік жандылардың бірісіз. Іскерліктің қызығын да, шыжығын да көрдіңіз.
— Талай жыл бірге еңбектеніп, кәсіптің суығы мен ыстығына бірге төзген ұжымға кез келген адам жамандық тілей қоймас. Мен де сол игілікті істің басы-қасында жүре отырып, әркімге тек жақсылық пен толағай табыстар тілеймін. Бәріміз маңдай термен отбасымызды асырап отырғанмен, ұсынған қызметіміз – халықтікі. Оларды сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтуда жауапкерішілік те жүктелген. Сол жауапкершілікті абыроймен орындап, жұмыстарында ешқандай кедергі болмаса екен деп тілеймін. Қашанда қамқоршы бола білген Марат Құрманбай мырзаға, отбасына амандық тілей отырып, «Ақшыңның» асқары биік болсын дегім келеді.
— Әңгімеңізге рахмет!